BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мүгедек балаларға инклюзивті білім беретін мектеп керек

Астана. 25 қараша. Baq.kz – Павлодарда «Үйдегі шығармашылық шеберлік» атауымен мүгедек балаларға арналған қанат қақты жоба жүзеге асып жатыр. Екі айдан бері аталған жобаға қатысқан балалар шығармашылықпен айналысып, өз қабілеттерін шыңдауда. Олар ән айтып, сурет салуға ұмтыла бастады.

Бәрінен бұрын мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары балғындарының ынта-жігерін көріп, бағдарламаның игілігіне дән риза. 7 жасар Әзім Демеуов өзінің ұстазын тағатсыздана күтіп отыр. Туғанынан жарымжан баланың қазір музыкаға деген ынтасы зор. Балғынның үйіне келіп, шеберлігін шыңдайтын дефектолог маман оның қабілетін жоғары бағалайды.

Руженна Осипова, дефектолог:

- Бірнеше сағаттық музыка сабағынан соң, баланың қызығушылығы арта түседі. Ол еңбекқорлығын аспапқа деген сүйіспеншілігі арқылы білдіреді.

Балалардың жаңа бағдарламадан үйренері көп. Олар әуезді әуенмен қатар, сурет салуды меңгереді. Тіпті шетел тілін де білуге құштар. Қанат қақты жоба тек екі айға жоспарланған. Ал ата-аналар баласының үйде отырып-ақ шеберлігін шыңдайтын бағдарлама жалғасын тапқандығын қалайды.

Елена Демеуова, қала тұрғыны:

- Баламның музыкаға деген қызығушылығы оянды. Үйде жеке қалғанда күйсандығын алып шығып, үйренгенін ойнай бастайды. Күн сайын мұғалімін асыға күтіп отырады. Сондықтан бұл жобаның жалғасын күтеміз.

Үйде оқыту әдісі өз нәтижесін бере бастады. Дегенмен ата-аналар балаларының өзге оқушылармен қатар оқып, инклюзивтік білім алғандығын қалайды. Бұл мәселе Павлодарда талай мәрте көтерілген болатын.

Тамара Бородина, «Үміт» қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі:

- Бұл мәселені күнделікті алға қоямыз. Болмаса қаладағы мектептердің біреуі инклюзивтік білім беруге арналса, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін мүгедек балаларға арналған арба жолдары мен сүйеніштер орнатылуы қажет.

Мүгедек балалардың 18 жастан кейін жұмысқа орналасуы қиындық туғызады. Тек бірлі-жарымы ғана қайырымдылық қоры арқылы қолдау тауып, өз ісімен айналысуға мүмкіндік алады.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер