BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Депутаттар Жамбыл облысында көшпелі отырыс өткізді

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Жамбыл облысында көшпелі отырыс өткізді. Отырыстың мақсаты - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын одан әрі жетілдіру мәселелерімен танысу.

Көшпелі отырыс аясында Мәжіліс депутаттары «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның, «Қайрат» пәтер иелері кооперативінің және «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» Бағдарламасы шеңберінде жөндеуден өткен Тараз қаласы «Самал» шағын ауданының №3 үйінің жұмысымен танысып, жөндеуден кейін қалпына келтірілген объектілерді аралады.

Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының әкімдігінде облыс әкімі А. Мырзахметовтың, Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық бөлімшесі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығының, сондай-ақ Жамбыл облысының жұртшылығы мен кәсіпкерлері өкілдерінің қатысуымен Комитеттің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысты Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сабильянов Нұртай ашып, Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту және жетілдіру бойынша қабылданып отырған шаралар мәселелері жөнінде баяндама жасады.

Сондай-ақ кеңейтілген отырыста жергілікті атқарушы орган, коммерциялық емес ұйым мен кәсіпкерлік топтың өкілдері өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

Іс-шара барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын және заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру мен Жамбыл облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жобаларын іске асыру жөніндегі мәселелер талқыланды.

Айта кету керек, Жамбыл өңірдің коммуналдық секторында 2016-2018 жылдары бойынша «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 6 жобаны іске асыруға жалпы сома 5,4 млрд теңге қаражат көзделген. Жылумен қамтамасыз ету желілерінің 6,7 км салынып, реконструкцияланды. Жамбыл облысының тұрғын үй секторында 1603 көп пәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде әділет органдарында 1264 үй немесе 78,8% тіркелген.

«2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» Мемлекеттік бағдарламасы (Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы) шеңберінде 2011 жылдан бастап облыс бойынша жалпы 2,5 млрд теңге сомасына 172 үй жөнделген. Бұл ретте күрделі жөндеуді талап ететін көп пәтерлі тұрғы үйдің үлесі 23,8% немесе 383 үйді құрайды. 2016-2018 жылдары республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жоқ.

Бұрын жөнделген тұрғын үйлер меншік иелерінің қайтарымды қаражат есебінен жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қаражатты қайтару жоспары 74,3% немесе 1 млрд теңгені құрайды. Қайтарымды қаражат есебінен 78 үй жөнделді, 10 үйде жөндеу жүргізіліп жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер