Пластикалық ластану: көз линзаларын суға ағызып жіберуді тоқтату керек - Пайдалы кеңес|22 Тамыз 2018, 14:02
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Пластикалық ластану: көз линзаларын суға ағызып жіберуді тоқтату керек

АҚШ ғалымдары көз линзаларына байланысты тағы бір зерттеу жүргізді. Олардың айтуынша, линза тағатын адамдардың 15-20%-ы пайдаланып болған соң линзаларды кран суымен ағызып жібереді екен, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.

Аризона штаты университетінде жүргізілген зерттеу нәтижесінде пластикалық материал қалдықтарының көп бөлігі тазалау құрылғыларынан өтпей қалатыны белгілі болды. Яғни, линзалар су құбырымен тарап, ауыл шаруашылық өнімдеріне кері әсерін тигізеді. Ал ағын судағы қалдық ретінде ол қоршаған ортадағы пластикпен ластану көрсеткішін арттыра береді.

Айта кету керек, АҚШ-та 45 миллион адам көз линзаларын тағады. Ал әлем бойынша линза тағатындардың саны 125 миллионнан асады. Сондай-ақ Еуропа халқының 15%-ы да көз линзаларына жүгінеді.

Соңғы ондаған жылда жұмсақ пластикалық көз линзаларын қолдану көрсеткіші жылдам артты. Оның ішінде күнделікті тағатын, апталық немесе айлық линзалар да пайда болды.

Зерттеу нәтижелерінде белгілі болғандай, АҚШ-та жыл сайын 14 миллиард көз линзалары лақтырылады. Бұл шамамен 200 мың килограмм пластик қалдығын құрайды.

Зерттеу авторларының айтуынша, линза тағатындардың 15-20%ы линзаны кран суымен ағызып жібереді екен. Яғни, бұл қалдықтар ағын суды тазартатын зауыттарға тап болады деген сөз.

Бір айта кетерлігі, тазартылған ағын су тұнба жауын-шашын ретінде ауыл шаруашылығына жіберіледі. Мамандардың айтуынша, осылайша пластик көз линзаларының шамамен 13 мың килограмы ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді.

«Олар суды тазалау барысында сақталып қалады. Соңында пластик қалдық ретінде экологияға кері әсерін тигізеді», дейді Аризона штаты Қоршаған орта гигиенасы орталығының профессоры Рольф Халден.

Оның айтуынша, ғалымдар бұл көрсеткішке алаңдаулы. Себебі мұндай қалдықтар тек экологиялық қауіп қана емес, сондай-ақ құстар мен жәндіктер секілді тірі организмдерде де сақталып қалуы мүмкін.

Көз линзалары акрил шыны, силикон мен фторполимерлердің қосындысынан жасалады. Сол арқылы жұмсақ пластмасс материал дайындалады. Яғни, көзге ауаның кіріп тұруына мүмкіндік беретін линзалар пайда болады.

«Пластик өзінің құрылымын өзгерткен кезде, физикалық тұрғыда бұзыла бастайды. Бұл микропластиктердің пайда болуына алып келеді», дейді Аризона мемлекеттік университетінің профессоры, зерттеу авторларының бірі Варун Келкар.

Ғалымдар көз линзаларын өндірушілерге өнім этикеткасына құрамы мен оны дұрыс пайдалану туралы ақпарат беруді талап етіп отыр.

Бір айта кетерлігі, линзалар қайта өңделмейді. Тек өткен жылы ең ірі өндіруші компания Bausch + Lomb қана қайта өңдеу бағдарламасын жүргізген болатын.

Зерттеу авторларының айтуынша, көз линзаларын арнайы орындарда өңдеу керек. Бірақ ондай орын болмаса, утилизациядан өткізген жөн.

«Адамдар линзаны сумен ағызып жіберуді тоқтатқандары жөн. Әрине, көз линзаларын өндіруде пластик қолданылатынымен, оның пайдасы зор. Дегенмен, қоғамға линзаларды ұсынғанымызбен, материалдан құтылудың жауапты жолын да ұсына білуіміз керек», дейді профессор Халден.

Ағылшын тілінен аударған: Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер