BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сенат «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын қабылдады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Сенатының отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Табиғи монополиялар туралы» ҚР заң жобасы туралы баяндама жасады. Талқылаудан кейін сенаторлар заң жобасын қабылдады.

«Заң жобасы мына негізгі міндеттерді шешуге бағытталған: Бірінші міндет. «Табиғи монополиялар туралы» Заңның қолданыстағы редакциясы 1998 жылы қабылданған болатын. Жиырма жылдың ішінде Заңға 15 заңмен 200 астам түзетулер енгізілді. Осыған байланысты Заң жүйелілігін жоғалтты және сілтемелер саны өте көп, сондай-ақ қабылдауға ауыр. Бұдан басқа, бүгінгі күні табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу, тарифтерді қалыптастыру және бекіту рәсімдері 79 заңға тәуелді актіде бекітілген. Заң жобасында сілтеу нормаларын азайту және барлық заңға тәуелді актілерді екі базалық құжатқа біріктіру көзделеді. Олар: табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу тәртібі; олардың реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру тәртібі», - деді Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Парламенттің алтыншы шақырылымындағы үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тарту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тариф белгілеу саласындағы заңнаманы жетілдіру қажеттілігіне баса назар аударды.

«Мемлекет басшысы 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, су және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту және заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туралы атап өтті. Министрлік субъектілерді қолданылу мерзімі 5 және одан астам жылдарға арналған шекті тарифтер бойынша қызметтер көрсетуге ауыстыру шеңберінде 2015 жылдан бастап табиғи монополиялар саласына, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмысты жүргізіп келеді. Бұл табиғи монополиялар саласына 2021 жылға дейін 2,2 трлн теңге көлемінде инвестициялар, оның ішінде шамамен 1,3 трлн теңгені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына тартуға мүмкіндік берді», - деді Тимур Сүлейменов.

Ведомство басшысының айтуынша, соңғы 3 жылда 1,02 трлн теңге сомаға инвестициялар, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына – 684 млрд теңге тартылды, олардың 98 % толығымен бюджеттен тыс көздер есебінен қаржыландырылды. Одан басқа, жаңа тарифтік саясат шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарының инвестициялары белсенді түрде тартылуда.

«Соңғы 2 жылда 19,6 млрд теңге кредит қаражаты тартылды. Бұл инфрақұрылымның тозу өсімін тоқтатып қана қоймай, теріс трендті өзгертуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында табиғи монополиялар туралы заңнамаға табиғи монополиялар субъектілерін өздері көрсететін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға ынталандыруды көздейтін өзгерістер енгізуді тапсырды. Жалпы, субъектілерді және тариф белгілеуді реттеу әдістерін жетілдіру жөніндегі жұмысты Министрлік тұрақты негізде, оның ішінде халықаралық сарапшыларды тартумен жүргізуде. Осылайша, 2014 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі және Еуропа Қайта құру мен даму банкі (ЕҚҚДБ) арасында ынтымақтастық туралы келісім жасасты», - деді ол.

Министрдің мәліметінше, 2016-2017 жылдарда өткізілген ЕҚҚДБ зерттеулерінің нәтижелері, негізінде «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасы бойынша мыналарды көздейтін тариф белгілеудің жаңа ынталандыру әдісін енгізу жоспарланып отыр. Олар: Инвестицияларды тарту. Субъектілерді операциялық шығындарды төмендетуге ынталандыру. Субъектілер қызметінің тиімділігін, олар көрсететін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру.

«Табиғи монополиялар субъектілері үшін реттеліп көрсетілетін қызметтердің тиісті тиімділік, сапа және сенімділік көрсеткіштері белгіленетін болады. Мәселен, Электр энергетикасы саласында: қызметтерге қосылудан немесе техникалық шарттарды ұсынудан бас тартуға арналған шағымдар саны; ұзақ мерзімді жоспарлы және жоспардан тыс сөндірулердің орташа саны және ұзақтығы. Жылумен жабдықтау саласында: жылу энергиясы және жылу желілері өндірісі көздеріндегі технологиялық бұзушылықтардың жылдық саны; жылу беру маусымындағы жылумен жабдықтауды сөндіруді тұтынушылардың (күндердің) саны. Сумен жабдықтау саласында: 4 сағаттан астам су берудегі үзілістер саны; су құбыры желісіне берілген жалпы су көлемінде тасымалдау кезінде сумен жабдықтау жүйесіндегі су ысыраптарының үлесі», - деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, осы көрсеткіштерге қол жеткізбеу тариф деңгейіне оны төмендету арқылы әсер ететін болады. Сондай-ақ, тарифті қалыптастыру кезінде субъектінің шығындарын жыл сайын төмендетуге бағытталған тиімділік көрсеткіші қолданылады. Яғни, бекітілген тарифте шығындарды жыл сайын төмендету индексі директивті түрде берілетін болады.

«Осылайша, субъект өз шығындарын индекс шеңберінде тарылтуға мәжбүр болады. Берілген индекстен асу субъектіні шығындарға алып келеді, және керісінше шығындарды оңтайландыру субъектіге ақшалай қаражаттың үнемделген бөлігіне дербес иелік етуге мүмкіндік береді. Тариф белгілеудің жаңа ынталандырушы әдісін қолдану субъектілердің экономикалық және технологиялық дайындығы кезінде мүмкін болады», - деді Тимур Сүлейменов.

Естеріңізде болса, бүгін Сенат отырысында Жоғарғы соттың үш судьясы қызметінен босатылған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер