Қытай инвесторлары экологиялық таза қуат көзін өндіруге атсалыспақ - Өркениет|19 Қаңтар 2016, 09:26
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қытай инвесторлары экологиялық таза қуат көзін өндіруге атсалыспақ

Астана. 19 қаңтар. Baq.kz – Еуразиялық форумда Елбасы Н.Назарбаев: «2020 жылға дейін Қазақстанда жыл сайын энергия тұтыну көрсеткіші кем дегенде 2,5 пайызға, ал келесі онжылдықта жылына 3,5 пайызға төмендеуі тиіс. Еліміз болашақ энергияның айтарлықтай әлеуетіне ие. 2050 жылға қарай баламалы энергия елде өндірілген барлық энергияның жартысына жақындауы тиіс. Ондай мүмкіндігіміз бар»,- деген болатын. Осыған орай еліміз көршілес Қытаймен бірлесіп жаңа бір сала – экологиялық таза қуат көзін өндіру бағытында да әріптестікке қол жеткізіп келеді.

Елбасының баламалы энергия көздерін дамыту жобасын қолдау мақсатында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ҚХР «Датанг оверсиз инвестмент» компаниясының Орталық Азиядағы инвестициялық жобалар жөніндегі басшысы Чжан Чжемен кездесті. Қазіргі таңда әлемде энергия көздеріне деген сұраныстың жыл өткен сайын артып отырғандығын сөз еткен қос тарап, жаңа энергия көздерін табудың жолдарын талқылады. Бұл ретте «Датанг» компаниясының жауаптылары қалпына келетін қуат көздері жобаларын дамытудағы ынтымақтастық туралы өз ойын ортаға салды. Өз кезегінде шаһар басшысы «Шымкент қаласының 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасындағы» жаңа жобаларға осындай экологиялық талаптарға сай энергия көздерінің қажет екендігін айтып өтті. Әрі, қызығушылық танытқан кәсіпорындарға қолдау көрсететіндігін жеткізді.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда қытайлық компания Қазақстанда көмір газын (жанған көмірден алынатын газ) өндіру жобасына белсене араласып жатыр. Қазір олар еліміздегі электр стансаларын газ генераторларымен жабдықтауда. Табиғатты қорғауға қосар үлесін былай қойғанда, бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер алып келері анық.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер