BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сыр бойында ортағасырлық 40 қала болған

Астана. 12 желтоқсан. Baq.kz - Сыр өңірінде түркі мәдениетінің алтын қазығы саналатын көне қалалар көп-ақ. Қазақ-қыпшақ хандығының бас ордасы болған Сығанақ, оғыз мемлекетінің орталығы Жанкент, сақ тайпаларының мекені Шірік Рабат қаласын тарихшы- ғалымдар көптен зерделеп жүр, деп хабарлайды Хабар арнасы. 

Құмның арасынан аршылған құнды жәдігерлердің тұтас ел тарихын тануда маңызы ерек. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қол жеткен тың деректер халықаралық конференцияда баяндалды.

 

Ирина Аржанцева, «Еуразия археологиясы» орталығының меңгерушісі /Ресей/:
- Қызылорда облысы тоғыз жолдың торабында орын тепкендіктен, сан ғасырлар бұрынғы адамзат мәдениеті мен тұрмысын танытатын дүниелерді осы жерден кездестіреміз. Шірік Рабат, Бұланды, Бәйбіш мола және аты мәшһүр Жеті асар – әлемдік маңыздағы ескерткіштер. Оны тереңірек зерттеу барасында әріптестік байланыстың кеңейе түскені қуантады.

 

Қойнауы құтқа толы Қаратау аңғарында да тарихи құны жоғары үңгірлер кездеседі. Таудан жырақтау орналасқан Ұлы Жібек жолының бойындағы Құмиян, Қырөзгент шаһарлары тағы бар. Тіптен Шиелі ауданындағы Сауысқанды, Бағаналы қорымдарынан осыдан 3 жарым мың жылдықтан сыр шертетін алтын бұйымдар табылуда.

 

Дархан Байтілеу, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері:
- Қорымда қола дәуірі, ерте темір дәуірі, сақ дәуірі дейміз ғой, сосын петроглифтер. Бірталай ескерткіштер бар. Сол ескерткіштерді біз зерттеп, табылған заттарды мұражайға тапсырамыз.

 

Жер бетіндегі ең көне күмбезді ескерткіш те Сырдың ескі арнасы Жаңадарияның жағалауында тұр. Сақ дәуірінен бері сақталған Бұланды ескерткіштері бүгінде ерекше қорғауға алынды. Дегенмен әлі де болса, қамқорлықты қажет ететін қазыналы дүниелер аз емес. «Алдағы уақытта ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруға әбден қолайлы Сығанақ қаласының 80 гектар аумағын тез арада қоршап, қорғау жайы әлі де өзекті күйде. Сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, кешенді зерттеу жұмыстарын кеңейте түсу маңызды», – дейді ғалымдар. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер