BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын заң мақұлданды

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Каспий маңы елдері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау үшін 25 жыл бойы келіссөздер жүргізгенін атап өтті.

«Осы жылдың 12-тамызында Каспий бестігінің тарихында маңызды күн болды. Бұл күні Ақтау қаласында мемлекет басшылары халықаралық шарт «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы» конвенцияға қол қойды. Бұл құжаттың қол қойылынуына 25 жылға созылған келіссөздер себепші болды», - деді ол.

Оның айтуынша, аталған конвенцияға қол қойылмас бұрын жоғары деңгейдегі 5 кездесу, Каспий маңы елдері сыртқы істер министрлерінің 7 отырысы, Сыртқы істер министрлері орынбасарларының деңгейіндегі арнайы жұмыс тобының 52 отырысы, әрі жағалау елдері сарапшыларының әртүрлі форматтардағы оннан аса кездесулері өткізілген.

Конвенцияны әзірлеу кезінде Каспий теңізінде қолдануға болатын халықаралық теңіз құқығының нормалары, ұлттық сарапшылардың әдістері ескерілген.

«Бұл мән мәтінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты БҰҰ ресми құжаты ретінде таратылған. Құжат бойынша уағдаластыққа қол жеткізу жолындағы Қазақстанның атқарған жұмысына және Елбасының саммиттің сәтті өтуі мен Каспий бойынша келіссөздердің бүкіл процесіндегі сындарлы ұстанымына қосқан үлесіне тараптар өте жоғары баға берді» – деді Қайрат Әбдірахманов.

Осы орайда министр аталған құжатта жағалау елдері қызметінің негізгі қағидалары бекітілгенін жеткізді.

«Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша мәселелер тараптардың айрықша құзыретіне жатады. Мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін, егемендік теңдігін құрметтеу, күш немесе күшпен қорқытуды қолданбау, өзара құрмет, ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау секілді қағидалар негізінде жүзеге асыралады. Каспий теңізінің акваториясы әртүрлі құқықтық режимдерде болатын ішкі сулар, аумақтық сулар, балық аулау аймақтары және ортақ су кеңістігі белгіленді», - деді ол.

Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда аумақтық сулардың ені 15 теңіз милінен аспайды. Ал олардың сыртқы сулары теңіздегі мемлекеттік шекаралар болып саналады.

«Биологиялық сулар балық аулауға айрықша құқықтар беретін 10 мильдік балық аулау аймақтарымен жалғасады. Балық аулау біріккен биоресурстарды қайта өндірумен пайдалануды реттеу бойынша келісілген нормалар мен ережелер қолданудың квоткалық негізінде жүзеге асырылады. Балық аулау аймақтарынан тыс жер ортақ су кеңістігі сақталады. Теңіздегі мемлекеттік шекаралардан тыс аумақтарда жағалау елдерінің тулары астында жүзіп өтетін кемелер үшін теңізде жүзу еркін болады», - деді министр.

Сонымен қатар ол Каспий теңізінің түбі мен қойнауын секторларға бөлу халықаралық құқықтық нормаларды назарға ала отырып, шекаралас және қарама-қарсы орналасқан мемлекеттердің уағдаластықтары бойынша яғни мүдделі мемлекеттердің арасындағы жеке келісімдер негізінде жүзеге асырылатынын хабарлады. Оның айтуынша, Каспийдің экологиялық жүйесі мен оның барлық компененттері жан-жақты қорғалады және сақталады.

«Теңіздегі қандай да бір қызмет түрі теңіздің қоршаған ортасы мен биологиялық ерекшеліктеріне зақым келтірмеуі тиіс. Конвенцияны тұрақты орындау барысында тұрақты бесжақты арнайы консультациялар тетігі болып саналатын Каспий маңы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары уәкілетті өкілдері деңгейінде Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобы құрылуда. Бұл конвенция сипатына қарай мерсімсіз ратификациялауға жатады және Қазақстан Республикасы бесінші ратификациялық грамотаны алғаннан күннен бастап күшіне енеді», - деді Қайрат Әбдірахманов.

Сөз соңында министр Каспий маңы мемлекеттерінің барлығы конвенцияны ратификациялауына қажетті мемлекеттік рәсімдерін орындауды бастағанын атап өтті. Сонымен қатар ол конвенция күшіне енгеннен кейін БҰҰ жарғысының 102-бабына сәйкес БҰҰ Хатшылығында тіркелетінін жеткізді. Аталған заң жобасын депутаттар мақұлдады.

Айта кетейік, осыған дейін Мәжіліс төрағасы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовты сынға алғанын, Арменияның үкімет басшысына қатысты заң жобасы мақұлданғанын хабарлағанбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер