BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түркия сапарынан түйген ой

Астана. 21 қазан. BAQ.KZ - Түркияға соңғы рет сегіз жыл бұрын барған едім. Одан бері көп нәрсе өзгеріпті. Түркия түлеген, жаңғырған, айтарлықтай дамыған. Еуропалық Одаққа бекер ұмтылмапты.
Олармен иық тірестіретін елге айналған. Аз күндік сапарда көп дүниені көріп, бәріне баға бере алмайсың. Бірақ көзкөрген біраз жайтты айтуға, назарымызға айрықша ілінген көріністермен бөлісуге болады. 

СЫПАЙЫЛЫҚ ПЕН ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ

Түркия сыпайы әрі қонақжай елге айналған. Әуелі әуежайда кеден қызметкерлері «қош келдіңіз» деп жымия қарсы алады. Одан кейін бұл сөз қай жерге кірсеңіз де алдыңыздан шығады. Түрік ағайындардың жүздерінде жылылық, сөздерінде құрмет, қимылдарында ибал бар. Тіпті облыс басқаратын әкімдерінің өзі «менің жанымда сен кімсің?» дегендей кекірейіп тұрған жоқ. Кабинетінің төріне қонақтарын шығарып, кеудесіне қолын қойып, иіліп тұр. Түркия күллі әлемге «қош келдіңіз» деп бекерге құшақ жаймайды. Туризмнің алғы шарты бұл. Түркияның туризмнен орасан пайда тауып отыруының кілті де осында. Инфрақұрылым, жағажай, комфорт одан кейінгі кезекте.

ЕҢБЕКСҮЙГІШТІК

Түрік ағайындар «бақыттың кілті – еңбекте» екенін жақсы түсініпті. Қызмет көрсетудің қай саласы болмасын дамып кеткен. Осыдан он-он бес жыл бұрынғы жаппай тері илеп, былғары тон шығарудан бас тартқан. Жан-жақтылық жаппай өріс тапқан. Салған үйлері сәнді әрі сапалы, киімдері де көз қызықтырады. Азық-түлікпен де өздерін қамтамасыз етіп отыр. Бас-көзге қарамайтын бейберекеттілік байқалмайды. Әр нәрсенің көзін тапқан. Ат шаптырым жерді алып жатқан анар, алма, апельсин бақтарында бір арық қазылмаған. Әрқайсысының түбінде жіңішке пластик құбыр керегінше ғана су тамшылатып тұр. Бәрі есеппен. Барлығы ғылымға негізделген.

ТАЗАЛЫҚ

Ыстамбұл бұрынғысынан да көрікті, әсем қалаға айналған. Он бес миллионнан астам тұрғыны бар шаһардың ауасы жұпар аңқиды, көшелері таза. Оның бір сыры қоқыс конвейерлерінің жерастымен тасымалдануы. Қазіргі әкімнің енгізген жаңалығы екен. Бір оқпен бірнеше қоянды ататын тәсіл: жағымсыз иіс жоқ, шыбын-шіркей болмайды, көшелерде қоқыс тау болып үйіліп жатпайды. Қарапайым тұрғындардың да тазалықты сақтайтыны байқалады. Көшеде тамақ жеушілер көп. Бірақ айналасын ластап отырғандарды кездестірмедім.

ЖОЛДАР

Ыстамбұлда көлік тығыны жоқтың қасы. Қозғалыстың дұрыс үйлестірілгені өз алдына, жүргізушілер де жол ережесін қатаң сақтайды. Үлкен жолдардың ортасы қоршалыпты. Онда тек үлкен автобустар жолаушыларды ары-бері тоқтаусыз тасып, жүйткіп жүр. Алматыдағы Абай даңғылының бойына жасап тастайтын-ақ екен. Метродан мың есе арзан. Әлдеқайда тиімді. Кішігірім қалалар мен ауылдарды жалғайтын жолдар да тақтайдай. Бір аптада бір жол апаты кездеспеді. Біз мінген микроавтобустардың бәрінде арнайы құрал қойылған. Жылдамдық тілі жүзге жетсе шиқылдап қоя береді. Жүргізуші бірден тізгінді тарта қояды.

ТАРИХИ ОРЫНДАР

Түркияның тарихы бай. Ел үкіметі соның шашауын шашпай, қайта қалпына келтіріп жатыр. Өз тарихына қатысты дүниелерді былай қойып, осы жерді мекендеген басқа да көне халықтардың жәдігерлерін жаңалап, әлем жұртының назарына ұсынып отыр. Көне тарихты жаңа әдістермен жеткізу жолдарын қарастырған. Фатих сұлтанның Константинопольді алу шайқасын бейнелейтін арнайы Панорамалық көрініс бала тұрмақ, үлкендердің өзін қайран қалдырады. Бұл жерге Түркияның түкпір-түкпірінен мектеп оқушылары экскурсияға арнайы келеді. Ал мұнда жарты сағат тұрған бала өз елі мен тарихын мәңгі мақтан етеді.

МЕШІТТЕР

Ыстамбұлдағы бес-алты ғасырдан бері мызғымай тұрған, көркі көз тартатын, рухты шабыттандыратын мешіттерде шетелдіктер толып жүр. Намаздан басқа уақытта олардың кіруіне рұқсат берілген. Тек есік алдындағы жамылғымен оранып жүрулері тиіс. Исламға деген құрметті оятудың бір жолы осы болса керек. Түркия зайырлы ел болғанымен мешіттердің барлығы үкіметтің қарауында. Имамдар дерлік мемлекеттік қызметте. Олардың жалақысы ғана емес, ел алдындағы беделі де жоғары. Бір ғана Ыстамбұлдың өзінде үш жарым мыңнан астам мешіт бар. Барлық мекемелерде, ғимараттарда арнайы намаз оқитын бөлмелер қарастырылған. Тіпті біз барған облыс орталығындағы Мугла университетінің өзі оқу корпусының жанынан үлкен мешіт салып жатыр екен. Ректор оны: «студенттер жұма намазға алысқа сандалмауы үшін» деп түсіндірді. Басқа да жерлерде салынып жатқан мешіттердің көптігін көргенде тарихшылардың: Осман патшалары әлемді билеп тұрған кезінде мешіт салумен, құлдырайтын кезінде сарай салумен айналысты» деген сөзі еске түсті.

ТУРИСТІК НЫСАНДАР

Түркия туралы сөз болғанда Анталия, Бодрум, Кемерді бірінші еске аламыз. Сөйтсек, шағын қалаларының өзі туризмді жан-жақты дамытып жатыр екен. Біз болған Мугла аймағы – табиғаты тамаша, тау мен теңіз астасқан ғажайып өлке. Мұнда шағын 13 қала бар екен. Олардың ірісі Фетиеде 80 мың адам тұрады. Анталиядан небәрі 200 шақырым жерде орналасқан. Демалыс аймағында яхтамен жүзу, парашютпен самғау, балық аулау сияқты демалыстың неше түрі бар. Осы жердегі ауасы да, суы да ем «Өлі теңізде» демалушылардың көбі еуропалықтар. Ұлыбританияның өзінен жылына бір миллион адам келеді екен. Муглаға арнайы ат басын бұратын жерлестеріміз көп емес. Алты жарым мыңдай. Көне гректерден қалған амфитеатр, қорғандар, жартастағы үйлер, әлемде теңдесі жоқ «Сақлыкент» шатқалы туристерді ерекше баурайды. Бұл жердегі Даламан әуежайы Қазақстанның инвестициясына салыныпты. Бірақ екі ортаға қатынайтын тікелей чартерлік рейс те жоқ болып шықты.

ТАМАҚТАНУ

Осы Мугла университетінің аудиториялары, кітапханасы, профессорлары емес, асханасы қатты таңғалдырды. Бір мезетте бес мың адам тамақтанады екен. Қай кезде келсеңіз де арзан әрі ыстық тамақ дайын. Проректор, декандарыңыз да студенттермен бірге ас ішіп отыр. Қарны тоқ студент оқымағанда не істейді?! Жалпы, тамаққа келгенде өзіңді тежемесең, Түркиядан бір аптада семіріп қайтасың. Қонақүйлер мен туристер қабылдайтын орындар адамдардың осал жерін дәл тапқан. Төлеген бағаның ішіне тамақтануды қосып қойған. Онысы және аста-төк. Кеңестік кезеңде тегін нәрсеге үйреніп қалған ТМД елдерінен демалушылардың Түркияға көп келетіні содан да шығар...

АРТЫҚ САЛМАҚ ПЕН ТЕМЕКІ

Маған Түркияда екі нәрсе ұнамады. Біріншісі, осы аста-төк тамақтың салдары. Осымен он жыл бұрынғымен салыстырғанда етженділер көбейген. Оны өмірдің жақсаруымен, тұрмыстың түзелуімен де байланыстыруға болады. Қалай дегенмен, артық салмақтың денсаулықтың жауы екені рас. Осыны ескерген ел үкіметі спортқа, дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп жатыр екен. Аулаларда, бақтарда, жағажайларда әртүрлі спорт снарядтары салынған. Спортшылар ел батырларына айналған. Бір газеттен байқап қалдым үкімет басшысы Таип Ердоған футболшы Хакан Шүкірдің ұлының сүндет тойында жүр. Екінші ұнамаған нәрсе – темекі. Шылым шегуден Түркия бұрыннан әлемде Қытайдан кейін екінші орында. Үкімет мұнымен де күресіп жатыр екен. Қазір бір қорап темекінің құны біздіңше 700 теңге шамасында. Өздері «шылымқорлар әжептеуір азайды» дейді. Бәрібір, ері мен әйелі қатар тұрып, көк түтінді бұрқырата беру мұнда әлі үйреншікті нәрсе.

МАДО

Тамақ туралы айтқанда «МАДО»-ны айналып өтуге болмайды. Бұл сөздің нені білдіретінін қайдам, бірақ бір дәмін татқан адам оның балмұздағын аңсап тұратыны анық. Не айырмашылығы бар дейсіз ғой? Таза ешкінің сүтінен жасалады екен. Таңдайыңызға майдай жағатыны, барлық дәм сезу рецепторларыңыздың ләззат алатыны содан шығар. Осы балмұздақ желісін шығармас бұрын кәсіпкер ауылда тұратын отбасыларға жиырма бес сүтті ешкіден тегін таратып беріпті. Сүтті күн сайын солардан сатып алады екен. Оның сапасын, су қосылмауы, майлылығы кеміп, артпауы қатаң қадағаланады екен. Осылайша, ауылдағылар табыс тауып, кәсіпкер ісін дөңгелентіп отыр. Әр қалада «МАДО»-ның дүкендерінің көптігіне қарап, ешкілерінің саны да мыңғырған-ау деп қалдым.

БАСЫЛЫМДАР

Түркияда мерзімді басылым көп. Ұшаққа отырғаннан алдыңа бір құшақ қып әкеп тастайды. Қонақүйге кірсең де алдыңнан менмұндалап түрлі-түсті боп жатады. Оқымасаң да, алып ақтарасың. Әуелі қағазының сапасы қызықтырып, ары-бері сипап көресің. Одан кейін сөйлеп тұрған суреттерін тамашалайсың. Сосын көзің жауын алатын жарнамаларын қызықтайсың. Бір байқағаным, Түркияның қай газетін ашсаң да жарнаманы, хабарландыруды кездестіресің. Оның сырын сұрап, білдім. Мұнда «Из рук в руки», «Колеса», «Работа» секілді арнайы жарнама газетін ашуға тыйым салыныпты. Сондықтан бәріне тең үлес тиеді екен. Ал бұл біздің редакторлар үшін арман, әрине...

РАДИО

Онсыз да көгілдір экраннан қажыған басым, барған жерімде теледидар қоспадым. Есесіне радионы армансыз тыңдадым. Ыстамбұлда 69 радиостанса түрік тілінде сайрап тұр. Жаңалығы, саясаты, сұхбаты, спорты, дәстүрлі әні, заманауи поп музыка бәрі бар. Алматыға келе салысымен көлікте отырып, радиоқабылдағыштың құлағына жармастым. 14 радионың екеуі ғана қазақ тілінде, бірі еркекке күш беретін дәріні жарнамалап жатыр, екіншісінде – жылаңқы әуен. Қалған 12 толқында орысша ақпарат пен ағылшынша әндер...

P.S. Айтпақшы, елді сағынып келгенде әуежайдағы мына жайтты айтпасқа болмайды. Кеденші қаракөз қарындасым «қош келдіңіз» демек түгілі, «Сәлеметсіз бе?» дегеніме жауап та берген жоқ. Қабағын ашпаған күйі төлқұжатымды ары-бері ауыстырып көрді де, маған қарап: «поднимите кепку» деді. Біздің шынайы өмір басталды...
 

Бейсен ҚҰРАНБЕК, журналист


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер