BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Үкімет басшысы депутаттарға бюджет қаражатының не себепті тиімсіз жұмсалғанын түсіндірді

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев депутаттарға 2017 жылы 508 млрд теңге бюджет қаражатының неліктен тиімсіз игерілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Отырыста депутат Михаил Чирков өткен жылы бюджет қаражатының белгілі бір бөлігі еліміздің экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмыс істемегенін айтып, премьер-министрге өз сауалын жолдады.

«Өткен жылы бюджет қаражатын тиімді игермеу мәселесі бойынша Үкімет бізге аталған жағдайды жөндейміз, тиісті шешім қабылдаймыз деп уәде берген. Алайда біз керісінше жағдайды көріп отырмыз. Мысалы, 2016 жылы 268 млрд теңге тиімсіз игерілсе, ал 2017 жылы ол көрсеткіш 508 млрд теңгеге жеткен. Осыған сүйене келе, аталған кемшіліктерді жою үшін Үкімет қабылдаған шешімдер өз нәтижесін берді ме? Егер тиімсіз игерілген бюджет қаражаты көрсеткіші 2 есеге өссе. Осы орайда Елбасы жүктеген бюджет қаражатын тиімді игеру тапсырмасын Үкімет қалай жүзеге асырмақ?», - деді депутат.

Үкімет басшысы Михаил Чирковтың сұрағына толық жауап беруге тырысты.

«Бұл – бүгінгі кездесуіміздегі ең маңызды сұрақ. Жыл өткен сайын аталған сауал алдымыздан шығып отыр. Сондай-ақ, бюджет қаражатын тиімді игеру -Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі. Біз есеп комитетімен жұмыс істеп жатырмыз. Парламент аясында өткен жылдары біз «бюджет қаражатын тиімді игеруді қалай түсінеміз» деген мәселені қызу талқыға салдық. Талқылаулар барысында біз бюджет қаражатын тиімді игер принципі мен аудит түсінігін енгіздік. Осылайша, мемлекеттік аудит туралы заң жобасы қабылданды. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Осы орайда премьер-министр бюджет қаражатын неліктен тиімсіз игеріліп жатқанына тоқталды.

«Ашығын айтсақ, 2016-2017 жылғы деректермен салыстырғанда, бюджет қаражатын тиімсіз игеру 2 есеге өсті. Ал мәселеге тереңінен үңілсек, 506 млрд теңгені құрайтын заң бұзушылықтардың 80%-і бұл техникалық бұзушылықтар болып саналады. Ол бухгалтеріміздің техникалық қателігінен кеткен. Яғни бұл қаржылық заң бұзушылық емес. Ол техникалық заң бұзушылық болып саналады. Ал қалғаны жүйелік себептерге байланысты. Сондықтан мемлекеттік аудит туралы заңның аясында біздің тарапымыздан бухгалтеріміздің біліктілігін көтеру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде», - деді ол.

Бақытжан Сағынтаев жоғарыда аталған екінші мәселені шешу үшін расында да тиісті жұмыстар жүргізу қажеттілігін атап өтті.

«Ал жүйелік себептерге байланысты мәселені біз шешуіміз керек. Сонымен қатар бюджет қаражатын тиімді игерудің не екенін түсіну қажет. Тиімділік дегенді қалай түсінеміз? Тиімсіз игеру деген не? Мысалы, Павлодар облысында 10 жыл бойы «Беловодкская» су құбыры салынып жатыр. Жұмысты аяғына дейін бітірген жоқпыз. Ал халықтың әлі суға қолы жеткен жоқ. Әрине, мұны бюджет қаражатын тиімсіз игерді деп санауға болады. Әлеуметтік саланы алайық. Біз 500 орындық емханаларды, 200-300 орындық аудан орталықтарында үлкен ауруханаларды саламыз. Егер жақын облыс орталығында тиісті құрал жабдықпен жабдықталған аурухана болса, аурухананы салу қажет пе? Соны ойлау керек. Менің ойымша, осындай шығындар бюджет қаражатын тиімсіз игеру болып саналады», - деді ол.

Сөз соңында Үкімет басшысы аталған мәселені шешу үшін депутаттардың көмегі қажет екенін айтты.

«Біз сіздерге, есеп комитетімен бірге аталған мәселені талқылау бойынша бір рет жиналып, бюджет қаражатын тиімді игерудің методологиясын дайындауды ұсынамыз. Егер келіссеңіздер, алдағы 3 жылдың бюджетін талқылаған кезде, біз осы сұрақтарды есепке аламыз. Осылайша, келесі жиында басқа мәселені талқыға саламыз, - деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер