Жол қауіпсіздігін сақтап жүрміз бе? Кәсіби маманнан кеңес - Пайдалы кеңес|24 Қазан 2018, 14:31
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Жол қауіпсіздігін сақтап жүрміз бе? Кәсіби маманнан кеңес

Фото: Автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ролде кетіп бара жатып ұялы телефонмен сөйлесу үлкен мәселеге айналып отыр. Жол бойында қазір көп жүргізушілер уатсаппен хабарлама жіберіп, сөйлесе беретін болды. Тіптен көлігін соғып алғандар арасында «уатсаптап алдым» деген сөз тіркесі пайда болды. Бұл туралы инженер Бақытжан Әлімбеков БАҚ өкілдері арасында шеберлік сағатын өткізу барысында айтты.

ҚР Бас прокуратурасы таратқан статистикаға сүйенсек, 2018 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 6 743 ЖКО орын алған, нәтижесінде 10 мыңнан астам адам зардап шеккен. Жол апатынан 783 адам көз жұмған, оның ішінде 71 кәмелетке толмағандар екен.

Әлем бойынша жыл сайын 300 мыңға жуық адам жол қозғалысы оқиғасынан зардап шегеді екен. 2012 жылы көлік қауіпсіздігі бойынша жаһандық жоба қабылданыпты. Осының аясында дүниежүзіндегі кәсіпорындар мен түрлі мекемелер өз жұмысшылары арасында, яғни көлік жүргізетін адамдарды қауіпсіздік ережелері бойынша оқыту курстарын жүргізе бастаған. Жол қозғалысының қауіпсіздігіне алаңдайтын еліміздегі кәсіпорындар да осындай курстарды жүргізушілері арасында өткізуде. Алматы қаласындағы өндіріс орындарының бірінде осындай оқыту курсын жүргізумен айналысатын Қауіпсіздік жөніндегі аға инженер Бақытжан Әлімбеков БАҚ өкілдері арасында шеберлік сағатын өткізіп, көпшілік жол бойында сақтай бермейтін ережелерді атады. Оның айтуынша, жол жүру ережесін бұзғанда салынатын айыппұлдар мен қолданылатын шаралардың барлығы заңды түрде бекітілген. Дегенімен, өз денсаулығыңыз бен қасыңыздағы жақындарыңыздың өмірі үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданған артық етпейді. Назарларыңызға кәсіби маманның кеңестерін ұсынамыз.

Жылдамдықты бақылау

Қазір көп мекемелер өздеріне тиесілі көлікке GPS қондырғысын орнатуда, cол арқылы жүргізушінің қандай жылдамдықпен жүргенін бақылауға болады, оның дыбысты ескертпе жүйесі бар, бұл өте пайдалы. Жолда келе жатқанда неше түрлі жағдай болады, қасыңдағы адаммен сөйлесіп келе жатып жылдамдықты асырып жіберуің мүмкін, осындайда дыбысты құрылғы сізге ескерту жасап отырады. Бұл да апатты жағдайдың алдын алудың бір түрі, сондай-ақ мекеме басшылығы сіздің ереже бұзғаныңызды біліп отырады. Мұндай қондырғылар барлық жерде сатылады, көлігіңізге орнатып алсаңыз артық етпейді.

Біз көшедегі жол көлік оқиғасына сараптама жасап көрдік. Ия, бізде көлік өте көп, Алматы шаһарының үлкен екені бәрімізге мәлім. Көп жағдайда жүргізушілер дұрыс жүру мен ереже бұзу шегін ажырата бермейді. Сараптама көрсеткендей апатты жағдайдың басым көпшілігі жылдамдықтың асырылуынан, тежегішті кенеттен басу кезінде және бұрылыстан қатты келіп бұрылғанда болады екен. Апатты жағдайдың 60% осы бұрылыс кезінде орын алады. Қатты жүру алдыңғы көлікті барып соғуға және кенеттен тоқтау артқы көліктің сізге келіп соғылуына әкеледі. Көпшілігі тежегішті бірден басып тоқтауға әдеттеніп қалған. Ондай жағдай орын алмас үшін бәрін алдын ала бағдарлап үйренген абзал, яғни қауіпті көре білу керек.

Жылдамдық мөлшерін жүргізуші әрдайым өзі анықтап отыру керек. Қар немесе жаңбыр жауып тұрса жол бойында 60 деген белгіге қарамасатн сен жылдамдықты азайту керексің. Кез-келген жағдайда тоқтай алатындай болуың қажет.
Автокөліктегі ең қауіпті түйін ол жүргізуші

Компаниялар өз тарапынан барлық техникалық талаптарға сәйкес келетін көлікпен қамтамасыз етуге тырысады. Оны басқаратын адам, сондықтан оған үлкен жауапкершілік жүктеледі. Көлікті қауіпсіз жүргізу тәжірибе, біліктілікке де емес, жүргізушілердің бір-біріне деген қарым-қатынасына байланысты, бұл үлкен рол ойнайды. Өйткені алғаш көлікті жүргізіп үйренген адам жан-жағына құрметпен қарайды. Статистика бойынша алғашқы жылдары апатты жағдайға аз түседі. Кейін жүгізуді әбден жақсы меңгергенде өзім білемдікке салынып, жол бойындағы ерсі әрекеттерімен өзгелерге қауіп төндіре бастайды. Яғни, тәжірибе мен біліктілігі артқан сайын айналасына деген қарым-қатынасы төмендей түседі. Сондықтан көлікті қанша жерден мықты жүргізсеңіз де, айналаңызға деген құрметті жоғалтпауға тырысыңыз.

Жүргізушілердің мінез-құлқына мән бер

Маңайыңызда келе жатқан жүргізушілердің мінез-құлқына мән берген дұрыс. Біреу асығыс бір қатардан екіншісіне ауысып шашка ойнаған сияқты келе жатады, тағы бірі ережені сақтап сабырмен жүреді. Сондықтан айналаңа зер салып, бәрін іштей түйсініп, сезіне білген жөн. Агресивті көліктер жақындағанда жолға таласпай жібере салған дұрыс, оған сенікі дұрыс емес деп ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ. Бұған дейін түсінбеген адам сіздің ескертуіңізден кейін барлығын түсіне қалуы екі талай. Жолда жүру мәдениеті әлі қалыптаспай жатыр. Көбі асығыс жүреді, оның арты түрлі қайғылы жағдайға әкеп жатады. 10-15 минут кеш бар, бірақ аман-есен жет. Көпшілік бал-шағасын тасиды, сондықтан неғұрлым жауапкершілікті сезініп, ешкімнің өміріне қауіп төндірмей жүру керек.

Жол бойындағы қауіпті алдын-ала сезініп, оның алдын алуға даяр болу керек. Мәселен алдыңызда немесе жаныңызда жүк көлігі кетіп бара жатуы мүмкін, оған жақындап немесе алдын кесіп өтуге тырыспаңыз. Өйткені олар артындағы және жанындағы көліктерді мүлдем көрмейді, неғұрлым олардан алшақ жүруге тырысу керек. Мәселен темір-терсек немесе өзге де жүк тиеген көліктің артына тым тақалуға болмайды. Жол бойында кенеттен ойқыш жер шықса тиелген заттар сіздің көлігіңізге қарай ұшуы мүмкін.

Одан кейін тек алдыңыздағы көлікке ғана назар аудармай одан ары алда не болып жатқанын да көзден таса қылмау керек. Алдыда мәселен қандайда бір шұңқыр болуы мүмкін, дәл соған келгенде тірелмей, алдыда келе жатқандар қалай әрекет етіп жатқанын көре білген өзіңізге пайдалы. Бұлда қандайда бір апаттың алдын алуға септігін тигізеді.

Көлікті жүргізуге кедергі болатындар

Дәрі-дәрмек қабылдаған соң ролге отырмауға тырысу керек, өйткені ол адамның ұйқысын келтіріп, шаршаңқы күйге түсіреді. Айналып келгенде бұл жол бойында көлікті дұрыс басқара алмай, мазаңыздың қашуына әкеледі. Сондай-ақ тамақтанған соң да бірден көлікті тізгіндемей, жоқ дегенде 15 минут таза ауада демалып, тынығып алған дұрыс. Егер ұйқы қатты қысып бара жатса жол жиегіне тоқтап, аз болса да ұйықтап алу керек.

Одан кейін көліктің алдыңғы бөлігін сәндеп, түрлі жалаулар мен фигураларды іліп қоюға әуестенбеңіз. Бұл алдыңғы көріністі түгелдей көруге кедергі келтіреді әрі адам назарын өзіне аудартып отырады. Сондықтан көліктің алдында артық заттың болмағаны дұрыс. Тіптен, кішкентай ақ парақ жатса соның өзі де адамға кері әсер етеді.

Ролде кетіп бара жатып ұялы телефонмен сөйлесу де үлкен мәселеге айналып отыр. Жол бойында қазір көп жүргізушілер уатсаппен хабарлама жіберіп, сөйлесе беретін болды. Тіптен көлігін соғып алғандар арасында «уатсаптап алдым» деген сөз тіркесі пайда болды. Бұл күлетін жағдай емес. Әлеуметтік желіде көпшілік «отырған таксиімнің жүргізушісі жол бойы уатсаппен сөйлесіп келді» деп шағымданып жатады. Ондайларға жарты жолдан түсіп қалған дұрыс деп кеңес берер едім. Өйткені өміріңізге немқұрайлы қарауға болмайды. Сіз жолға қарап келе жатуыңыз мүмкін, алайда ойыңыз басқа жақта болады. Егер алдыңыздағы көлік бірден тоқтаса сіз жылдам әрекет ете алмай апатты жағдайға түсесіз. Сондықтан маңызды нәрсе болмаса телефонды қолға алудың қажеті жоқ, егер расымен де сөйлесу керек болса жол жиегіне тоқтап, асықпай сөйлесіп алыңыз.

Адамды жол апатына түсіруге итермелейтін тағы бір жайт күйзеліс, эмоция, яғни ұрсысу, қатты күлу. Сондықтан ролде келе жатқанда сабырлылық танытқан жөн.

Жаяу жүргінші жолағында

Жаяу жүргінші жолағына келгенде жылдамдықты азайту керек, тым құрығанда газды басуды тоқтату керек. Өйткені адамдар әртүрлі. Кейбірі тоқтап жанжағына зер салады. Кейбірі ешқайда қарамастан «жол менікі, тоқтай алмасаң өз проблемаң» дегендей алшаң басып өте шығады. Сондықтан белгіні көрісімен жылдамдықты төмендеткен дұрыс. Жаяу жүргінші жолағына немесе бұрылысқа келгенде алдыға кішкене еңкейіп, жан-жағыңызға қарап, бағдарлағаныңыз дұрыс. Терезенің жақтаулары бәрібір кедергі келтіретіні бар, сондықтан ерінбей маңайыңызды бір шолып шыққан да тұрған ештеңе жоқ. Бұл да қауіпті төмендетеді.

Жол жиегінде бала көрсеңіз бірден жылдамдықты азайтыңыз. Неше түрлі жағдай болуы мүмкін, егер баланың добы жолға қарай домаласа, ол міндетті түрде артынан жүгіреді. Балаға бәрінен ойыншығы қымбат екенін естен шығармаңыз.

Көлікте артық зат болмау керек

Әр 5-6 секунд сайын айнаға қарап маңайыңызға зер салып отырыңыз, яғни айналада қандай көліктер, қандай қашықтықта келе жатқанын біліп отырыңыз. Артыңызда ұзақтау жерде келе жатқан көлік қасқағым сәтте жаныңызға зуылдап жетіп келеді, абайсызда оңға немесе солға бұрып соқтығысып қалмас үшін үнемі бәрін бақылап отыру керек.

Көлікте артық, бос заттар жатпау керек. Көлік соғылғанда 5 келі зат 200 кг дейін күшейеді, яғни оның соққысы қатты болады. Сол үшін баланы арнайы орындыққа таңу керек, соққы кезінде ол анасының қолында отырса да алға қарай ұшатын болады. Жаңа айтқанымдай 200 келіге дейін артады, оны әйел адам ұстап қала алмайды.

Жүргізушілер жіберетін қателіктер

Еңістен түскенде көпшілігі қозғалтқышты қоспай, тек тежегішті басып отырады. Бұл өте қауіпті, тежегішті жиі басқан сайын ол қызып, істен шығады. Сондықтан көліктің қозғатлқышын қосып, сол арқылы түсу қажет, ол көлікті басқаруда үлкен көмек көрсетеді. Бұл көпшілік жүргізушілердің жіберетін қателігі.

Сондай-ақ кейде солға бұрылмақ боласыз және қарсы беттегілерді өткізіп жіберу үшін жол ортасында дайындалып тұрасыз, ондай кезде ролді бұруға болмайды. Түзу ұстау керек, егер артыңыздағы көлік тоқтай алмай сізді келіп ұрса, онда сіз қарсы бетке бірақ шығасыз. Ролді санаулы секундта әрқашан бұрып үлгересіз, тек қауіпсіздікті сақтағаныңыз жөн.

Көліктің жанармай, өзге де майларын уақытымен ауыстырып, бақылап отыру керек. Көліктің багында жанармай неғұрлым көбірек болғаны жөн. Тәжірибе бойынша, соқтығысқан көліктердің қайсысында жанармай аз болса сонда жарылыс үлкен болатыны дәлелденген. Жанармайы толы көліктерде керісінше жарылыс болмаған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер