Түркістандық өнертапқыш қойшыға керек ерекше таяқ ойлап тапты - Өркениет|03 Қазан 2012, 15:07
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Түркістандық өнертапқыш қойшыға керек ерекше таяқ ойлап тапты

Астана.3 қазан. Baq.kz Түркістандық өнертапқыш қойшыға керек ерекше таяқ ойлап тапты. Асатаяқ – шопанның ит-құстан қорғанатын қаруы, шаршағанда сүйенетін тірегі. Бір сөзбен айтқанда, таяқта қойшыға қажетті заттардың бәрі бар. 

Сұлтанбек қарияны жолдастары «ала таяқты сиқырлы ата» дейді. Өнертапқышқа асатаяқ жасау туралы бұл ой жетпісінші жылдары келіпті. Шопандар тойында озат қойшыларға қисық-қыңыр таяқ ұстата салады екен. Ал шопан, таяқты жасау жыл он екі ай мал соңында жүрген шопандар еңбегі дұрыс бағаланса деген ойдан туындады,- дейді.
Сұлтанбек ТӘШЕН, өнертапқыш:
- Шопандар тойында кезінде қисық таяқты бере салатын еді. Сонда осындай техника дамыған уақытта шопандардың атына лайықты бір өзгеріс болса екен деп ойлайтынмын. Сондай ой арқылы таяқтың идеясы туды. Таяқта көк байрағымыз, Елтаңбамыз бар. Сонымен қоса, таяқта орнатылған радиодан Әнұранымыз айтылады. Рәміздеріміздің жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде мәнісі зор.
Шопанның асатаяғы қатты әрі жеңіл бамбук ағашынан жасалған. Екі бөліктен тұратын таяқтың ұзындығы 170 сантиметр, салмағы 1,5 килограмм. Бағыт көрсететін компасы, қойшыға қажетті жарық, күнтізбе, радио қабылдағыш, тіпті мал басын санайтын есептегіші де бар. Ала таяқтың екінші бөлігінен дәрі-дәрмек салатын құты, жиналмалы пышақ, ит-құсты үркітетін жарылғыш затты табуға болады.
Әбдіхалық ФАЗЫЛҰЛЫ, замандасы:
- Егер бұл таяқ жас кезімде болғанда, қой жайып, радиосын тыңдап, компасымен жер бағдарлап, қауіпті болса ит-құстарды атуға болар еді. Ішіне бар керек дәрі-дәрмегімді, насыбайымды салып қояр едім. Жалпы, тамаша зат екен.

Сұлтанбек Тәшенов өмір бойы мал дәрігері болып еңбек еткен. Төрт-түлікті емдеу кезінде бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеде қолданып жүрген Тәшеннің шприц-автоматын да ойлап тапқан осы кісі екен.
Әбдіхалық ФАЗЫЛҰЛЫ, замандасы:
- Ойлап тапқан шприці де өте тамаша. Ол асауларға бұрынғыдай қолмен емес, жақыннан өзі көздеген орынға лезде сарт еткізеді. Шприц өзінің дозасын береді де, қояды.
Бүгінде 72-ге келген Сұлтанбек қария сағатқа сәйкестендіріп мұсылман күнтізбесін де жасап шығыпты. Жалпы өзі ойлап тапқан төрт туындысын Әділет басқармасына тіркеп, зияткерлік меншік кұқығын алған. Қарияның тың жобасын қолдаушылар табылып жатса, көбейтіп, әрбір қазақтың үйінде «шопан ата таяғы» тұрса деген арманы бар.
Авторлар: Қанат Жүнісбеков, Нұрмахан Мұсатов, Ерболат Әбіш, 24 KZ 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер