BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Қазақфильм» сатылса, тарихимызды насихаттау мүмкіндігінен айырыламыз – Сұлтанов

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақфильм» киностудиясын жекешелендіруге қарсы шықты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Отырыста депутаттар ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдады. Депутат Қуаныш Сұлтанов мәжілісмендер Мамраев, Қарағұсова, Аронова, Ерман, Өтемісов атынан аталған сауалды оқып берді.

«Алматының ең көрікті жерлерінің бірінде орналасқан қазақ кино өнерінің қалаушыларының бірі - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының кешені жекешелендірілетін нысандардың тізіміне енгізілді. Кезінде көптеген кітапхана мен мәдениет үйі, кітап дүкені және тағы басқа әлеуметтік нысан бастапқы мақсаттарынан өзгертіліп, орасан әлеуметтік зардап шегіп, экономика түзелгеннен кейін сол тегін кеткен әлеуметтік нысандарды мемлекеттің қырғын қаржысына қайта сатып алған едік. Осы жағдайды естен шығармағанымыз абзал болар еді», - деді Қуаныш Сұлтанов.

Осы орайда ол аталған киностудияның маңыздылығына тоқталып, аталған нысанды неліктен жекешелендіруге болмайтынын түсіндірді.

«Қазақфильм» кешені біздің ұлтымыздың, руханиятымыздың дарынды өнер шеберлерінің тарихымызға алтын әріппен жазылған ұлы есімдерімен байланысты. «Қазақфильм» кешенінің өзі - қасиетті шаңырақ. Оның киностудиясын сатып алатын адам киноөндіріспен шұғылданбайтыны бесенеден белгілі. Өйткені, ол таяу арада коммерциялық пайда бере алмайды. Әйгілі «Голливудтың», тіпті бізге жақын «Мосфильмнің» дәрежесіне жетуге жылдар мен қыруар қаржы керек. Сірә, оның тұрған жері мен ғимараттары қызықтырып тұрса керек. Ал шетелдіктердің қолына тисе онда сөз жоқ, біз ұлттық кинодан, осы салада Елбасы мақаласында айтылған ұлттық код, тегімізді насихаттау мүмкіндігінен айырыламыз», - дейді ол.

Сонымен қатар депутат аталған киностудияны сатып алған азамат өз идеологиясын жүргізетінін де мәлім етті.

«Студияны сатып алған қожайын өзінің идеологиясын жүргізеді. Ол біздің жас өркен таланттарымызды өз мүддесіне орай пайдалануы мүмкін. Осы жағдайды ескере отырып, «Қазақфильм» киностудиясын жекешелендіру тізімінен шығару мүмкіндігін қарастыруды өтінеміз. Заң бойынша жауап күтеміз», - деді Қуаныш Сұлтанов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер