BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Банкомат төлем картасын «жұтып» қойғанда не істеу керек?

Жақын жерден банкоматтан ақша алғыңыз келді, бірақ аппарат сіздің төлем картаңызды «жұтып» қойды делік. Мұндай жағдай сирек болса да, кез келген адам төлем картасын қалай қайтару керегін білгені жөн.

Банкомат мына себептер бойынша төлем картаңызды бермей қоюы мүмкін:

  • Үш рет пин-кодты қате терсеңіз, банкомат сізді өзгенің картасын ұрлап, ақша алмақ болған алаяқ деп ойлайды да, картаны өзіне қалдырады.
  • Төлем картаңыздың қолдану мерзімі аяқталса, кейбір банкоматтар картаны бермей қояды.
  • Төлем картаңызды банкомат қабылдағышынан 20 секунд пен бір минут арасында алып үлгермесеңіз, аппарат картаның иесі ұмытып кетті деп ойлап, алаяқтардың қолына түспес үшін өзіне алып қалады.
  • Жұмыс істеп тұрған банкомат кенет «қатып» қалса, картаңызды жұтып қояды.
  • Картаға қатты зақым келген жағдайда да банкомат оны өзіне қалдырады.

Мұндай жағдайда не істеу керек?

  • Ең бірінші «кері қайтару» («отмена) батырмасын бірнеше рет басыңыз.
  • 20 минутқа дейін банкоматтан алыстамаңыз. Аппарат «қатып» қалған жағдайда осы уақыт ішінде төлем картаңызды қайтаруы тиіс.
  • Бұл жағдайлардан соң картаңызды қайтармаса, банкке хабарласып, болған жағдайды түсіндіріңіз. Банк телефоны банкомат сыртында жазылып тұруы тиіс.

Төлем картаңызды сіз қолданатын банк аппараты «жұтып» қойса, банк бөлімшесіне хабарласып, өзіңіз және картаңыздың мәліметтерін айтып, құпия сұраққа жауап беру арқылы бұғаттап қойыңыз. Банкомат банк бөлімшесі маңайында орналасса, дәл сол жерде картаңызды қайтарып береді немесе банк бөлімшесіне барып қайтару туралы өтініш жазасыз.

Егер басқа банкке тиесілі банкомат төлем картаңызды қайтармай қойса, сіз қолданатын банкпен ғана емес, банкомат иесі болып табылатын банкпен байланысуға тура келеді. Алдымен басқа банкке хабарласып жағдайды түсіндіресіз. Содан соң өз банкіңізге барып, басқа банкомат иелеріне дәлел ретінде көрсететін хат жазасыз. Картаны қайтару процесі екі сағаттан бір аптаға дейін созылады.

Шетелде жүргенде осындай оқыс жағдайға тап болсаңыз, өз банкіңізге хабарласып растау хат сұрайсыз, содан соң мұны шетелдегі банкомат иесі болып табылатын банк бөлімшесіне апарып көрсетесіз. Мұндай жағдайда картаны қайтару процесі бірнеше аптаға созылады. Сол себепті алдын ала келесідей сақтану жұмыстарын есте сақтау қажет:

  • Банктен қосымша карта алып алыңыз.
  • Ұйым телефоны жазылмаған бнкомат қызметін қолданбаңыз.
  • Сіз пайдаланатын банктің байланыс нөмірін жазып жүріңіз.

Бастысы, үрейленбеңіз. Төлем картасын банкомат «жұтып» қойғанмен де ішіндегі ақша ешқайда кетпейді. Жоғарыдағы кеңестерге құлақ түрсеңіз, картаңызды тез арада қайтарып аласыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер