Жылу сақтайтын шыныпакеттер «жасыл» құрылысқа жетелейді (ФОТО) - Өркениет|01 Қазан 2013, 19:37
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Жылу сақтайтын шыныпакеттер «жасыл» құрылысқа жетелейді (ФОТО)

Астана. 1 қазан. Baq.kz – Елордада «Жасыл» құрылыстың даму болашағы тақырыбында өткен дөңгелек үстелдегі үзіліс кезінде «ҚазҚұрылысШыны» компаниясының президенті, Энергоүнемдеу және энерготиімді технологиялар Ұлттық ассоциациясының негізін қалаушы Мұратхан Тоқмадимен аз-кем сұхбат жасаудың сәті тұскен болатын. Сол шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

- Мұратхан Шакеранұлы, шығарып отырған шыныпакеттеріңіздің ерекшелігі жайында айтып берсеңіз.
- Ең алдымен айтарымыз, бұл отандық өнім. Одан кейінгісі бұл шынылар жылу сақтау қаблетіне ие. Яғни, ғимарат бөлмелеріндегі терезелер мен ондағы әйнектер арқылы жылудың 70 пайызы босқа шығындалатындығын ескерсек, біздің шыныпакеттер осы олқылықтың орнын толтырады деп нық сеніммен айта аламыз.
- Сонда бұл үдеріс қалай жүзеге асады?
- Балқыған шыны құрамын зерттей келе біздің мамандар оған күміс, қорғасын, қалайы концентраттарының химиялық элементтерін қосу арқылы, шыныпакеттердің жылу мен жарық өткізу қабілетіне өзгерістер енгізді. Оның нәтижесі былай болды; бөлме ішіндегі жылу үш қабатты шыны «қабырғаларына» соқтығысып, кері тебіледі де, ғимарат ішіндегі жылудың 50-70 пайызының сақталып қалуына сеп болады. Демек, бұл қосымша шығындалуға жол бермейді деген сөз.
- Ал жаз кезінде салқындататын да «қасиеті» бар көрінеді. Ол қалай?
- Қос камералы шыныпакеттердің арасына инертті газ енгізу арқылы жылудың сақталып, жарықтың еркін өтуін қамтамасыз етуге қол жеткізіп отырмыз. Ал енді «салқындату» жайы былайша жүзеге аспақ: бәрімізге белгілі, жаз мезгілінде елімізде салқындатқыш құрылғыларды (кондиционер) үздіксіз қосатын науқан болады. Бұл электр энергиясының есепсіз шығындалуына әкеп соғуда. Біздің өнім күн сәулесін бөлме ішіне еркін өткізіп, оның құрамындағы жылуды кері тебеді. Нәтижесінде бөлме іші табиғи жарықпен қамтылып, ауа температурасы өз қалпындағы салқындықты сақтайды деген сөз.
- Үнем мен шығынның айырмасы қанша болды сонда?!.
- Мысалы, Алматы қаласында 1 шаршы метрді салқындату үшін 92 кВ/сағат энергия қажет. Ал отандық шыныпакеттерді қолдану тәжірибесінен кейінгі көзіміздің жеткені, жоғарыда аталған қажеттілікке бар болғаны 36 кВ/сағаттық энергия жеткілікті. Сонда осы шыныпакеттің арқасында жаздың күнінде салқындатуға жұмсалар энергия шығынын екі есеге дейін қысқарту мүмкіндігі туындап отыр.
- Ал енді мұндай отандық өнім тұтынушылар үшін қаншалықты қолжетімді?
- Енді жаңа технология болғандықтан, құны нарықтағы өзге шыныпакеттерден шамамен 20 пайызға қымбаттау жүреді. Мұны түсіністікпен қабылдаған жөн шығар деп ойлаймын. Есесіне, энерготиімділік пен энегрияүнемдеу тұрғысынан алып қарасақ, жоғарыда аталған 20 пайыздық қымбатшылықтың орнын оп-оңай жауып кетеді.
- Олай болса, біздің еліміз ғана емес, күллі әлем үміт артып отырған «жасыл» экономика мен «жасыл» құрылыс, баламалы энергия көздерін дамытуда тың серпін болатын ЭКСПО-2017 көрмесін сәтті өткізуде, сіздің кәсіпорынның қосар үлесі аз емес секілді...
- Ия. Бұл ретте бізге зор сенім артылуда. Осы сенім үдесінен шығу мақсатымен Астанада қараша айында JAMBO өндірісі бойынша шыныпакет шығаратын екінші зауытымызды іске қосқалы отырмыз. Ал күні бүгінге дейінгі Алматыдағы кәсіпорынымыз нарыққа шыққалы алғашқы онжылдықта миллион шаршы метрден артық шыныпакеттер шығарып үлгердік. Бұл дегеніміз, болашағымыздың баянды болатындығынан хабар беретіндей. Оған ЭКСПО қарсаңында салынатын ғимараттар мен құрылыс нысандарын қосыңыз...
- Әңгімеңізге, рахмет. Кәсібіңіз берекелді болсын!

 
Сұхбаттасқан – Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер