BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Ақшаларды қалай қайтарамыз?» Нығматулин орынсыз қарыз алған қаржы министрлігін сынға алды

Фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин процентпен қарыз алып, ақшаны орынсыз жұмсайтын министрліктердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов депутаттарға есеп берді.

Алайда отырыс барысында Нұрлан Нығматулин аталған салада назар аударуды қажет ететін мәселелер бар екенін алға тартты.

«Жұмсартып айтсақ, орынсыз алынған қарыздар да бар. Мына есептен қарап отырмын. Мамандарды оқытуға, дөңгелік үстел мен конференцияны ұйымдастыруға, тіпті министрліктердің міндетіне кіретін жұмыстар шетелден алынған қарыз есебінен атқарылған», - деді ол Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол шетелден алынған қаржыны орынсыз жұмсаған қаржы министрлігін сынға алды.

«Есеп комитетінің есебінде көрсетілгендей, Бақыт Тұрлыханұлы, сіздің бақылауыңыздағы министрлікке салықтық әкімшілендіруді реформаландыруға қаржы жұмсалды. Сондай-ақ Қаржы министрлігі департаменттері мен қызметкерлерінің жұмысын тиімділігін көрсететін көрсеткішті дайындау үшін аталған қарыз пайдаланған. Қарыздың мөлшері – 14%. Сіздерге осы жұмысты жүргізу үшін неліктен АҚШ пен Еуро Одақтан маман шақыру қажет болды? Бақыт Тұрлыханұлы, сізден артық қол астыңыздағы қызметкерлердің жұмысын кім бағалайды?», - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар ол аталған ведомствоның ақшаны орынсыз жұмсағанын дәлелдейтін тағы бір мысалға тоқталды.

«Қаржы министрлігі қызметкерлерінің полилографиялық зерттеу жұмысына да қаржы бөлінген. Менің түсінуімше, бұл мемлекеттік кірістер департаментіне тиесілі. Бірақ мұндай қызмет құқық қорғау органдарында да бар ғой. Неге соның қызметін пайдаланбадыңыздар? Неге оған шетелдік маманды шақырдыңыздар? Менің ойымша, министрліктер өз құрылымындағы бөлімдердің қызметінің тиімділігін көрсететін көрсеткішті жасауға қауқарлы. Олар өздері дөңгелек үстелдер мен конференцияларды ұйымдастыра да алады. Министрліктерде толық бір аппарат отыр. Жоқ, оның орнына сіздер ақшаны процентпен қарызға алып, оған шетелдік мамандарды шақырасыздар», - деді Нұрлан Нығматулин.

Сөз соңында Мәжіліс төрағасы қарызға алынған ақшаны қайтаратын күн де келетінін атап өтті.

«Бізде қарыздарды алуға кім қол қояды? Министрлер қол қояды. Олардың статусы жоғары. Вице-министрлерде қойған деректер де бар. Бірақ бұл ақшаларды қалай қайтарамыз?», - деп түйіндеді сөзін ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер