Алтай өлкесіндегі қазақ ауылының құрылғанына 80 жыл - Ресей қазақтары|19 Тамыз 2016, 17:45
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алтай өлкесіндегі қазақ ауылының құрылғанына 80 жыл

Ресей жеріндегі іргесі сөгілмеген қазақ ауылдарының бірі - Қызыл Ту. Алтай өлкесі Панкрушиха ауданы Романовский ауылдық кеңесінің құрамындағы елді мекеннің құрылғанына биыл - 80 жыл.

1930 жылдардың басындағы аштықтың салдарынан қазақтардың ішке қарай - Ресейдің Батыс Сібір өлкелеріне үдере көшкенін тарихтан білеміз. Осылайша, қазақтардың бір тобы қазіргі Панкрушиха ауданына қоныстанған. Кейіннен осы ауданда екі бірдей қазақ ауылы құрылды. Оның бірі - Қызыл Ту, екіншісі - Нацмен елді мекені.

Қос ауылдың арасы - шамамен он шақырымдай жер. Қызыл Ту 1936 жылы құрылса, екі жылдан кейін Нацмен ауылының іргетасы қаланды. Сөйтіп, Алтай өлкесіне табаны тиген қазақ отбасыларының басы қосылып, жеке-жеке шаңырақ көтерді. Өкінішке қарай, бүгінде Нацмен елді мекенінде адам тұрмайды. Тек, атауы ғана тарих бетінде қалды. Ал Қызыл Тудың әлі күнге дейін іргесі сөгілген жоқ. Түтіні түзу ұшқан ауылда 28 үй бар. Тұрғындар саны – 80 адам. Төрт түлік мал өсіріп, Жер-Анадан несібесін айырып отырған қызылтулықтар 13 тамыз күні ауылдың 80 жылдық мерейтойын атап өтті.

- Кезінде ауылда мектеп те, дәрігерлік амбула-ториялық пункт те, клуб та болған. Қазір оның бірі жоқ. Есесіне, мешітіміз бар. Алла үйі 2012 жылы ашылды. Ораза айт, Құрбан айт мейрамдарында осында жиналамыз. Ауылда өзге ұлттың өкілдері тұрмайды. Бәрі қазақ. Сондықтан қазақ тілінде қарым-қатынас жасаймыз. Салт-дәстүрді сақтауға тырысамыз. Қазақтардың құтты мекеніне айналған Қызыл Тудың тарихы тереңде жатыр, - дейді ауыл ақсақалы Айтқазы Ибраев.

Қызыл Ту - Алтай өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған ауыл. Алысқа бармай-ақ, 1980 жылы алақандай ғана қазақ ауылының Панкрушиха ауданы бойынша астық жинаудан бірінші орын алғанын айтсақ та жеткілікті. Дәл осы жылы қызылтулықтар әр гектардан 25 центнерден өнім алып, қазақтардың да егіншіліктен хабарсыз еместігін дәлелдеген.

Қызыл Ту ауылының 80 жылдық мерейтойына елді мекеннің қазіргі һәм байырғы тұрғындары тегіс жиналды. Алтай өлкесіндегі ауылдың қуанышына павлодарлықтар да ортақтасып қайтты. Павлодарлық делегацияны Қазақстан мен Ресей халықтарының арасындағы достықты одан әрі нығайту мақсатында Павлодарда құрылған «Алтайлық жерлестер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, прокуратура ардагері Дмитрий Фалеев пен Алтай өлкесінің тумасы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаев бастап барды.

- Өмірімнің мәнді де мазмұнды шақтарының біраз бөлігі осы Қызыл Туда өтті, - деп еске алады өткенді Мойылжан Қанаев.

– Панкрушиха ауданының дамуына барынша үлес қостық. Осы жердегі қазақтардың барлығы сөйтті. Аянып қалғаны жоқ. Жалпы, Қызыл Ту ауылын ұйымдастырған адам – Елемес Исекеев. Ол - қазіргі Ақсу қаласы Құркөл ауылының тумасы. Ал Нацмен елді мекенін лебяжілік Тасқара Нұрғалиев ұйымдастырған. Міне, аталған екі азаматтың осындағы қазақтарға жасаған жақсылығын, сіңірген еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес.

Мойылжан Сүлейменұлы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың, Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің қызылтулықтарға жолдаған құттықтауын оқып, жергілікті тұрғындарға сый-құрмет көрсетті.

Ауылдың торқалы тойына Панкрушиха аудандық әкімшілігінің басшысы Сергей Ткаченко арнайы қатысып, ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысып, қомақты үлес қосқан қызылтулықтарды марапаттады. Сондай-ақ, С.Ткаченко Алтай өлкелік Заң шығару жиналысының төрағасы Иван Лоордың құттықтау хатын оқып берді. Онда жергілікті қазақтардың Панкрушиха ауданының дамуына қомақты үлес қосқанын атап өткен. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Алтай өлкесі арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға күш салып жүрген Мойылжан Қанаевтың еңбегіне зор құрмет білдіретіндігін жеткізіпті.

Қызылтулықтардың қуанышына Алтай өлкелік «Қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымының төрағасы, белгілі кәсіпкер Мұрат Бекмұратовтың да ортақтасқанын атап өткен жөн.

1936 жылы Қызыл Ту ауылы құрылғанда, мұнда сегіз қазақ отбасы өмір сүрген. Дәл осы жылы елді мекенде тұратын Омаровтар әулетінде Оспан есімді бала дүниеге келді. Ол – Қызыл Туда туған алғашқы сәби. Ал биыл, елді мекеннің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қызыл Туда Мирас және Айдана есімді екі сәби дүние есігін ашты.

- Тұңғышымыздың ауыл халқы үшін маңызды жылы дүниеге келгеніне қуаныштымыз. Ұлымыздың есімі елге мәлім азамат болып өсеріне сенеміз және ұрпақ тәрбиелеу жолында қателікке бой алдырмауға тырысамыз. Барша ауылдықтарды торқалы тоймен құттықтаймыз. Қуанышымыз көп болсын, - дейді кішкентай Мирастың ата-анасы Мансұр мен Қарлығаш Әпсалықовтар.

Бұл күні ауыл тұрғындары мен қонақтарына ақ дастарқан жайылып, аста-төк ас берілді. Сондай-ақ Панкрушиха ауданының өнерпаздары өнер көрсетті. Жиналған жұртшылық павлодарлық өнерпаздардың да өнеріне тәнті болды. Атап айтқанда, көпшілік дәстүрлі әнші, Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті Дәуренбек Сләмғалидың, «Ел бірлік» вокалды тобының әндерін жылы қабылдап, Павлодар қаласындағы «Достық үйінің» жанынан құрылған бишілер тобының өнерін жоғары бағалады.

Фархат ӘМІРЕНОВ,

Ресей Федерациясы, Алтай өлкесі.

Суреттерді түсірген – автор.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер