Темекінің біз біле бермейтін залалдары - Пайдалы кеңес|28 Сәуір 2015, 17:53
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Темекінің біз біле бермейтін залалдары

Астана. 28 сәуір. Baq.kz – Дәрігерлер темекінің залалы жайында қанша дабыл қағып айтқанымен, оны тартатындардың саны көбеймесе азайған емес. Кейбір ғалымдардың айтуынша, темекі қорабының сыртындағы ескерту жазбалар мен "қорқынышты" суреттер шылым шегетін адамға ешқашан кері әсер етпейді. Сондықтан біз оларға мынадай мәліметтер жайында айтуды жөн көріп отырмыз.

1. Темекі ауыздан өте сасық иістің шығуына себеп болады. Оны ғылымда галитоз деп атайды. Шылым шегетін адамның өзіне бұл иіс білінбегенімен өзге адамдарға сезіліп, жиіркеніш тудырады.

2. Темекі әйелдердің терісіне кері әсерін тигізеді. Атап айтқанда, әжімдер пайда болып, тері босап қалады. Сондай-ақ, беттің кескіндері өзгеріп, тері сұрлана түседі, әртүрлі дақтар пайда бола бастайды. Жылына 50 қораптан көп шылым шегетін адамдарда өзгелерден қарағанда әжім 4,7 есе тез пайда болады.

3. Темекі көру қабілетінен ерте айырады. Манчестер университеті ғалымдарының пікірінше, шылым шегетін жастар өзге қатарластарынан қарағанда көз ауруларына 4 есе көп шалдығады. Салдары соқырлықпен аяқталатын кездер көп.

4. Темекі түтінінің құрамынан 70 түрлі канцероген табылған. Темекі тартпай жай түтінін иіскеп тұрған адамның өзінде рак ауруы пайда болу қаупі зор. Ғалымдардың айтуынша, алдағы 40 жыл ішінде темекі түтінінің салдарынан 40 миллион адам көз жұмады.

5. Темекі тартатын адам тартпайтындардан қарағанда шамамен 13 жыл кем өмір сүреді. 35 жастан кейін темекі адам өмірін жылына 3 айға қысқартып отырады.

6. Темекі мен туберкулез бір-бірімен тығыз байланысты. Аталған ауруға шалдығып шылым шегетіндерде ауруының асқыну қаупі 3 есеге жоғары. Ұлыбритания ғалымдарының зерттеуі бойынша, туберкулезге шалдығып темекі тартатындар тартпайтындарға қарағанда 2,8 есе жиі қайтыс болады.

7. Ата-анасы темекі тартатын балаларда туберкулезге шалдығу қаупі 2 есеге жоғары. Мұны америкалық ғалымдар сонау 1967 жылы зерттеп тастаған. 2002 және 2005 жылы Тайланд пен Эстонияда жүргізілген зерттеу нәтижесінде белгілі болғаны, туберкулезге қарсы екпенің өзі баланы аталған аурудан аман алып қала алмайды, егер оның ата-анасы шылым шексе әрине.

8. Темекі түтініне уланған балаларда мезгілсіз өлім өзгелермен салыстырғанда 3,5 есеге көп. Бұл әсіресе, 2-4 жас аралығыдағы балаларда жиі кездеседі. Мезгілсіз өлім - баланың еш себепсіз шетінеп кетуі.

9. Күніге темекі тартатын қыз-келіншектерде бала көтеру мүмкіндігі 9 есеге дейін төмендейді. Көтерген күннің өзінде тастап қою қаупі 3 есеге артады. Уақытынан ерте босану 6 есе көп орын алады.

10. Темекі тартатын адамда жүрек ауруына шалдығу қаупі 3 есеге жоғары. Егер ол темекіні тастаса 10-14 жылдан кейін ғана ағзасы темекі уынан толықтай тазарады. 

 

Дана Сағынбекқызы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер