Операторлар отандық ғарыш аппаратын неге пайдаланбайды? - Өркениет|23 Маусым 2014, 13:36
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Операторлар отандық ғарыш аппаратын неге пайдаланбайды?

Астана. 23 маусым. Baq.kz – Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың өзі жетекшілік ететін салаға қатысты баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Отырыста сөз алған депутаттар қазіргі кезде отандық KazSat ғарыш байланысының әлеуеті толық пайдаланылмай жатқанын айтып, маман ретінде агенттік төрағасына сауал қойып, жауабын іздеді. 

- Бірден айта кетейін, бұл мәселемен айналысу біздің құзыретімізге жатпайды. Десек те, техникалық тұрғыдан қолдау көрсететін маман ретінде түсінік бере кетейін. Ағымдағы жылдың мамыр айындағы деректерге сәйкес, бұл күнде KazSat ғарыш байланысының қызмет көрсету үлесi тек 38%-ға жуық болып отыр. Ал қазақстандық операторлар шетелдiк байланыс аппараттарының қызметін жалға алуды жалғастырып келеді. Ұлттық ғарыш агенттiгi – ҚР байланысының әкiмшiсi емес. Біз тек операторлардың жұмысын қамтамасыз ететiн желiлердi құрумен ғана айналысамыз. Десек те, осы мәселенi шешу мақсатымен Байланыс және ақпарат агенттiгiне, үкiметке бiрнеше рет өтiнiш бiлдiрген болатынбыз. Ендігі жерде отандық байланыс операторларын бiртiндеп KazSat-2 және KazSat-3 ұлттық ғарыш жерсерiктерiне көшiруге байланысты жұмыстар жалғасып келеді. Ал бұл қызметке Байланыс және ақпарат агенттiгi жауап бередi, - дедi Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Аманкелдіұлы.

Сөз арасында Мәжiлiс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева отандық байланыс операторларының KazSat-2 жер серiгi көрсететін қызметті қолданбау себептерiне қатысты нақты жауапты Байланыс және ақпарат агенттiгi төрағасының бiрiншi орынбасары Сәкен Сәрсеновтен сұрады. Ол өз сөзінде қазіргі кезде қазақстандық операторлар шет елдік ғарыш аппараттарының қызметін пайдалануға келісім бекітіп қойғандықтан, оны бұзғаны үшiн қомақты мөлшерде айыппұл төлеуге мәжбүр болатындығын мәлімдеді.

- Оларға келісімді бұзған тым қымбатқа түседі. Сондықтан да олар отандық ғарыш аппараттарының қызметін қолдана алмай отыр. Дегенмен, 2016 жылдан бастап еліміздің байланыс операторларын KazSat-2 жер серiгiнiң 100% жүктемесiн қамтамасыз ететін болады, - деді ол.


Нұрлыбек ДОСЫБАЙ
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер