BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 378.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 429.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Елбасы АҚШ-тың энергетика министрімен кездесті

Мемлекет басшысы кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде айтты. Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнімді қайта өңдеу ісінде инвесторлардың күш-қуаттарын арттыруы қажеттігіне назар аударды.

Қазақстан Президенті еліміздегі жасыл энергетиканы дамытуға арналған жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде әңгімелеп, Р.Перриді Төмен байытылған уран банкінің ашылуы туралы хабардар етті.

АҚШ-тың энергетика министрі кездесуге ризашылығын білдіріп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін негізгі факторларды атады.

Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға қатысты пікірлерімен бөлісті.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Президентінің биылғы 16-18 қаңтарда Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен баратыны туралы хабарлаған болатынбыз. Онда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарланды. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа барған сәтінен видео жариялады. Елбасын Дональд Трамптың өзі қарсы алып, мұны үлкен мәртебеге балады.

Ақ үйде өткен кездесуде Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнағанын айтып өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдері, АҚШ-тың энергетика министрі және «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» мемлекеттік агенттігінің президентімен кездесті. Сапар соңында Назарбаев Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бойынша БАҚ үшін брифинг өткізді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер