Шымкенттіктер қымбат көліктердің қосалқы бөлшектерінен жиһаз жасауда (ВИДЕО) - Өркениет|27 Желтоқсан 2015, 13:20
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Шымкенттіктер қымбат көліктердің қосалқы бөлшектерінен жиһаз жасауда (ВИДЕО)

Астана. 27 желтоқсан. BAQ.kz – Естімеген елде көп. Шымкенттік тұрғындар қымбат көліктердің қосалқы бөлшектерінен жиһаз жасап шығарды. 

Мұндай ерекше жобаны қарапайым автомеханиктер қолға алған. Ағайынды Бейсембаевтар орындықтан бастап киім ілгішке дейін жарамды заттардан жасаған. Тіпті жарық-шамның өзі мотор қорабынан тұрады. Шағын ғана бөлменің ішін нағыз шетелдік көлік салоны деуге болады.

Көзге бірден төрдегі ең жылдам қозғалатын BMW көлігі түседі. «Қала көшелерінен өте сирек кездесетін жайлы әрі орнынан жылдам қозғалатын машина кез келген жүргізушінің арманы», - дейді механик.

Құрманғазы Бейсембаев, автомеханик:
- BMW-ның көп түрі бар. Олардың арасында ең жақсы, мықтысы – 5 кубтық М-5. Оны осы көлікті айдағандардың бәрі біледі.

Бөлмеге кіргенде шетелдік жол талғамайтын машинаның салонында отырғандай әсерде боласың. Қабырғаларға қымбат көліктің ішіндегі әрбір бөлшегіне дейін салынған. Тіпті айналадағы көріністер де бейнеленіпті.

Шағын кабинет Mercedes көлігінің артқы бөлігіне орнатылған пешпен жылиды. BMW машинасының моторынан жасалған жазу үстелі, киім ілгіш пен қоқыс жәшігі де қосалқы бөлшектерден құрастырылған. Ең негізгісі – жарықшам.

Ағайынды автомеханиктер бірнеше жылдан бері шетелден бұрын қолданылған көліктерді алып келіп сатумен айналысады. «Қолда бар болған соң жиһазды сатып алғанша, құрастыруды ойластырдық», - дейді. Қоймадағы жоғары қабатқа көтерілетін баспалдақтың өзі қосалқы бөлшектерден құрастырылған.

Орталықтың тіпті екінші қабатына көтерілетін баспалдақтың өзі автобөлшектерден құрастырылған. Дәл қазір мен ең қымбат көліктің алдыңғы бөлігінің үстінде тұрмын. Бұны құрастырып шыққан ағайындылар «баспалдақ 500 келіге дейін көтереді», - дейді. Сондықтан келушілер емін-еркін шығып-түседі.

Дәулет Жаппашов, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Осындай нәрсені көргеніме таң қалып тұрмын. Шынымен де автомобильдердің бөлшектерінен осындай зат жасауға болады деп ойламаппын.

Қоймада майға малынып не шашылып жатқан бөлшек кездеспейді. Жарқылдаған доңғалақтардан бастап қосалқы заттардың барлығы рет-ретімен қойылған. Бұған қарап ағайындылардың ұқыптылық пен тазалықты жандары сүйетіндігін аңғару қиын емес. Өздері құрастырған жиһаздардың ішіндегі қосалқы бөлшектерін сат деген ұсыныстар да түсіпті. «Бағасы қымбат болғанымен, өзің жасаған туынды сатылмайды», - дейді автомеханиктер. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер