Бірнеше тіл білетіндерден пайдалы кеңестер - Пайдалы кеңес|17 Сәуір 2018, 17:23
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Бірнеше тіл білетіндерден пайдалы кеңестер

«Африкалық досым бар. Өмірінде интернет көрмеген. Ал сол досым ғаламтордың құдіретін білген сəттен бастап жеті тіл үйренген. Яғни, талаптыға, таланттыға таныстың қажеті жоқ. Тек еңбектену керек», — дейді «Sheberbuild» құрылыс компаниясының бас директоры Олжас Сүлеймен. Baq.kz тілшісі шет тілін жылдам меңгеруге көмектесетін сайттар тізімі мен бірнеше тілде еркін сөйлейтін азаматтардың пайдалы кеңестерін ұсынады.

Айнала толған тіл мектептері, ағылшын курстары, интернетті ашсаң ақыл-кеңестен аяқ алып жүре алмайсың. Соған қарамастан «Тілді қалай үйренемін, қайтсем көп тіл білемін» деп бас қатырып жүргендер көп. 2015 жылы әлем азаматтары ағылшын тілін қалай меңгергенін анықтау мақсатында 750 мың адамға EF EPI (EF Education First (www.ef.com) — халықаралық тіл үйрену және мәдениетке байланысты ұйым) жүргізген сауалнамаға сәйкес Қазақстан 63 елдің ішінде 54 орын алған. Соңғы 7 жыл ішінде қазақстандықтардың ағылшын деңгейі 11,23 балл көлемінде көтерілген. Ағылшын тілі 53 мемлекеттің ресми тілі екен. Дүниежүзінде 400 млн адамның ана тілі – ағылшын тілі. Ал Жер ғаламшарының 1,5 млрд халқы ағылшын тілін екінші тіл ретінде үйреніп жатыр.

Мақсатына жеткендер не дейді?!

Айнұр Қанайқызы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Аймақтану мамандығында төртінші курс оқиды. Өткен жазда «Work&travel» бағдарламасымен АҚШ-қа сапарлап қайтқан. Ағылшынға судай Айнұрдың қытай тілін үйреніп жүргеніне төрт жыл болды. «Бірінші курсқа түскеннен бастап ЕҰУ жанындағы «Конфуций институтында» білім алдым. Ағылшын тілін оқып жүрген адам испан, италян тілін оқыса өте оңай болады. Ал шығыс аймақтың тілдерін меңгеру біршама қиынға соғады. Тіл үйренудегі негізгі ұстанатын принципім – берілмеу. Яғни, соңына дейін күресу. Үйренген сайын қиындық та көбейеді. Жаңа ережелер, жаңа сленг сөздер пайда болады. Кітаптан үйреніп жүргендеріңді адамдармен сөйлесуде пайдалану керек. Қытай кітаптарының өзінде қаншама қателік бар. Оны жазған қытайлықтар болса да, орыс не қазақ тіліне аударғандар қателіктер жіберген. Қытай тілінде ырғақпен сөйлеу керек. Сол үшін нағыз қытай азаматымен тікелей байланысу артық етпейді. Біздің ел азаматтары қандай тіл болмасын кез келген тілді оп-оңай үйреніп кетеді. Өз замандастарымның ынтасына ризамын, біздің әліпбимен өзге тілдің бар әрібін анық айта аламыз», — дейді Айнұр.

Ал келесі кейіпкеріміз — Сағидолла Сәкенов. Сағидолла болашақта заң саласында қызметке кіріседі. Өзін жетілдіру мақсатында неміс тілін үйреніп жүр. «Конрад Аденауэр» қорының стипендиясын жеңіп алдым. Сол ең алғашқы кездесуде кімнің не айтқанын түсінбедім. Өзім ұялып, қысылғандықтан ең құрығанда қарапайым сөздерін түсінсем деп неміс тілін үйренуге кірістім. Енді магистратураға Германия еліне тапсырғым келеді», — дейді. Оның айтуынша, неміс тілінің грамматикасы өте қиын. Сондықтан ұдайы жаттап, күн сайын қайталау керек.

Мақсатына жеткен жандар әрқайсымыздың айнамаламызда бар. Ал мақсатқа жету жолында қандай қателіктер жібермеу керек? Алматы облысындағы қазақ-түрік лицейінің түлегі, ағылшын тілінің мұғалімі Дәрмен Қапыс талапкерлерге кеңесін айтты. Дәрмен Астана қаласындағы «Жас Ұлан» мектебінде ағылшыннан сабақ берген және мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету бағдарламасы бойынша ұстаздық еткен.

Қателіктер:

*мақсат қою керек

Арманға адал адамдар аз. Яғни, бір нәрсе армандаса оған тез арада қол жеткізу керек. Шет тілін 10-15 жыл бойы үйреніп жүретіндер бар. Алты айда сайрап шығатындар да бар. Мақсат айқын болса, кез келген тілді тез үйренесің.

*сұрамау, талап етпеу, ұялу

Негізі, жас талапкерлер қателісуден қорқады. Ал бұл тиісінше - үлкен қателік. Арнайы тіл орталықтарына курсқа баратын талапкерлер мұғалімнен талап етпейді. Топ мүшелерінен ұялып, қате болсын өз ойын жеткізбейді.

*шаблондармен тіл үйрену

5 және 6-сыныпта айтқан ұстазының сөзін жаттап алып, өмір бойы соны дұрыс деп ойлайды. Мұғалім де қателесуі мүмкін. Мысалы, «Where are you from?» деген сұраққа «I am from in Kazakhstan» деп жауап береді. Басында тек бір мектептің оқушылары солай айтатын шығар десем, орталықтағы Өскеменнен, Ақтаудан, Шымкенттен келген оқушыларым да солай айтады екен. Екі шылау қатар жазылған оқулықтар таралған шығар мүмкін.

*Америкаға барамын, курсқа барамын, ағылшынша сөйлеймін

Егер сен тіл үйрену үшін өзіңді алға сүйреп, өзіңді қинамасаң бәрі бекер. Өте тәжірибелі, білікті маман сабақ берсе де бәрі өз қолыңда.

*индивидуалды оқу

Топпен бірге оқудың артықшылықтары көп. Басқа адамның қателігіне қарап, сабақ аласың.

*сөзді аудару арқылы есте сақтама

Яғни біздің балалар сөздерді аударып қана есте сақтағысы келеді. Мысалы, мына сайтта ағылшын сөздерінің мағынасын ағылшынша түсіндіреді. Тілді осылай меңгерген талапкер әлдеқайда жоғары нәтижеге қол жеткізеді.

Grammar or vocabulary

50/50

Оқушыға сөздерді жеке-жеке жазып, сөйлем құра десең, құрап шығады. Бала грамматиканы білмесе де сөйлем құрап шығады. Сол секілді айналада ағылшынды жақсы сөйлеп, бірақ жазған эссесіндегі қатеден аяқ алып жүре алмайтын кездер болады. *Кітап оқу керек. Advance деңгейінде оқимын деп, максимализмге ұмтылып, Pre-intermediate деңгейінде сөйлесе алмауың мүмкін. Сол үшін өз деңгейіңе сай кітапты түсініп оқудың маңызы зор. Мысалы, Stage 3 деңгейіндегі кітапты түсіну үшін 1 000 сөз білу керек.

Лицейде оқып жүргенде ұстазымыз қызық оқиға айтқан. Ақтөбе лицейінде екі оқушы 7-сыныптан бастап, ағылшын тілінде сөз жаттаудан жарысқан екен. Мектеп бітірген соң бірі Түркияға, бірі Америкаға кеткен. Америкаға кеткен жігіт өзіне сабақ беретін америкалық профессорлардың қатесін түзеп отырады екен. Тіпті, олардың үрейін туғызған. Университетте оқып жүргенімде бір сөздік кітапты түгел жатқа білетін қыз болды. Бірақ, ол білетін сөздерін пайдаланып, еркін сөйлесе алмайтын. Ол тек біреуге сұраған сөзін аударып беріп отыратын тірі аудармашы ғана бола алады. Бірінші сөз жаттау, сосын грамматика деген сияқты пікірталастар көп. Қорытынды: Грамматика мен сөздік қор құстың екі қанатындай. Бірі сынса, екіншісімен ұша алмайды. Демек, аспанда қалықтап самғау үшін 50/50 болу керек.

«Парето заңы» немесе 20/80 қағидасы...

80% нәтижеге 20% еңбек етсең жетесің. Ал жетістіктің 20% мөлшері үшін 80% талпынуға тиістісің. Мысалы, мен ҰБТ-ден 120 балл алғым келді. Екі апта дайындалып, барлық пәнді қайталап, 60 балл аламын. Егер Парето заңы болмаса тағы екі апта дайындықпен 120 балл алуым керек. Ал мен бірден ондай нәтижеге жетем бе? Демек, мен бір ай дайындалсам, 80 балға жеткізем. Тағы бір ай қоссақ 90 балға жетем. Солай 100-ге жеткен шағымда 105 балға жету үшін екі ай дайындалуым керек. 0-60 аралығында балға жету екі апта уақытымды қажет етсе, 100-105 екі айлық дайындық, 105-110 балл үш айлық қайталауды қажет етеді. 110-нан 115-ке жету үшін бір жылдай дайындаламын. Демек, мақсатыңа жақындаған сайын қиындай түседі. Соған сай күш-қуатыңды арнауың керек. Шет тілін меңгеру де дәл осындай. Көзің ашылып, сөздердің бәрін білесің. Тіпті, шет елге шығып кетсең сайрайтындай көрінесің. Одан кейін күрделі грамматика келеді. Талап күшейіп, сынақ қиындаған сайын тіл үйренгісі келген талапкердің құлшынысы жойылады. Қорытынды: Егер шет тілін үйреніп бастасаңыздар, белгілі бір межені бағындырған соң тоқтамау керек. Яғни, менде прогресс жоқ деп бәріне қолды бір сілтемеген жөн. Себебі, прогресс сізге көрінбейтін, сізге сезілмейтін деңгейде тұр.

«American Corner» орталығы туралы білесіз бе?

Америка елшілігінің ұйымдастыруымен еліміздің әр қаласындағы кітапханалардан «American Corner» орталықтары ашылған. Бұл орталықтарға кез келген жастағы қазақстандық кіріп, өзіне керекті мәліметтерін алып, кітап оқып ағылшын тілін жетілдіруіне болады. Ағылшын тілін академиялық деңгейде меңгерсем деген мақсаты бар талапкерлер басын қосып, америкалық стильде тілді меңгеруге жағдай жасалған. АҚШ мемлекетіне Flex, UGrad, Summer work&travel, Fulbright, Muskie, Humohrey, IVLP сынды арнайы бағдарлама бойынша барып қайтқан қазақ жастары өз тәжірибелерін бөлісіп, талқылайды. Сонымен қатар, Астана, Алматы, Өскемен қалаларында «Өзің жаса» (MakerSpace) лабораториялары бар. Өз жобасын бастағысы келетін жасөспірімдерге арнайы жағдай жасалған. Өз қалаңыздағы «American Corner» орталығына бару үшін толық мәліметті осы сайттан алуыңызға болады.

Тіл үйрету орталықтарына бармай-ақ Қазақстанда ағылшын тілді мамандардың санын арттырып, әлемдік бәсекеге қабілетті мамандар дайындау мақсатында ашылған «English Practicum» онлайн курсына қатыса аласыз. Ағылшын тілін қазақша үйренудің практикалық тәсілі қолға алынған (70% - практика, 30% - теория). Youtube, WhatsApp, Telegram арқылы күніне бір сағат уақытыңызды бөліп, ағылшыныңызды дамытуға болады. Толық ақпаратты http://practicums.kz/ сайтынан аласыз.

Ағылшын тілін үйренуге тиімді ресурстар:

https://theenglishchannel.britishcouncil.org
http://www.bbc.co.uk/worldservice/learningenglish/
http://elt.oup.com
http://www.ldoceonline.com/
http://www.howjsay.com/
http://www.lyricstraining.com/
http://a4esl.org/
http://elllo.org
http://www.soundsofenglish.org
http://www.learn-english-today.com/wordgames.html
http://www.manythings.org
http://www.helping-you-learn-english.com/learn-english-with-music.html
http://www.listen-and-write.com/

Мақалада айтылған мәліметтер сізге пайдалы болады деген сенімдеміз. Ең бастысы, тіл үйренуде жалқаулық пен енжарлыққа «қош» деңіз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер