Ұлтымызды ұйыстырған ұлы той - Астана күні - Өркениет|06 Шілде 2012, 11:22
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ұлтымызды ұйыстырған ұлы той - Астана күні

Айбынымызды асырып, абыройымызды асқақтатып отырған Астана тағы бір жасқа есейді. Алты алаш бас шаһардың туған күнін сәніне салтанатын жарастырып тойлады. Небір керемет шоу-бағдарламалар ұйымдастырылып, әлемдік һәм отандық өнерпаздар есілдің бойын ән мен жырға бөледі. Бірден айтайық, жыл сайын ұйымдастырылатын мемлекеттік мереке даңғазалық пен даңғойлықты емес, ұлтымызды ұйыстыруды һәм халықаралық аренадағы беделімізді бекемдеуді көздеді.

 

Айналасы 14 жылдың ішінде ЕҚЫҰ, ШЫҰ саммитерін, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін, 7-Қысқы Азия ойындарын, сонымен қатар ИКҰ мен V Астана экономикалық форумын абыроймен атқарып үлгерген ресми Астана осыған дейін ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген атақпен марапатталса, биылдан бастап ТМД-ның және Түркі әлемінің мәдени ордасы деген мәртебеге ие болды. Еуропаның сапа менеджменті қоры Астанаға «күллі дүниені мойындатқан жетістік» деген сертификат берсе, «Natіonal Geographіc» телеарнасы сәулетті шаһарымызды «болашақтың қаласы» деп жариялады. Енді, елорда «ақылды қала» атануға талпынып жатыр.

ЖАСАМПАЗ ЖОБА
 Елорданы инновация мен интеллект жағынан алға оздырып, жаңа сапалық деңгейге көтеруді мақсат тұтатын «ақылды қала» тұжырымдамасы әлемнің жиырмаға жуық елінде ғана табысты қолданылып келеді. Бес бағытты қамтитын жасампаз жоба былтырдан бастап Астананың білім беру, денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар саласына енгізілді. Нәтижесінде, үйдегі ата-ана түздегі баласын бақылап отыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл үшін мектеп оқушыларына көпқызметті электронды куәлік берілді. Онда білім алушының фотосуреті, аты-жөні, мектебі, сыныбы көрсетілген. Ол мектепке келген және мектептен қайтқан уақытта ата-анаға «SMS» хат жіберіледі. Сәйкесінше, ата-ана баласының қайда жүргенін, аман-саулығын, сабақ үлгерімін назарда ұстап отырады. Болашақта осы куәлік мектептегі тамақтануды және қоғамдық көлікте жүру ақысын төлеу қызметін атқарады деп күтілуде. Бүгінде аталмыш жобаның қанатқақты нұсқасы №54 мектеп-лицейінде тәжірибеден өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта қаланың барлық мектептерін қамтитын болады.
«Smart Astana» тұжырымдамасының тағы бір тармағы - «Е-жедел-жәрдем» деп аталады. Жедел жәрдемнің жұмысын жеделдететін жоба медицина қызметкерлерін заманауи планшеттермен жарақтандырды. Озық технологиядағы GPS-жүйесі белгіленген жерге қай көшемен тезірек жетуге болатынын көрсетіп отырса, планшетке енгізілген сырқат нышандары науқасқа қандай көмек көрсету қажеттігі туралы ақпарат береді. Сөйтіп, дәрігерге де, науқасқа да шарапатын тигізеді.
Биылғы жылдың бүгінге дейінгі нәтижесі жедел-жәрдем қызметімен қамтылғандардың саны 32 пайызға артқанын көрсетті. Бұл - жаңа жоба өзін-өзі ақтап отыр деген сөз.
«3D технологиялар орталығы» жобасы да «ақылды қаланың» жемісі. Аталмыш орталықтың қандай мақсатта құрылғаны атынан-ақ білініп тұр. Ал «Қазақстан-чехиялық технологиялық орталығы» деп аталатын жоба Астана кәсіпорындарының жұмысын жаңғыртуды және инженерлік-техникалық мамандарды оқытуды мақсат тұтады.

БЕС БАСЫМ БАҒЫТ
Экономикалық даму, әлеуметтік сала, инфрақұрылымдық кешен, аумақтық ұйымдастыру және мемлекеттік жергілікті басқару жүйесі бүгінгісін емес, ертеңгісін ойлайтын елорда үшін алдағы бесжылдықтың басым бағыты болып бекітілді.
Болжамды бағалау бойынша, былтыр елорданың жалпы өңірлік өнімі 1 трлн 900 млрд теңгені құрады. Макроэкономикалық өсім 8 пайызға жуықтап, өнеркәсіп өнімі 164 млрд теңге кіріс кіргізді. Қаланың негізгі капиталына 570 млрд теңге инвестиция тартылып, ішкі сауда айналымы - 9,26, сыртқы сауда айналымы - 20 пайызға ұлғайды. Жыл қорытындысы бойынша, бас шаһардың даму бағдарламасы ел экономикасы өсімінің көрсеткішін бірнеше есе асыра орындады. Сөйтіп, Астананың ЖІӨ 12 пайызға тұрақтады. Әу баста бұл нәтиже 7 пайыздан кем болмауы тиіс деп жоспарланған болатын.
Биылғы жылдың соңғы 5 айының қорытындысы бойынша, Астанаға құйылған инвестиция көлемі 198 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 50,7 пайызға артық.
Әлеуметтің әлеуетін арттыруда да Астана қамшы салдырмай келеді. Былтыр халықты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік жәрдемақы төлеуге бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінді. 17,3 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 6,2 пайыздан 5,8 пайызға азайды.
Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою үшін шаһарда бос қызмет орындарының жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналды. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында «Өз ісімен шұғылданатындар, жұмыссыз және тұрмысы нашар тұрғындарды оқыту және жұмысқа орналастыру» атты бағдарлама іске қосылды. Өткен жылы осы шара шеңберінде мамандығы жоқ азаматтарды кәсіби даярлықтан өткізу бойынша 24 оқу орнында 57 мамандық бойынша тегін білім берілді. Қазір осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Былтыр мектепке дейінгі 19 мекеменің құрылысы қолға алынып, 1416 орындық 6 балабақша мен 2400 оқушыға арналған 2 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 22 білім беру мекемесінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 4 орта, 2 кәсіби-техникалық мектеп және 8 балабақша пайдалануға берілуі тиіс.
2006 жылы балабақша кезегіне - 8 мың бала, 2008 жылы - 28 мың, ал 2012 жылдың 1 қаңтарында - 52 мың бала тұрған. Кезек күткен 52 мың баланы бірден мектеп табалдырығын аттатпай, алдымен балабақшаның табалдырығын аттатуға «Балапан» бағдарламасы айтарлықтай ықпал етіп отыр. Дегенмен өткен жылдары ашылған жаңа нысандар сұранысты толық қанағаттандырып жатқан жоқ.
Денсаулық саласына келер болсақ, өткен жылы елорда да 500 орындық көпсалалы стационар іске қосылды. Биыл көпсалалы қалалық балалар ауруханасы мен амбулаторлық емханалық кешен ел игіліне жарамақшы. Ал келесі жылы балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен медициналық әлеуметтік оңалту орталығы салынады.
Күн сайын Астанада орта есеппен - 45, ал жылына 16 мыңдай нәресте дүниеге келеді. Қала клиникаларында күн сайын орта есеппен 130 күрделі ота жасалады. Астана бұл көрсеткішке жаңа медициналық мекемелер салу, заманауи жабдықтар сатып алу, медицина саласына жоғары білікті мамандар тарту арқылы жетті. Былтыр бас қалада 180 мыңнан астам скринингтік зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде, онкологиялық аурулардың алды алынып, дерттілік деңгейі 11,2 пайызға кеміді.
Астананы дамытуға арналған бес басым бағыттың үшіншісі - инфрақұрылым кешенін алға жылжыту ісінде де ілкімді ізденіс бар. Бүгінде қаладағы 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО жаңартылып, 3-ЖЭО-ның құрылысы басталды. Бас қаланың жылу-энергия жүйесін дамытуға былтыр 48,400 млн теңге бөлінсе, биыл 62 млн теңге қарастырылған.
Қаланы электр қуатымен кінәратсыз қамтамасыз ету үшін ВЛ 220 кВ сақинасының құрылысы қолға алынды. Үш кезеңге бөлінген жоба 2013 жылдың соңында тәмамдалады. Нәтижесінде, қолданыстағы желілердің қуат өткізу мүмкіндігі 500 кВольттан 1200 кВольтқа дейін көбейеді.
Былтыр 126 шақырым суқұбырлары мен кәріздік жүйе салынып, жөндеуден өтті. Талдыкөл ақаба суының қала экологиясына келтіріп отырған зиянын жою үшін тазартылған ақаба суын Есіл өзеніне ағызуға арналған коллектор салынды. Биыл осы жоба шеңберінде қайраңдарға тазалағыш блоктар орнатылады. Сөйтіп, тазартылған судың сапасы тұрмыстық талапқа жеткізіледі. Ал 2015 жылы атышулы ақаба айдыны мүлде жойылады.
Елбасының елорданы газдандыру туралы тапсырмасы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Жобаны жүзеге асыру жөніндегі барлық есептер Үкіметке жолданды. Таяу болашақта астаналықтар да көгілдір газ тұтынатын болады.
Кіндік қаланың қарқынды дамуы өткен жылы Бас жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге түрткі болды. Бүгінде мұнда құрылыс бірнеше жүйе бойынша жүргізіліп жатыр. Соңғы 3 жылда 4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Таяу 3 жылда әртүрлі көздердің есебінен тағы да 5 млн шаршы метр баспана салынады. Қалада 2005 - 2007 және 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бірінші бағдарлама құрылыс жүргізушілердің жауапсыздығынан ұзаққа созылып, ақыр аяғы сотқа ұласты. Дегенмен мәселенің түйіні тарқатылды. Екінші бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мерзімімен орындалуда. Бағдарлама шеңберінде жалпы ауданы 390 мың шаршы метр болатын 8166 пәтер салынып, 3192 пәтер иелеріне берілді. Қазіргі кезде жалпы ауданы 243 мың шаршы метр 4974 пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Олар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Үлестік құрылыс жайына тоқталар болсақ, оның проблемасын шешу үшін мемлекет қалаға 107 млрд теңге инвестиция жұмсады. Өткен 4 жылдың ішінде Астанада 217 тұрғын үй кешені салынып, 40 мың үлескер өз пәтерлеріне кірді.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы шеңберінде республикалық қазынадан Астанаға 40 млрд теңге бөлінбекші. Қомақты қаржы 200 мың шаршы метр ескі баспананы сүріп тастап, оның орнына 920 мың шаршы метр жаңа үй салуға жұмсалмақ. Сондай-ақ қолжетімді тұрғын үй беру ісі «Тұрғынүйжинақбанкі» арқылы несиелеу жүйесі бойынша да жалғаса береді. Таяу 3 жылдың ішінде осы жүйе бойынша 1500 пәтер тапсырылуы тиіс.


Қанат МАХАМБЕТ
Астана


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер