BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.29 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.93
Астана:

Тоқаев заң шығару жүйесіндегі он мәселені атады 

Фото: интернеттен

ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Заң шығару процесін жетілдіру мәселелері бойынша өткен үкімет сағатында еліміздің заң шығару жүйесіндегі он мәселені атады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бүгінгі жиынның тақырыбы аса өзекті. Заң шығару процесі, шын мәнінде, одан әрі жетілдіруді талап етеді. Бұл жерде кәсіби тұрғыдан ашық талқылайтын мәселелер аз емес. Түптеп келгенде, азаматтардың әл-ауқаты мемлекеттің заң шығару жүйесінің сапасына тікелей байланысты. Елімізде қабылданып жатқан заңдардың сапасы қандай, олардың мазмұны Қазақстан азаматтарына түсінікті ме? Біз осы мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыруымыз қажет», - деді Тоқаев үкімет сағатында.

Ол заң шығару процесіне атүсті қарауды тоқтатып, бұл маңызды іске жаңаша көзқарас қалыптастыруды қажет ететінін атап өтті.

«Еліміздегі реформалардың қарқыны мен мазмұнын қамтамасыз етуге қабілетті, жаңғыртылған заңнамалық база құру – Парламент депутаттары жұмысының негізгі мақсаты. Мемлекет басшысы біздің алдымызға дәл осындай міндет қойып отыр. Парламенттің өкілеттігін күшейту жұмысы заң шығарушы тұлғалардың заң жобаларын әзірлеу және оларға бастамашылық жасау тәртібін реттеуді талап етеді», - деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, осы жерде келесідей мәселелер туындайды. Бірінші – әлі күнге дейін өзгеріссіз қалып отырған заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейінің төмендігі, ол заң шығару жұмысындағы жүйесіздікке, «шашыраңқылыққа», әбден пісіп-жетілген түйткілдердің тым кеш шешілуіне және кодификацияланған актілердің ретсіз түзетілуіне әкеліп соғады. Сондықтан, заң нормалары құқықтық ахуал жасаудың орнына, тез өзгеріп отыратын құбылмалы жағдайлардың салдары болып отыр. Парламент қабылдаған заңнамалық актілерге күшіне енген кезден бастап бір жыл ішінде басқа заңдар негізінде жүзге жуық өзгерту енгізілетін жағдайлар да кездеседі.

«Екінші мәселе. Көп жағдайларда біздің заңдарымыз экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталады. Соның салдарынан бұл заңдардың мазмұнында ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы екені бірден байқалады. Бірқатар заңдардан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Заң бір ұғымның өзін алуан түрлі мағынада түсіндіруі мүмкін. Бұл жағдай қоғамның Парламент пен Үкіметтің қызметіне деген сыни көзқарасын туғызары анық», - деп айтты Парламент Сенатының төрағасы.

Үшінші мәселе. Қазақстанның заңнамалық жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі – Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізуді құқықтық қамтамасыз ету.

«Халықаралық ұйымдармен іс-қимыл жасаудың маңызы зор екені күмәнсіз, бірақ олардың талаптары мен сұраныстары, ең алдымен, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге және Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтаждары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған заң шығару жұмысына тосқауыл болмауы тиіс. Осы процесті анағұрлым кешенді, үйлесімді және оны халықаралық қоғамдастықпен қатар өз азаматтарымызға ұғынықты ету үшін оның кезеңдері мен шарттарын құқықтық реттеу мәселесін қарауымыз қажет», - деді Тоқаев.

Төртінші мәселе. Заң шығару процесінің жеткілікті түрде ұйымдастырылмауы мен жоспарланбауының салдары Заң жобаларының ретсіз, әдетте, күнтізбелік жылдың соңғы айларында немесе сессия аяқталатын кезде ұсынылуы болып табылады. Мұндай тәжірибе заң жобаларымен жүргізілетін жұмыстың сапасына әсер етпей қоймайды.

Бесінші мәселе. Бұл – заң жобаларының тұжырымдамалық негізінің сапасы. Кейбір жағдайларда заң жобасы реттеуге тиіс негізгі мәселелер тұжырымдамаларда қамтылмай жатады. Аталған жағдай әзірлеушілердің тарапынан заң жобаларының мазмұнына байланысты, Парламент қабылдаған жағдайда оларды іске асыру тәсілдеріне қатысты айқын көзқарастың жоқ екенін көрсетеді.

«Алтыншы, заң шығару жүйесінің негізіне қатысты теңгерімді ұстанымның болмауы – ерекше талқылау мен қарастыруды қажет ететін бөлек тақырып. Мәселен, кейбір бағыттар бойынша біз қатаңдату ұстанымдарын басшылыққа алсақ, басқа салаларда босаңдық пен еркіндікке жол береміз. Осылайша, тұтастай Қазақстанның заңдары өзара ішкі қисыннан ажырап, сәйкесінше оның құқықтық бағдары заңға бағыну, заңды құрметтеу, құқық бұзушылықтарды азайту сияқты басты мүдделерден алшақтай түседі.

Оның үстіне, жыныстық қол сұқпаушылыққа қарсы, есірткі құралдарының айналымы мен мал ұрлығы және адам өліміне әкеліп соғатын жол қозғалысы ережелерін сақтамау саласындағы құқық бұзушылықтардың көбеюі оларға салынатын жазаны қатаңдатуды талап етеді. Осындай сипаттағы қылмыстар қоғам ішінде өткір пікірталастар тудыруда, сондықтан да жеңіл жаза қолдану немесе, тіптен, өзара келісім жолымен (медиация) қылмыстық жауапкершіліктен құтылу жағдайларына азаматтар тарапынан келіспеушілік білдіру – заңды құбылыс. Үкіметтің осы мәселеге айрықша мән беріп, баса назар аударуын сұраймыз», - деді спикер.

Жетінші мәселе – Заңнамалық немесе заңға тәуелді деңгейлерде регламенттеу үшін күн тәртібіне қойылатын мәселелердің аражігін ажырату. Конституцияның 61-бабының 3-тармағында заңнамалық реттеудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда. Соның салдарынан заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі туындап отыр.

Сегізінші бағыт. Заң бойынша түсіндіру жұмыстары. Мемлекет басшысы алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында жаңадан қабылданатын заңдар бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Біздің ойымызша, бұл мәселе түбегейлі жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап етеді. Мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша цифрлық технологиялар мен қалың жұртшылық арасында кеңінен таралған әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, неғұрлым белсенді және жаңа көзқарастарды ұстануы қажет. БАҚ кеңістігінде кеңінен жариялай отырып, өзекті мәселелер бойынша бейнероликтер көрсету, баспасөз-конференцияларын, диспуттар мен пікірталастар өткізу заң шығармашылығы процесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Уәкілетті органдар кез-келген жаңалықты енгізбес бұрын жергілікті халықпен, бизнес-қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», - деді Тоқаев.

Тоғызыншы. Негізгі құқық салаларын дамытудың орнықты тәсілдерін әзірлеумен айналысатын салааралық ғылыми институттардың жоқтығы шешімін таппаған мәселелердің қатарында. Мұндай институттар депутаттарға консультациялық, әдістемелік, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетер еді. Әзірге біз Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институтының көмегіне жүгінеміз.

Оныншы. Халықаралық шарттарды жасасу, олардың іске асырылуын бағалау, сондай-ақ оларды ұлттық заңнамаға енгізу барысындағы анық және айқын жүйенің болмауы да айрықша назар аударуды қажет етеді. Құқықтық мониторинг институтын одан әрі дамыту үшін жүйелі және ұйымдастырушылық сипаттағы шараларды қабылдау талап етіледі. «Мемлекеттің салауаты заңдардан басталып, заңдылықпен аяқталады» деген белгілі тұжырым заңдарды тиімділігіне қарап қабылдаудың аса қажет екенін көрсетеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер