BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қытайдан ешқандай қауіп жоқ – Назарбаев

Фото: ixbt.com

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы жайлы айтып берді.

«Қытай мен Қазақстанның қазіргі қарым қатынасы жоғары деңгейде. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Тарих бізден басталған жоқ, бізбен аяқталмайды. Мың жылдық тарихымыз бар. Сол кезде қанша адамдар, қанша ұлттар құрылып, жоғалып, сіңіп кеткендері толып жатыр. Қазақта мақал бар ғой: «Қара қытай қаптаса, сары орыс нағашыңдай болады» деген. Оны айтып жатқандар дұрыс емес. Екі жағымен де бірдей болу керек. Мен осы жерде соны қарап отырмай, не қарап отырмын? Ешқандай жаппай бізге келіп жатқаны, қаптап жатқаны, басып жатқаны жоқ. Оның барлығы заңмен, келіссөзбен келісілген. Өндіріс салатын болса, мысалы бізде жоқ мамандар – 500 адам келеді, тізім береміз. Зауыт біткен соң, 500 адам қайтады. Ол келісілген мәселе, бір адам да қалмайды. Ал енді елдің арасында мысалы 200 млн астам қытайлық басқа елдерде тұрады, қай қалаға барсаң, чайнатаун бар. Өздері тұрып жатады. Ондай бізде ештеңе жоқ қой. Бірен-саран туысқандар болатынымыз бар, үйленетін шығар, не істейсің, ондай бұл өмірлік нәрсе ғой», - деді Назарбаев.

Елбасының айтуынша, қазір Қытай Америкадан кейінгі екінші орындағы өте мықты өркендеп өсіп бара жатқан ел. Технология мен техника жағынан бірге келе жатыр. Ешкімнен кем емес.

«Ақпараттық технологияны алатын болсақ, жасанды интеллект, компьютерлік технологиялар – барлық жағынан Қытай мемлекеті озып кетпесе, бірдей боп жатыр. Сондықтан, оларға жасап жатқан қысымның барлығы – соны ары қарай болдырмау үшін, бір жағынан сескенгеннен жасап жатыр. Сол себептен осындай көрші елмен, 2 мың шақырымдай шекарамыз бар елмен қарым-қатынас жасамасақ не боламыз? Өзбекстан, Қытай, Ресей сияқты көршілермен сауда-саттық жасамайтын амалымыз жоқ. Оны жасамасақ, біз мемлекет болмай қаламыз. Қайда барамыз біз? Батысқа шығатын жолымыз Ресей арқылы, шығысқа шығайық десек – Қытай арқылы. Олармен достық қарым-қатынас болмаса, сенім болмаса, Қазақстаннан өзімен өзі жоқ болып кетеді. Сондықтан, біз қолдан келгенше, Си Цзиньпин мырзаның «Бір белдеу – Бір жол» деген Жібек жолы деген мәселесін біз қолдап отырмыз. Біздің «Нұрлы жол» сол Жібек жолының батысқа қарай жалғасы болып саналады. Соның арқасында барлық инфрақұрылымды жасап жатырмыз», - деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде айтқан 60-қа жуық жаңа өндіріс орындарын Қазақстанда салу - жай емес екенін, бүгінгі заманға сай өндіріс болуы керек екенін айтты.

«Олардың ескісін біз алайық деп отырған жоқпыз. Содан кейін біздің жастарымыздың оқуы, қарым-қатынас Қытаймен болғаннан кейін Қытайдың тілін білу керек. Ағылшын тілінен кейін жастарға қытайдың тілін білу керек. Содан кейін, ашығынан, шынымен айтқан кезде ешқандай қауіп жоқ деп санаймын. Керісінше, біз жұмысымызды көбейтуіміз керек. Олар да бізге Қытайға келіп, жұмыс істегенге қарсы болып отырған жоқ. Сондықтан, біз қарым-қатынасты нығайтамыз, көршілік жағдайымызды әрі қарай түзей береміз. Интеграцияны жүргізе береміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер