BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Депутат мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктегі кемшін тұстарды атады

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке басқа салаларды да белсенді қосу қажет. Бұл жөнінде Мәжілістегі үкімет сағатында депутат Аманжан Жамалов мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті енгізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, жобаларды жүзеге асыруды оңтайландыру үшін сәйкес заңнамалық құжаттарға да түбегейлі өзгерістер енгізілді. Алайда, бұл ешқандай проблема жоқ дегенді білдірмейді. Жобалар санының артуына байланысты біз олардың сапасына мән беруді доғардық. Жеке сектор тарапынан болып жатқан жеткілікті инвестицияларды көріп отырған жоқпыз. Ағымдағы жылдың 15 қазанындағы ұсынылған мәліметке сәйкес, жалпы сомасы 1 трлн 906 млрд теңгеге барлығы 443 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты жасалған. Фантастикалық сома. Ал мемлекеттік міндеттемелердің сомасы 799 млрд теңгені, тартылған инвестициялар көлемі небәрі 379 млрд теңгені құраған», - деді депутат.

Ол Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы үшін 500 млрд теңгеден астам мемлекеттік міндеттеме қарастырылғанын да атап өтті.

«Жасалған келісімшарттардың көп бөлігі білім, денсаулық сақтау салаларына тиесілі. Ол сәйкесінше 60% және 20% құрап отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша жеке әріптестер мемлекеттік қолдаудың қолда бар барлық шараларын қолданып қалуға тырысады», - деген депутат бұл мемлекеттік бюджет шығынын арттырып отырғанын айтты.

Ол бұл үрдісті өзгерту қажеттілігі туындап отырғанын баса атап өтті.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мақсаты – мемлекеттік пен бизнестің тең серіктестігі. Қазіргі уақытта бұл бір бағытта ғана қозғалып келе жатыр. Ең алдымен, экономиканың нақты секторын көтермелеу қажет. Өңірлерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға арналған басымды бағыттар жоқ екенін көріп отырмыз. Мысалы, тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық саласында жасалған келісімшарттар саны небәрі 9 ғана. Ал сумен жабдықтау, су бұру желілердің тозуы секілді мәселелер жыл сайын көтеріліп келеді», - деді Жамалов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер