BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

5 тонна өлі балық: Сенатор Жайық балығының жаппай қырылу мәселесін көтерді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысындағы балықтардың жаппай қырылу мәселесін көтерді.

Еңсегенов ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған сауалында балықтардың жаппай қырылуының алдын алуға кешінді шаралар қажет екенін айтқан.

«Атырау облысы аумағындағы Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылуына байланысты азаматтар алаңдаушылық білдіруде. Қазақстандағы су айдындарында, соның ішінде Жайық - Каспий бассейніне қарасты суларда балықтардың азды-көпті қырылуы соңғы жылдары жиі орын алып отыр. Дегенмен, желтоқсан айының ішіндегі балықтардың жаппай қырылуының көлемі мен одан келген залал мөлшері орасан. Жайық өзенінен бір мезетте 5 тоннадан астам өлі балық жиналса, соңғы ақпараттар бойыша «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытының 164 бекіре тұқымдас балығы өлген. Сол сияқты «Луговой ат зауыты» ЖШС-нің тоғанынан алынған 1647 бекіре тұқымдас балықтардың 42-нен басқасы өлген. Кәсіпорын жалпы саны 30 мыңнан астам бағымдағы бекіре тұқымдас балықтан айырылған», - деді Еңсегенов.


Депутаттың айтуынша, балықтардың жаппай қырылуына өзенге аммиактың төгілуі себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Өлген балықтардың етінен аммиактың табылуы осы болжамды бекіте түсетіндей. Сонымен бірге, Жайық өзенінде зиянды заттардың мөлшері шектен жоғары деген де пікірлер айтылуда.

«Қазіргі кезде «Атырау су арнасы» ММК, «Атырау ЖЭО» АҚ мен Атырау қаласындағы екі бекіре балығын өсіретін зауыттар тексерілуде. Салааралық комиссия да жұмыс істеуде. Дегенмен, қалыптасқан жағдайда қосымша шаралар алу қажет. Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуына жоғарыда аталған мекемелер мен бірге иесіз авариялық мұнай-газ ұңғымаларының, мұнай-газ кешеніне қарасты кәсіпорындар қызметінің әсері назардан тыс қалмағаны дұрыс. Мұздың тұруына орай балықтардың қандай жағдайда екені жөнінде толық мағлұмат жоқ. Мұз астында жатқан балықтарды түгелдей жинау аса маңызды. Өйтпесе уланған балық еттері өзеннің экологиялық жүйесіне, басқа су жануарларына зиянын тигізуі әбден мүмкін. Бұл өзен бойында отырған адамдардың, қармақ құрып балық етін пайдаланушылардың денсаулықтары мен өмірлеріне қауіп туғызатын жай екенін ескеру керек», - деді Сәрсенбай Еңсегенов.

Сенатордың айтуынша, жұмыс істеп отырған салааралық комиссия қызметін ашық жүргізу, ғылыми, қоғамдық, оның ішінде экологиялық ұйымдарды, шетел мамандарын кеңінен тарту мәселенің жан-жақты толық зерттелуін қамтамасыз етеді. Бұл сонымен бірге, осы оқиға жөніндегі әр түрлі негізсіз алып қашпа әңгімелердің туындамауына ықпал жасайды.

«Балықтардың етінен аммиактың табылуы және судағы зиянды заттар мөлшерінің тиісті деңгейден көп болуы қолданыстағы табиғат қорғауға байланысты заңнамалық актілердің осал тұстары бар екенін көрсетеді. Құрметті, Бақытжан Әбдірұлы, еліміздегі балық шаруашылығының негізгі су айдыны болып есептелетін Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуына байланысты қозғалып отырған мәселелерді қарап, тиімді шаралар қабылдауды ұсынамын», - деді Еңсегенов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер