BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бет терісі 28 күн сайын жаңарады — косметолог Эксклюзив

Фото: Автор

Еліміздегі beаuty-индустрияның дамып жатқанын ешқандай статистикасыз байқауға болады. Айналамыздағы қыз-келіншектер декоративті косметиканы дұрыс таңдап, косметолог маманнан индивидуалды кеңес алуды жөн деп тапқан. Дегенмен, сұлулыққа қатысты кеңестер артық болмас. Көктем мезгіліндегі бет күтімі турасында косметолог Жанна Жексенбайқызы кеңес береді.

Көктем мезгілінде бет терісі қалай өзгереді?

Бет терісінің негізгі үш түрі болады: 1) құрғақ – тері қабығы қабыршықтанып, сырттағы температура бірден әсер етеді; тартылып, тырысып, қышуға бейім болады. 2) майлы – гармондық өзгеріс, күйзеліс және ас мәзірі әсерінен теріде май мөлшері көбейіп, безеулер мен қара дақтар пайда болады. 3) аралас – Т-аймағы (маңдай, мұрын, иек) жылтырап, май көп бөлінеді. Қыс мезгілінде, әсіресе солтүстік өлкенің тұрғындарының бет терісі қыс бойы шаршайды. Яғни суық жел, аязды күндер, хлорлы суға ұзақ уақыт бойы шыдайды. Сол себепті көктемде бет терісі «аш қасқырдың» күйіне түсіп, 85-87% адамда құрғайды. Құрғақ терілер қабыршақтанады. Майлы терілер құрғап, қалыпты жағдайдағы аралас типтегі тері күйіне түсіп, безеулердің шығуы үдейе түседі. Жалпы жылдар өте тері типі өзгеріске ұшырайды. Құрғақ тері майлы теріге ауысып немесе керісінше болуы мүмкін. Мұның бәрі организмдегі өзгерістерге, күнделікті тұтынатын декоративті косметика мен ас мәзіріне тікелей байланысты.

Бетті қалай күтеміз?

Әйел адам өзінің барлық жақпа майларын ауыстыруы керек. Негізі қалыпты жағдайда үш ай сайын жақпа майларды ауыстыруға болады. Сонда ғана біз жақпа майдың әсерін байқаймыз.

Бірінші: апталық бет күтімі. Аптасына үш рет маска жасау керек. Аптаның басында бетті тазартатын, ортасында ылғалдандырып, қоректендіретін, соңында жасартатын маскаларды қолдану керек. Екінші: тәуліктік бет күтімі. Күндіз ылғалдандыратын, түнде қоректендіретін, көздің айналасына гиалурон қышқылы бар, әртүрлі витаминдері бар майларды қолданған дұрыс. Көздің айналасында май бездері аз, тері қабаты жұқа болады. Сондықтан «көздің айналасы» деп ерекшелейміз.

Сурет: Автор

Күннен қорғайтын крем қаншалықты маңызды?

Өте маңызды. Бірақ біздің елдің қыз-келіншектері оның маңызын әлі толық түсінбейді. «Жәй күннен қорғайтын крем екен, тек шомылу кезінде қолдану керек» деп ойлайды. Оған 6-8 мың теңгесін қимай жатады. Мысалы, алманы алайық. Бау-бақшада өсіп тұрған алма жерге түсті. Оның сыртында ешқандай қорғаныш факторлары жоқ. Екі апта бойы жатқан соң бүрісіп, шіріп, қаққа айналады. Бет терісі де дәл солай. Оны күтпеген, күннен қорғамаған жағдайда әжімдер, пигменттер пайда болады. Күннен қорғайтын жақпа майдың құрамында ультра-күлгін сәулелерден қорғайтын фильтрлер болады. Күннің бет терісіне кіріп кетпеуіне көмектеседі. Күннен қорғайтын құралдың үш түрі бар: эмульсия түрін майлы бетке, жақпа майды құрғақ бет терісіне, ал аралас типтегі теріге арнайы спрейлер болады.

Қыз-келіншектер бояу мөлшерін азайтқаны дұрыс па?

Бүгінде біздің қыз-келіншектер боянбай жүруді комплекс көреді. Сондықтан, боянбаңыздар дегенше, косметиканың сапасына мән беру керегін айтқан жөн. Әрбір тері түріне арналған макияж астына жағатын базаны дұрыс таңдау керек. Макияждың кері әсері теріге еніп, саңылауды бітеп тастайды. Артынша безеулер пайда болады. Бірі күнде макияж жасайтын, екіншісі мүлде боянбайтын 20 жастағы екі қызды салыстырайық. Күнде боянатын қыздың шынайы бет терісі 30 жасты көрсетеді. Өйткені, дұрыс жасалмаған макияж екі сағаттан артық тұрса, теріге кері әсер етеді. Макияждан соң бет терісін мұқият тазалау керек.

Бет терісі 28 күн сайын жаңарады

Біздің климатқа Израиль, Франция, Италия, Испания елінің өнімдері сәйкес келеді. Себебі: өнімнің құрамы мен оны сипаттау үшін жазылған құрам сәйкес келеді. Бет терісі желге, аязға, күн сәулесі әсерінен өзінің құрамындағы суын жоғалтады. Соны толықтыру үшін ылғалдандыратын жақпа май, сарысулар пайдаланамыз. Беттегі саңылаулардың өмір сүруі 28 күн. Сондықтан қандай кремді болмасын үш ай тұтынған дұрыс. Себебі үш рет түлеп, жаңарған теріден өнімнің нәтижесін байқауға болады.

Қай елдің өнімін тұтынған дұрыс?

Бет терісінің типіне қарай әр елдің әртүрлі өнімін тұтынған дұрыс. Мысалы, «Avene» өнімдерінің ішінде күннен қорғайтын эмульсиясы, бетті тазалауға арналған гелі жақсы болғанымен, ағартатын өнімдері ондай нәтиже бермейді. Израилдік өнімдердің бір кемшілігі – көздің айналысындағы теріге өте баяу әсер етеді. Демек, әрбір компания өнімінің өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар.

Әр отбасының жеке дәрігер-косметологы болуы тиіс

Ер азаматтардың да терісіне күтім керек. Қыз-келіншектің терісіне қарағанда бір қабат тері артық болса да, күннен қорғайтын крем жағып, маскалар жасау керек. Онсыз да безеуі бар теріні тазаламаған соң, неше түрлі тері ауруларына ұласып кетеді. Яғни біздің елде де шет ел азаматтары секілді әр отбасының жеке дәрігер-косметологы болса жақсы емес пе?! Өйткені, әр адамның бет терісіне жеке индивидуалды жоспар құру керек. Косметикалық өнімдерді де косметологпен кеңесіп, таңдайсың.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер