BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Назарбаев: Қазақстан еуразиялық көлік-транзит хабының негізгі торабы саналады

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.

«Халқымыз бақуатты өмір сүріп, 2050 жылға қарай дамыған озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу деген мақсатты алдымызға қойып отырмыз. Отандық сыртқы саясат осы біздің мақсатты іске асыруға бағытталған. Біріншіден, жаһандық бастамалар арқылы мемлекетіміздің беделін, халықаралық аренадағы Қазақстанның орнын нақтылау. Бүгін Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің қорытындылары дәлел. Жыл басында Нью-Йоркте еліміздің Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығы аясында «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау», «сенім шаралары» тақырыбында арнайы отырыс өткізілді. Аталған іс-шара барысында БҰҰ ҚК төрағасының бірегей мәлімдемесі қабылданды. Бұл қауіпсіздік кеңесінің жаппай құрып-жою қаруын таратпау аясындағы сенім шараларын нығайтуға бағытталған тұңғыш саяси құжат болып табылады», - деді Назарбаев жиында.

Елбасының айтуынша, қыркүйек айында БҰҰ Бас ассамблеясының 73 сессиясы барысында Қазақстан ұсынған Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексіне қазіргі күні 70-тен астам мемлекет қол қойды.

«Аталған кодекс БҰҰ терроризммен қарсы жүйесін нығайтудағы маңызды қадам ретінде танылды. Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің бірқатар құрылымдарына төрағалық еткен кезде Орталық Азия және Ауғанстан мәселелеріне баса назар аударды. Осылайша, біздің еліміз «Әлем -ХХІ ғасыр» манифесінде жария еткен қазіргі заманның өзекті проблемаларын шешу жолдарына қатысты ұстанымын нақты, дәйекті түрде ілгерілетуін жалғастыруда. Екіншіден, бүгінде 180 миллионнан астам халқы бар Еуразия экономикалық одақ арасында өзара сауда және өндіріс көлемі жыл сайын ұлғаюда. Мамыр айында Астана экономикалық форумы барысында осы интеграциялық бірлестікпен Қытай арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Біздің еліміз осыдан 5 жыл бұрын Назарбаев Университетінде тұңғыш рет жарияланған және бүгінгі күні «Бір белдеу - Бір жол» стратегиясының құрамдас бөлігі саналатын Қазақстанның «Жібек жолы» экономикалық белдеу бағдарламасы белсенді қатысушысына айналды», - деді Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Еуропа мен Азияны жалғап жатқан Қазақстан еуразиялық көлік-транзит хабының негізгі торабы саналады.

«Соңғы жылдары осы мәселені іске асыру жолында Қазақстанда 2500 шақырымнан астам темір жол салынып, 12 шақырым автомобиль жолы қайтадан жөнделді. Осының барлығы Қытайдан, Тынық мұхитынан бері қарай келетін жүктерді Қазақстан, Ресей арқылы Еуропаға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондықтан «Бір белдеу - Бір жол», «Жаңа Жібек жолы» өз жұмысын біз арқылы жүзеге асырып жатыр. Логистикалық инфрақұрылым дамып келеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік автомобиль дәлізі іске қосылды. Ақтау порты жаңадан салынды. Қытаймен шекарада Қорғас құрғақ порты ашылды. Биыл іске қосылған Құрық порты тиімді көлік-логистикалық бағыттарды қамтамасыз етеді. Қазақстан арқылы, Каспий теңізі арқылы Бакуге, одан ары Кавказ, Түркия арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер