Пікірін аяқ астынан өзгерткен министр Нығматулиннен сөз естіп қалды - Парламент|26 Желтоқсан 2018, 12:26
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Пікірін аяқ астынан өзгерткен министр Нығматулиннен сөз естіп қалды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің заң жобалау жұмыстарына атүсті қарайтынын ашық айтты.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Ұлттық экономика министрлігі көлеңкелі экономикамен және контрафактілік тауарлармен күресу үшін аталған заң жобасының аясында тауарларды таңбалау нормасын ұсынды. Ол бойынша таңбаланатын тауарлардың тізімі болады. Оны Үкімет бекітеді.

«Бірыңғай операторды құру арқылы тауаларды таңбалайтын орталық құрылғалы отыр. Бірақ бұл жұмысты кәсіпкерлердің өздері жүргізуі қажет қой. Делдалдардың пайда болуы тауарларды таңбалаудың құнын өсіріп, бизнеске салмақ түсіреді. Бізге аталған орталықтың не үшін құрылғалы отырғанын түсіндіріңізші», - деді депутат Сәкен Өтебаев министрге.

Осы орайда Сулейменов таңбаланатын тауарлардың саны өссе, тиісті құрал-жабдық сатып алу мәселесі туындайтынын жеткізді. Оның пікірінше, оны барлық кәсіпкер сатып ала алмайды екен.

«Сондықтан қаржы министрлігі аталған мәселені бизнес өкілдерімен талқылады. Кәсіпкерлер тауарларды таңбалайтын жеке орталықтарды құруды ұсынды. Олар таңбалауға жатанын тауарларды ғана таңбалайды. Бұл нарықта тауарларды қосымша таңбалау қызметін алу үшін енгізілді», - деді ол.

Алайда ұлттық экономика министрінің жауабы Нұрлан Нығматулинге ұнаған жоқ. Оның пікірінше, аталған қызметті тауар өндірушілер мен бірыңғай оператор да жүргізе алады.

«Заңға аталған орталықтар туралы норманы енгізу арқылы тек оның түсінігін ғана енгіздіңіздер, ал оның қандай функцияларды жүргізетінін анықтамағансыздар. Сіздер делдал құруды ұсынып отырсыздар. Онымен қоса ол жеке секторға беріледі. Ол кәсіпкерлерден тек ақша жинайтын болады. Бұл тәсілді қайта қарау керек», - деді Мәжіліс төрағасы.

Осы орайда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов заңдағы аталған норма не үшін ензігілгенін түсіндірді.

«Норма тауарларға таңба жапсыруды (этикетирование) және таңбалауды бірыңғай оператор жүргізсе, орталық қажет емес. Бірақ бұл орталықтар шағын және орта бизнес өкілдеріне ерікті түрде қызмет көрсетеді. Яғни тауарларды өздері таңбалай алмайтын кәсіпкерлер үшін», - деді ол.

Бұл жауап та Нығматулиннің көңілінен шыққан жоқ.

«Сіздер Үкіметте заң жобасын дайындаған кезде оның мәніне терең үңілмейтін сияқтысыздар. Тек парламентте заң жобасы талқыланған кезде депутаттар заңға енгізілетін өзгерістерге дәлелдер келтірген сәтте, сіздер аяқ астынан көзқарастарыңызды өзгерте қоясыздар. Яғни «Формула-1» жарысындағы көліктің шинасын ауыстырған жүргізушілер сияқты. Тек осы сәтте ғана ұсынған заң жобаларыңызға терең зерттеу жасайсыздар. Бірақ заңдағы негізгі нормаларға атүсті, жүйесіз қарайтындарыңыз байқалды. Әріптестер, кешіріңіздер! Бірақ бүгін біз мұны қайта байқадық», - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар ол заңдағы олқылықтарды екінші оқылымға дейін жоюды, әрі тауарларды таңбалайтын бірыңғай орталықтарға қандай талап қойылатынын анықтауды тапсырды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер