Қатты ыстықта не істеуге болады және болмайды — ВВС - Пайдалы кеңес|12 Тамыз 2018, 12:12
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қатты ыстықта не істеуге болады және болмайды — ВВС

Фото: ашық дереккөзден

Жазда ауа температурасы тым жоғары болған кезде қайтіп салқындаймыз деген мәселе бірінші орынға шығады. Бұған қатысты бұрыннан айтылып келе жатқан кеңестер бар. Бірақ олардың бәрін ұстануға бола ма? ВВС Future өзінің мақаласында осы сауалға жауап іздейді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Жапониядан Ұлыбританияға, Алжирден Калифорнияға дейін күн күйіп тұрған қазіргідей уақытта салқындаудың амалы туралы кеңестер де көбейеді. Әйтсе де олардың қайсыларына сенуге болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген? Тексеріп көрейік.

1. Суық сусынды көбірек, ыстықты азырақ ішу

Күн қатты ыстықта сұйықты көбірек ішу — дұрыс нәрсе: бұл дененің сусызданбауы, сөйтіп бүйректі қорғау үшін аса маңызды. Бұған бәрі келіседі. Алайда, мұздай суық сусын ішу керек пе, әлде ыстық па деген сауал төңірегінде келіспеушілік бар.

Ыстық сусын ішу қажеттігі туралы пікір ыстық сусын сізді іштен қыздырып терлетеді, осылайша салқындайсыз дегенге сүйенеді. Адам денесі сағатына екі литрге дейін тер бөле алады, осының арқасында сіз дене температуасын әжептәуір төмендетесіз.

Алайда, тер болып шыққан сұйықтың орны толмаса, көп ұзамай дене сусызданады, осы себепті кейбіреулер ыстық сусынды мүлдем ішпеген жөн деп есептейді. Сонымен қатар шай немесе кофені тым көп ішпеу керек, өйткені олардың құрамында денені сусыздануға апаратын кофейн бар деген пікір айтылады. Дегенмен, қалыпты мөлшердегі кофейннің денедегі суды қуатыны туралы мәліметтер аз.

Ал кей зерттеулер ыстықта суық су ішудің пайдалы екенін дәлелдейді. Мәселен, бір зерттеу кезінде қатысушылар ауыр жаттығулар жасап, сосын олардың суық және ыстық сусын ішкен кездегі дене температуралары өлшенді. Сөйтіп, суық су денені салқындатуға тиімді көмектесетіні анықталды.

Әйтсе де, бұл экперименттің бір күмәнді жері бар, ол — температураны өлшеу үшін қолданылған әдіс.

Кей қатысушыларға ректалды термометрлер берілді. Оттава университеті терморегуляция физиологиясының аспиранты Олли Джэй айтқандай, суық су іше салып бірден асқазанға барады, ал ол қойылған ректалды термометрге жақын. Ендеше температураның тез түскені түсінікті нәрсе. Ал Олли Джэйдің өзі бастаған команда дененің әр бөлігіне қойылған сегіз термометр арқылы дене температурасын өлшеген кезде ыстық сусын денені көбірек салқындататыны анықталды, өйткені, ол терді көп шығаратыны белгілі.

Ендеше ыстық сусын сізді жақсырақ салқындатады. Алайда, ыстық сусын көмектесе алмайтын жағдай бар: егер ауа тым дымқыл болса немесе сіз тер булана алмайтындай болып киінген болсаңыз. Мұндай кезде суық сусын ішкен дұрыс.

Қорытынды: Ыстық су сізді көбірек салқындатады, тек ауа тым дымқыл болмаса болды.

2. Желдеткішті қосу

Вентилятордан соққан желдің арқасында бір рахаттанып қаласыз. Бірақ желдеткіш ауаны суытпайды, ол тек ауаны ары-бері қуалайды да, пайда болған жел терді кептіру арқылы дененің салқындауына көмектеседі.

Желдеткішті адамдар көп қолданады. Тіпті, ыстық ұрып ауырған үш науқасты тікұшақтың вентилаторынан соққан жел арқылы салқындатқаны туралы ақпарат бар.

Алайда, желдеткіштің көмегімен салқындаудың тиімділігіне қатысты күмән де айтылады. Кейбір ғылыми зерттеулер желдеткіш ауа температурасы Цельсий бойынша 35 градусқа дейін болса ғана көмектеседі, ал одан жоғары болса керісінше әсер етеді деген қорытынды жасады.

Сонымен қатар ауа дымқыл болса желдеткіштің тиімділігі төмендейді. Өйткені, ауа айналып тұрғанмен, ол дымқыл болғандықтан тердің булануы қиындайды.

Ендеше әзірге белгілі нәрсе, желдеткіш барлық жағдайда бізді құтқара алмайды. Мәселен, 1999 жылы ыстықта Цинциннатиде 17 адам өлді, олардың 10-ы желдеткішті қолданған — оларды өлі күйінде тапқан кезде желдеткіш қосылып тұрды. Әлбетте, желдеткіш болмаса, олар ертерек өлуі мүмкін бе еді, бұл жағын білмейміз.

Қорытынды: Желдеткіштің тиімділігі туралы ғылыми дәлелдер жетіспейді. Бірақ температура 35 градустан асып кетсе, желдеткішті өшірген дұрыс.

3. Ыстықтың денсаулыққа әсері кәрі адамдарды ғана мазалуы тиіс пе?

Күн қатты ыстықта ауруханаға түсетіндер көбейетіні және олардың басым бөлігі қарттар болатыны рас.

Дене температурасы 36 мен 37,5 градус аралығында болған кезде адам өзін ең жайлы сезінеді. Егер ауа температурасы небәрі 1 градусқа көтерілсе, оны адам терісіндегі терморецепторлар, терең тканьдер және органдар бірден сезеді. Айналадағы температура дене температурасынан жоғары болса, біз салқындау үшін терлей бастаймыз. Сонымен қатар жылу бөлу арқылы дене қанды қол мен аяққа қарай көбірек айдайды, осы себепті біз түнде қол-аяғымыздың қызып жатқанын сеземіз.

Терморегуляцияның осы екі әдісі де жүректің қалыптағыдан белсенді жұмыс істеуін талап етеді, қарт адамдар кейде жүрегі ұстап немесе инфаркт алып жататын себебі осыдан. Адамдардың көбі ыстықтан күн алғаш қатты ысыған күндері өледі.

Қарт адамдарға қатысты тағы бір проблема, олар өздерін ыстық ұрып жатқанын, денесінде су қатты азайып кеткенін дер кезінде байқай алмай қалуы мүмкін.

Алайда, бұдан күннің қатты ысуы тек қарт адамдарға қауіпті деген қорытынды шықпайды. Балалар мен созылмалы ауруы бар адамдарға немесе қимыл-қозғалысы қиын болғаны себепті терезені ашуға, сусын алып ішуге қиналатын жандардың бәріне қатерлі.

Күндіз-түні қатты ыстық болса, адам денесінің салқындауы аса қиындайды. Кей есептер бойынша, 2003 жылғы ыстық Еуропада 30 мың адамның, ал кей мәліметтерге сенсек, 70 мың адамның өліміне себеп болған. Францияда өлген 15 мың адамның 1321-інің жасы 64-тен төмен болған.

Қорытынды: Тек қарттар емес, барлық адамдар ыстықта сақтануы керек.

4. Терезелердің бәрін ашып қою

Күн қатты ысыған кезде бәріміздің бірінші әрекетіміз - терезелерді ашу. Бірақ күні бойы ашық тұрса, оның әсері керісінше болуы ықтимал.

Сырттағы ауа температурасы іштегіден салқындау болса ғана терезені ашуыңыз керек, мұндай жағдай көбіне түнде болатыны белгілі. Ал аса ыстық кездері күндіз терезені жауып қою қажет, өйткені, көлеңке болғандықтан іштегі ауа сырттағыға қарағанда салқындау болады. Терезелерді ашу арқылы ауа алмасып, аздаған жел соғады деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ сырттағы ауа тым ыстық болса, салқындай алмайсыз. Оның үстіне егер ауада тозаң мөлшері көп болса, терезенің ашық тұруы аллергияны қоздырады.

Қорытынды: Сырттағы температура іштегіден ыстық болса, терезені ашпау керек. Ал түнде ашып қойса, ыстықта ол жақсы көмектеседі.

5. Сыра ішу

1958 жылы түсірілген бір фильмде Сэр Джон Миллз ойнайтын кейіпкер шөлдегі аптап ыстықтан азап шегіп мұздай суық сыраны аңсайды. Ал соңында дәмханада оған бір бокал сыраны бергенде ол бір жұтып алып «Аңсауға тұрарлық нәрсе» деп осы фильм арқылы танымал боп кеткен сөзді айтады.

Сіз бір стакан сыра ішу Солтүстік Африканың шөл даласын жүріп өтуге мәжбүр емессіз. Бірақ ол салқындауға көмектесе ала ма? Иә деу қиын.

Бір стакан сыра сізге зиян болмауы мүмкін. Бір зерттеулерде ғалымдар қатысушыларға терлегенше жаттығулар жасатып, сосын оларға алкогольді және алкогольсіз сыра берді. 1985 жылы осындай эксперимент аса дымқыл ортада жасалды, сөйтіп мұндайда адам сыра ішсе, оның денесі сұйықты ұстап тұра алмайтыны анықталды. Және алкогольді және алкогольсіз сыра ішкендерді арасында өзгешелік тым азғантай ғана болды.

Ал жақында испан ғалымдары жасаған зерттеу денеден шыққан сусынның орнын толтыруда жай су мен сыраның көмегі бірдей екенін көрсетті. Онда неге сыра ішкен соң адамдар дәретханаға жиі баратыны белгісіз. Бір жорамалға сенсек, оның себебі, дене құрғап, су талап еткен кезде ол сырадан тек өзіне керегін алып, қалғанын бөліп шығарады.

Алайда, бұл шағын зерттеуде дене температурасы қалай өзгергені қаралмағандықтан, «Сыра денені салқындата ма, салқындатса қаншалық?» деген сұраққа жауап берілмеді. Дегенмен, ол бір немесе екі сыра денедегі сұйықты айдамауы, шыққан сұйықтың орнын толтыруы мүмкін екенін көрсетті.

Қорытынды: Бір немесе екі стакан ғана сыра болса, ол салқындауға көмектесуі ықтимал.

Маңызды ақпарат: Бұл мақалада тек жалпылама мәліметтер айтылған, сондықтан оны дәрігер немесе басқа да маман кеңесінің орнына пайдаланбау керек. ВВС және мақаланы аударып жариялаған Baq.kz сайт материалдары негізінде жасалған диагноздар үшін мойнына жауапкершілік алмайды. Егер сізді денсаулығыңыз мазаласа, онда дәрігерге баруыңыз қажет.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай ҚУАНЫШБЕК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер