Көпес Кубриннің үйі жайлы не білеміз? - Өркениет|13 Тамыз 2012, 11:36
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Көпес Кубриннің үйі жайлы не білеміз?

 

 Ел тарихында Астана қаласы шежіресінің маңызы зор. Алғаш рет бекініс ретінде бой көтеріп, кейіннен маңызды сауда орталығы бар қалаға, тың игерушілердің астанасына айналғанынан-ақ қаланың қаншалықты маңызды болғанын көре түсуге болады. Астана үшінші мыңжылдықтың табалдырығын аттар тұста Еуразия жүрегіндегі ең әсем қалаға айналып, халықаралық бас қосулар мен татулықтың, бейбітшіліктің кіндігі атанды. Сарыарқаның кіндігінде бой көтерген қаланың тарихы да бай.

 Қаланың ортасында орналасқан тарихи маңызы бар ғимараттар Астана қаласының мақтанышы. Қаладағы осы тарихи ғимараттарға тоқталып, сырына үңілсек көптеген қызықты мәліметтерге тап боламыз. ХІХ ғасырдың ортасында қазақ жеріне қоныс аударып, өз кәсібін дөңгелетіп, қала тарихында айтарлықтай із қалдырып кеткен көпес Кубриннің үйі жайлы деректер Астана қаласының мұрағатында сақталған екен.
 Астана қаласының Кенесары мен Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан ғимарат әрілі-берлі өткен тұрғындар мен қала қонақтарын өзінің қайталанбас архитектурасымен қызықтырады. Бойына талай сырды бүгіп жатқан тас қабырғаның сырын ақтарған Астана қаласының мұрағатындағы деректер еді.
 Әуелі осы айтып отырған көпес Кубрин деген кім? Осыған тоқталып өтсек. Кубриндер шамамен 1830 жылдары Ақмола жеріне қоныс тепкен казактар еді. Әулеттің негізін салушы Констатин Кубрин болатын. Оны патшалық Ресей Ақмола бекінісінің негізін салушы казак ретінде таныған. Константин Кубриннің Андриан және Матвей есімді екі ұлы болды. Әкесі тәрізді екі ұлы да саудамен айналысып, Ақмоладағы бай көпестердің қатарынан көрінді. Андриан мал ұстап, шарап ашытумен айналысатын. Тасы өрге домалаған Андриан кейіннен Ақмола жерінде ең алғаш рет сыра зауытын ашқан адам ретінде тарихта қалды. Ал, Матвей де қалада саудамен айналысты. Қаланың қоғамдық өміріне араласып, кейбір бастамаларға демеуші де болды. Бірақ кейіннен Матвей өзінің барлық істерін ұлы Василийге тастап, Ресейге кетіп қалады. Әкесінің сауда саласындағы тәжірибесін жинақтаған Василий сауданы тез меңгеріп кетеді. Міне осылай, Ақмола жерінде Кубриндер әулеті деген үлкен кәсіпкерлер әулеті елге осылай танымал болды.
 Сөз басында айтып өткен Кенесары мен Әуезов көшесі қиылысындағы ғимараттың да тарихи осы Василий Кубриннен басталады. Ақмоладағы кәсібін кеңейту үшін Василий Кубрин жиі-жиі Ресейге шығып тұратын. Бірде ол Петербургке барғанында әртіс қызды жолықтырады. Қызға қатты ғашық болған Василий оны Ақмолаға алу кетуге бел буады. Қыз да Василийді ұнатқанымен алыстағы жаңа ғана бой көтеріп жатқан станцияға барғысы келмейді. Қыз үшін Петербургтегідей жағдай бәрінен де қымбат еді. Оның ішінде өзі тұрып жатқан салтантты үйі тіптен ерекше болатын. Василийдің Ақмоладан дәл осындай үй салып беретініне күмәнмен қарап, оған қиындау талап қоюды ұйғарады. Ол талабы Ақмоладан дәл осындай үй салдырту болатын. Егер осындай үй салып, жағдайымды жасасаң баруым мүмкін дейді. Қаржыдан қысылмаған көпес Ресейден шеберлер ала келіп, Ақмоладан әртіс қыздың талап еткеніндей етіп, екі жылдың ішінде 1910-1912 жылдары осы үйді салдыртып шығады. Ауласына көпестің өзі ағаш егіп сәнін келтіреді. «Ресей» сақтандыру қоры» мекемесіне 1913 жылы 700 жылқы немесе 40 мың рубльге бағалап, сақтандырып та қояды.
 Өкінішке орай бұл үйде Василий Кубринге ұзақ тұруды тағдыр жазбайды. Сол кездегі бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс, Ресейдегі қазан төңкерісі, Ақпан революциясы, Кеңес үкіметінің орнауы секілді бірінен соң бірі болған соғыстар мен өзгерістер Кубриндер әулетінің мазасын қашырып, Ресейге кетулеріне тура келді.
 Қазан төңкересінен соң Кубриндер әулетінің үйлері мен дүкендері Кеңестердің қолына өтеді. Әртіс қыздың қалауымен салынған үйде жұмысшылар клубы мен кітапханасы орналасады. Кейіннен қаланы басқаратын атқарушы комитеттің үйі болады. 1930 жылдардағы Сталиндік қуғын-сүргін кезінде үйдің жертөлесі қудалауға ұшыраған зиялылардың жасырын бас қосатын мекеніне айналады. 1950 жылдары білім басқармасы орналасты. Ал, алпысыншы жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайына мекен болды. Отыз жылдан астам уақыт бойы мұражай үйі қызметін атқарған ғимарат кейіннен мұражай қорына арналған орын болды. 1998 жылы Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстан астанасы атанған сәтте, Алматыдан елшіліктер көшіп келген уақытта ғимарат Украина Республикасының Қазақстандағы елшілігіне пайдалануға берілді. Бүгінде бұл ғимарат Астана қаласының мақтанышы ғана емес, туристердің де келіп қызықтайтын басты орындарының біріне айналған.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС, BAQ.KZ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер