«National Geographic-тің» үздік 50 суретінің» көрмесі өтті (ФОТО) - Өркениет|27 Мамыр 2016, 14:40
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«National Geographic-тің» үздік 50 суретінің» көрмесі өтті (ФОТО)

Астана. 27 мамыр. Baq.kz - Мамыр айының 27 күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрменің ашылуы болды, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі. 

Көрме «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесер рәсімі аясында ұйымдастырылып, оған Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, «National Geographic-тің» Халықаралық директоры Даррен Смит, осы журналдың маркетинг директоры Ариэль Делор, басылымның Қазақстан бойынша директоры Еркін Жақыповтар қатысып сөз сөйледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Парламентінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Мәулен Әшімбаев бастаған халық қалаулылары да қатысты.


Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев халықаралық деңгейдегі беделді басылымның Қазақстанда шығарылуы ерекше оқиға деп атап өтті.

«Әлемге танымал басылымның біздің елге келіп, қазақ тілде шығуы отандық ақпарат саласы үшін жылдың елеулі оқиғасы деп білемін. Тасын түртсе тарихы сөйлейтін, Алтай мен Каспийдің арасындағы Ұлан-ғайыр жеріміздің талайды тамсандыратын табиғаты, мәйекті мәдениеті, қайталанбас салт дәстүрі «National Geographic Қазақстан» үшін таусылмас тақырып болары сөзсіз», деді Д.Абаев.


«National Geographic Қазақстан» журналының директоры Еркін Жақыпов басылымның қазақстандықтар үшін маңызды екендігіне тоқталып өттті. «Біз осы уақытқа дейін журналдың 5 санын шығардық. «National Geographic Қазақстан» журналы Қазақстанға келуі арқылы оқырмандар әлемдік басылым материалдарын өз ана тілінде оқи алады. Бұл журнал біздің еліміз үшін де көп мүмкіндік ашып бере алады. Мәселен тарих пен мәдениетке қатысты кез-келген тақырыпты ғаламдық деңгейде көтеріп, талқылай аламыз», Е.Жақыпов.
Сонымен қатар журналдың тұсаукесеріне арнайы шақырылған, 1954 жылы «National Geographic» журналына шыққан Фазила Жаңалтай апа жиынға келген қауымға ақ батасын берді.


Көрмеде талғамы жоғары келушілерге 128 жылдық тарихы бар әлемдік беделді басылымның әлемді өзгерткен ең үздік фотолары ұсынылады. Онда Стив Маккарридың дүниені шарлаған әйгілі «Ауған қызы» суретінен бастап, Джейн Гудоллдың өзіндік қолтаңбасы бар кадрлары, Томас Аберкромбидің қайталанбас Меккенің суреті қойылып, «National Geographic» тарихындағы басқа да танымал фото-туындылар паш етіледі. Бұнымен қоса, көрмеге келушілер фото-суреттерді тамашалап қана қоймай, кадрдан тыс орын алған оқиғалар туралы да біліп, әр суреттің тарихына терең үңіле алады.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндағы әрбір фото адамға терең ой салып, дүниеге философиялық көзқараспен қарауға үндейді.
Естеріңізге сала кетейік, «National Geographic Қазақстан» журналы алғаш рет елімізде биылғы жылдың ақпан айынан бастап жарыққа шығып келеді. Қазіргі күні беделді басылымның ана тіліміздегі төртінші саны әзіз оқырманның қолына тиді. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер