BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Президентке Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаруға мүмкіндік беретін заң жобасы мақұлданды

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Парламенті Сенатының отырысында «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңының жобасы қабылданды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аталған құжатты депутаттарға Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырды.

«Заң жобасы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесiн, құзыретін және қызметінің ұйымдастырылуын айқындайды. Осылайша, заң жобасымен Қауіпсіздік Кеңесін үйлестіруші конституциялық орган ретінде тану ұсынылады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, заң жобасы 3 тараудан тұрады.

«Бiрiншi тарау, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң құқықтық мәртебесiн, қызметiнiң негiздерiн, мiндеттерi мен функцияларын айқындайды. Қауіпсіздік Кеңесінің міндеттеріне: елдің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетілігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясаттың бағыттарын қарау; сол бағыттар бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру жатады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қауіпсіздік кеңесі төрағасының шешімдеріне сәйкес басқа да міндеттер қарастырылады», - деді басшы.

Кейін Марат Бекетаев заңның екінші тарауы Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын, оның төрағасы мен мүшелерінің өкілеттігін, оның қызметін айқындайтынын жеткізді.

«Атап айтқанда, келесі өкілеттіктерді бекіту ұсынылады: Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін басқаруды жүзеге асыру; оның отырыстары мен жедел кеңестерін шақыру; Қауіпсіздік Кеңесі туралы ережені бекіту; заңнамада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру. Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына бағынатын және есеп беретін Қауіпсіздік кеңесінің аппараты жүзеге асырады», - деді министр.

Бекетаевтың айтуынша, аталған құжаттағы үшінші тарау Қауіпсіздік кеңесі мен Қауіпсіздік кеңесі аппаратының қызметін қаржыландыру мәселелерін, сондай-ақ заңның күшіне ену тәртібін реттейді.

Тиісті талқылаудан кейін депутаттар аталған заң жобасын қабылдады.

Айта кетейік, аталған заң жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өмір бойы басқаруға мүмкіндік береді. Енді аталған құжат президенттің қарауына жіберіледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер