«Өзіміз де дамимыз, кәсібімізді де дамытамыз» - Өркениет|05 Қаңтар 2016, 09:37
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

«Өзіміз де дамимыз, кәсібімізді де дамытамыз»

Астана. 5 қаңтар. Baq.kz - Осыдан тура он жыл бұрын… Түркия… Стамбұл… Сауда орталығы… «Мынау тон жақсы екен, бірақ қолы сəл-пəл ұзындау ма, қалай?» – деді арзан əрі əдемі тоннан дəмелі, бірақ онысы өзіне үлкендеу болып тұрған əріптесіміз. «Ол жағын уайымдамаңыз, өздері кесіп, жөндеп береді», – деді жол бастап жүрген аудармашымыз. Таңғалдық та қойдық. Тағы бір тонды киіп көріп, «түсі кішкене қанықтау болғанда ғой» деген еді, ол да аса бас ауыртатын мəселе болмай шықты. Тіпті, қысқа тонды көрсетіп, «осының ұзыны жоқ па?» десең, ол да бар болып шығады.

Сөйтсек, сырт киім сататын орталыққа барып, «маған мына тон ұнайды, бірақ түсі мынадай болса, жеңі қысқалау болса жəне етегі ұзынырақ болса» десең, тура сол қалғаныңдай етіп жасап береді екен. Бойыңызға шап-шақ етіп тігіп бере қояды 1-2 күнде. «Етегі сəл қысқалауы жоқ па?» деген сұрағымызға «жоқ, стандарт» деген жауап алып үйреніп қалған біз рас таңғалдық. Жуырда Түркияға тағы да жол түсті. Бұл жолы Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған онкүндік сапарға шықтық. Жолбасшымыз – əріптесіміз əрі қор жетекшісі Нəзия Жоямергенқызы. Түрікше сөйлегенде түріктердің өзін жаңылдыратын Нəзия Түркияның қазіргі ішкі саяси жағдайы, ел ішіндегі əлеуметтік жағдай, экономикалық қуаты, қарсылас саяси күштердің бір-бірінен артықшылығы мен кемшілігі жөнінде біраз жайттан хабардар етті 1 қараша күні елде өткен парламент сайлауына халықаралық бақылаушы болдық та, 3-5 қараша күндері Инегөл қаласында дəстүрлі Жиһазшылар көрмесіне қатыстық. Алдағы жылы бұл көрме 35-рет өтеді екен. Бастапқыда азғантай жиһаз жасаушының басын қосқан шағын шара бүгінде үлкенжиынға айналған. Биыл бұл көрмеге Түркияның өз ішінен ғана 1000-нан аса жиһаз өндіруші қатысып, өздерінің жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Тек жиһаз ғана емес, жиһаз жасауға қажетті шикізат пен ұсақ-түйек, үй тұрмысына қажетті əртүрлі заттар неше түрлі пішінде, сан алуан бағада, əрқилы талғамға сай толып тұр. Жиһазшылар қауымдастығының президенті Өзжан Айкан мырзаның айтуына қарағанда, бір ғана Инегөлде 2000-нан астам жиһаз жасайтын фирма бар екен. 50 мың адам осы саладан нəпақасын тауып жүр.

Инегөлдің екі қапталы, айналасы ну орман. Ондағы ағаштардың барлығы дерлік арнайы өсіріліп, күтіліп-бапталып, кейін жиһаз жасауға пайдаланылады. Инегөлдің жиһазы көршілес елдерге ғана емес, кəрі құрлыққа, тіпті, мұхиттың ар жағына дейін тасымалданады екен. Əлемдік əйгілі брендтердің филиалдары да жұмыс істейді. Айкан мырза «Аргентина, Бразилия нарығына шыққымыз келеді» деп қалды сөз арасында. Осы кездің өзінде Қытайдың Гуанджоу қаласында Инегөлдің 22 фирмасы жұмыс істеп жатыр екен. Қазіргі қарқындарынан таймаса, аз жылда бұлардың жиһазы алты құрлыққа тарар деген ойда отырдық.

Бір байқағанымыз, Түркияда шағын жəне орта бизнеске банктер төменгі мөлшерлемемен несие береді. Оған қоса, мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Жиһазшылар да дайын асқа тік қасық деп отырмай, жан-жақты дамуды басты мақсат ететіні ұнады. Көрмеге қойылған жүзден аса фирманың бұйымдарын тамашалап жүргенде осыны аңғардық. Бір ғана орындықтың жүздеген түрі, бір ғана диванның неше алуан формасы… Тіпті, əншейін ұсақ-түйек салатын тартпалар мен комодтардың мыңдаған түрі еріксіз өзіне қаратады.

Ас үйге арналған жиһаздың əрқайсысы өзінше əдемі, өз артықшылығы бар. Адамның тұрмысын жеңілдетуге барынша күш салғандары көрінеді. Болымсыз ұсақ-түйектің өзін есепке ала отырып жасаған. Балалар жиһаздары қандай! Бірі ханшайымның, енді бірі нағыз ханзаданың бөлмесі! «Біз мұнымен тоқтамаймыз. Өзіміз де дамимыз, кəсібімізді де дамытамыз» дегенді айтты Өзжан Айкан мырза. Біз ол сөзіне риясыз сендік. «Жоқтан бар жасау» деген осы шығар дестік сосын. Сақтағанда, қолда барды ұқсата алмағаннан сақтасын!

Жұлдыз ƏБДІЛДА 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер