BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сұлтанов Қаржы министрлiгiнде iске қосылған ақпараттық жүйелердi атады

Фото: 7kun.kz

Бүгiн ҚР Парламентi палаталарының бiрлескен отырысында ҚР Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов өзi басқарып отырған ведомствода жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуының негізгі мақсаттары – экономиканың және әлеуметтік әл-ауқаттың өсуінің оң қарқындарын сақтап қалу, дағдарыстан кейінгі даму үшін жағдай жасау болды. Нәтижесінде экономиканың өсуі 4%-ті құрады. ЖІӨ-нің осындай өсіміне сыртқы факторлардан басқа, өнеркәсіптің 7,1%-ке және қызмет көрсету саласының 2,7%-ке өсуі ықпал жасады. Бюджеттің кірістері 9,7 трлн теңгеге жетті. Оның 48%-і трансферттерге келеді. Бюджеттің кірістерінің әлі де болса Ұлттық Қордан тартылатын трансферттер мен шикізат секторынан тәуелділігі, салықтық әкімшілендірудегі біраз кемшіліктер туралы сіздердің айтқан ескертулеріңіз орынды», - дедi Сұлтанов.

Министрдiң айтуынша, өткен жылы қабылданған Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жолымен бизнестің тұрақты дамуына, инвестицияларды ынталандыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Биылғы жылы осы өзгерістерді іске асыру арқылы кәсіпкерлердің қызметтеріне араласпау және бизнес процестерді цифрландыру есебінен салықтарды жинауды ұлғайту жоспарлануда. Олардың көлемі үстіміздегі жылы Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 17%-ке жеткізіледі. Әрі қарай 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 25%-ке дейін көтеру шаралар қабылданатын болады.

«Нәтижесінде, бір жағынан салықтардың ішіндегі шағын және орта бизнестен түсетін кірістердің үлесі ұлғайтылады, екінші жағынан бюджеттің мұнай және басқа да шикізат секторларынан тәуелділігі төмендейді. Есепті жылы бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдай шағын және орта бизнес санының 6,4 %-ке, яғни 12 117 заңды тұлғаға (2016 жылы – 188 377, 2017 жылы – 200 494) өсуіне себеп болды», - дедi Б.Сұлтанов.

Ведомство басшысының айтуынша, биылғы жылы маңызы зор бірқатар ақпараттық жүйелер өз жұмысын бастады, кейбірі пилоттық режимде іске қосылды. Мәселен, қосымша құн салығының әкімшілендіруінің процестерін жетілдіру мақсатында «Электрондық шот-фактуралар» және импортталған тауарларды қадағалау жүйелері іске қосылды. Бұл жүйелер операциялардың айқындығын және әртүрлі схемалардың жолын кесуге ықпал жасайды. Тауарларды өткізуде 100% электрондық шот-фактуралар жазып берген салық төлеушілерге осы жылдың 1-қаңтарынан бастап ҚҚС қайтару мерзімі 30 жұмыс күніне дейін қысқарды.

«Салық төлеушілердің шағымдарын объективті түрде қарау және оларды қорғау үшін өткен жылдың екінші жарты жылдығында Қаржы министрлігінің жанында Апелляциялық комиссия өз жұмысын бастады. Жоғарыда айтылған салық-кеден бизнес-процестерін цифрландыру шаралары осы саладағы әкімшілендірудің тиімділігін арттырады деп сіздерді сендіргім келеді», - дедi Бақыт Сұлтанов.

Атап өтсек, бүгiнгi отырысқа ҚР Премьер министрi Бақытжан Сағынтаев, Конституциялық кеңес, Жоғары сот пен Орталық сайлау комиссия төрағалары, Үкiмет мүшелерi, республика президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк орган басшылары, Президент әкiмшiлiгi, Премьер-министр кеңсесiнiң қызметкерлерi мен БАҚ қатысып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер