100 жастағы Зылиша әже ұзақ жасаудың сырымен бөлісті - Пайдалы кеңес|31 Қазан 2016, 13:27
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

100 жастағы Зылиша әже ұзақ жасаудың сырымен бөлісті Эксклюзив

Фото: автордікі

Қарағанды облысының Жаңарқа ауданына қарасты Атасу ауылының тұрғыны Зылиша әжей биыл жүзді еңсерді . Өткен ғасырдың он алтыншы жылы дүниеге келген ардақты әже бүгінде Атасу ауылына ғана емес, Жаңарқа өңіріне де беделді, сыйлы адам, деп жазады Baq.kz тілшісі.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді қазақ. Осындай қазыналы үйдің бірі Жаңарқа өлкесіндегі Хасеновтер әулеті. Әулеттің үлкені Зылиша әже биыл 100-ге толды. Кейуана бір ғасырлық ғұмырында талай қиын кезеңді бастан кешірген. Ол – тәркілеу науқанының, ұжымдастыру кезеңінің, ашаршылық пен соғыстың куәгері. Бүгінде екі ұлы мен үш қызынан өсіп-өнген немере-шөберелерінің ортасында әдемі қартаю үлгісін көрсетіп отырған әжей елдің бірлігін, ұрпақтардың амандығын тілейді. Ғасыр жасаған сөзге шешен әжейдің жастарға айтар ақылы да аз емес.

«Еңбекке ерте араластым. Тылда жұмыс істедім. Ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты да бастан өткердік. Сол заманның қиындығын бүгінгі жастардың басына бермесін. Қазақстанның тәуелсіз ел болуын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт уақытты көру маңдайыма жазылған екен. Аллаға тәубе деймін. Басымызға қонған осы бақты бүгінгі ұрпақ бағаласа екен деп тілеймін», - дейді Зылиша әже.

Ал, ұзақ жасаудың сыры дұрыс тамақтану дейді ғасыр жасаған қарт.

«Ас мәзірінде табиғи таза тағамдардың болғанын қалаймын. Мысалы, өзіміздің қарапайым құрт пен ірімшік – күнделікті жейтін асым», - дейді кейуана.

Келіні Роза Сағындыққызының айтуынша, 100-ді еңсерген әжейдің өзі тың, қимылы ширақ, ойы жинақы. Үй ішінде емін-еркін жүріп, тұрады. Тамаққа тәбеті жақсы.

«Анамыз өте шыншыл адам. Мінезі бірбеткей. Әлі күнге маңызды шешім қабылдарда ақыл сұраймыз, рұқсатын аламыз. Жасы 100-ге келсе де қолымызға қарап отырған жоқ. Кейде тігін тігіп, көрпе құрайды. Телесериалдарды жібермей көреді. Тіпті, ұялы телефонды да пайдаланады. Сырттағы балаларының амандығын күнде біліп отырады», - дейді Роза апай.

Бүгінгі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Зылиша әжей – ұлы Жұмабай мен келіні Розаның қолында немере-шөберелерін айналып, толғанып, солардың қызығы мен қуанышына тоймай отырған бақытты жан.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер