BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Депутаттар мемқызметкерлердің қос азаматтығын тексеруді талап етті

Фото: 365Info

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Ақжол» фракциясының депутаттары мемлекеттік қызметкерлердің қос азаматтығын тексеруді талап етіп, ол үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді сұрады.

Отырыста олар сауалды ҚР Бас прокурарына, ҚР Әділет министріне және ҚР Ішкі істер министріне жолдады.

«Біздің ұғымда қос елдің азаматы болу деген түсінік мүлде жоқ және бұл ереже ата заңымыздың 10-бабы 3-тармағында тайға таңба басқандай етіп жазылған. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте қос азаматтық үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал мұндай заң бұзушылыққа мемлекеттік қызметкер баратын болса, жауапкершілік одан да қатаң», - деді депутат Берік Дүйсенбиев.

Депутат 2014 жылы Әзербайжанда қос азаматтық үшін қылмыстық жаза енгізілгенін, ал Қырғызстанда мемлекеттік қызметтегі адамдарды қос азаматтық үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесі қызу талқыланып жатқанын, Қытай заңы да қос азаматтыққа қатаң қарайтынын атап өтті.

Сонымен қатар Берік Дүйсенбиев ақтөбелік адвокаттың өрескел заң бұзушылыққа барғанын хабарлады.

«Жауапкершілікті толығымен түсіне отырып, саналы түрде заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттерін су ішкен құдығына түкіру, қос мекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз. Ақпарат құралдарында белгілі болғандай ақтөбелік адвокат Валерий Якубенко 2000 жылы Ресей азаматтығын алғанын осы уақытқа дейін жасырып келген. Онымен қоймай, ол мемлекетпен кепілдендірілген заңды көмек көрсету аясында бюджеттен 5 млн теңгеден астам көлемде қаржы алған», - деді ол.

Осы орайда депутат Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымы және Валерий Якубенконың жұбайы Раиса Якубенко кәсіби заңгер ретінде заң бұзушылықты көре тұра 18 жыл бойы аталған әрекетке көз жұмып қарап келгенін мәлімдеді.

«Тек Әділет министрлігінің тікелей араласуының арқасында ғана Валерий Якубенко әкімшілік жазаға тартылып, лицензиясынан айырылды. Біз Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымын лауазымынан айырып, жауапкершілікке тартуды сұраймыз», - деді Дүйсенбиев.

Оның айтуынша, елімізде 2016 жылы 400-ден аса, 2017 жылы 600-ден аса, 2018 жылдың 10 айында 527 қос азаматтық фактілері анықталған. Депутаттың пікірінше, бұл цифрлардың ішінде қанша мемлекеттік қызметкер бар екенін ешкім білмейді.

«Ашық ақпарат көздерінен мұндай мәліметті таппадық. АҚШ-та азаматтық алу үшін берілетін антта «Мен осы күнге дейін азамат болған кез келген мемлекетке адалдықтан мүлде бас тартамын. Қолыма қару алып, Құрама штаттар жағында шайқасамын» деген сөздер бар. Осындай сөзден кейін шетелдік азаматтығы бар адам қалайша елімізге қызмет етеді, Ата заңымызды қалай місе тұтады, отандастарының көзіне қалай қарайды? Мемлекеттік қызметте істеген тәжірибелі, заңды бес саусағындай білетін, қалтасында басқа елдің паспорты бар адам қай елдің сойылын соғатыны белгісіз», - деді депутат.

Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметкерлердің қос азаматтығын тексеруді талап етіп, ол үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді сұрады.

«Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік қызметкерлердің, адвокаттардың, нотариустардың, сот орындаушыларының, сондай билік өкілдерінің функцияларын жүзеге асыратын азаматтардың қос азаматтығы бар-жоқтығына тиісті тексеріс жүргізуді, жоғарыда аталған тұлғалардың қос азаматтығы үшін қылмыстық жауапкершілікке енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды. Сонымен қатар Қазақстан паспортын алған кезде Қазақстан азаматы антының мәтіні мен рәсімін заңмен бекіту қажет», - деп түйіндеді сөзін Берік Дүйсенбиев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер