KazSat–3 2014 жылдың соңында ұшы­ры­лады деп жоспарлануда - Өркениет|29 Қыркүйек 2012, 12:30
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

KazSat–3 2014 жылдың соңында ұшы­ры­лады деп жоспарлануда

Қазақстандық KazSat-3 Ресейдің Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйе» (АСЖ) ААҚ жасаған орташа кластағы «Экспресс-1000Н» заманауи платформасында жасалатын болды. Осылайша жеті рет өлшеп, бір рет кескен Қазақстан жағы KazSat-3 спутнигін ресейліктерге жасауға батасын беріпті.

«Роскосмос» баспасөз қызметінің та­рат­қан ақпаратына қарағанда, кеше академик М.Ф.Решетнев атындағы «Ақ­парат­тық спутниктік жүйе» аумағында KazSat-3 телекоммуникациялық ғарыш спутнигінің жобасы талқыланыпты. Жиынға тапсырыс беруші Қазақстан тара­пынан «Республикалық ғарыш байла­ныстары орталығы» АҚ, пайдалы қосымша жүкке жауап беретін Thales Alenia Space компаниясының итальяндық бөлімі және жобаны негізінен жүзеге асыратын «Ақпа­раттық спутниктік жүйе» ААҚ мамандары қатысты. Шетелдік делегация мүшелеріне «Ақпараттық спутниктік жүйе» кәсіп­орыны алаңдарына кіру ұйымдастырылды. Қонақтар спутник жиналатын цехтарға кіріп, жаңа технологиялармен танысты.
«Тапсырыс «Ақпараттық спутниктік жүйе» атқаратын барлық жұмыстарды көру нәтижесінде қабылданды. Бұл кәсіп­орын мамандарының спутникті жасауға кірісуіне мүмкіндік береді. «Республи­ка­лық ғарыш байланыстары орталығы» АҚ вице-президенті Бауыржан Құдабаев «Ақпараттық спутниктік жүйе» кәсіп­оры­ны мамандарының құжаттарды дайын­даудағы жоғары деңгейін көзімен көрді және жоба бойынша жұмыстар бекітілген графикке сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті» деп мәлімдеді «Роскосмостың» баспасөз қызметі.
KazSat-3 телекоммуникациялық ға­рыш спутнигі 2014 жылдың аяғында ұшы­ры­лады деп жоспарланып отыр. Бізге оның ғарышқа ұшып, халыққа қызмет еткені керек. Бұған дейінгі KazSat-1 және KazSat-2 ғарыш спутниктерін де Ресейдің «Роскосмосы» жасаған болатын. 2005 жыл­­дың 18 қаңтарында Қазақстан мен Ресей үкіметтері қол қойған келісім бо­йын­ша, алғашқы қазақстандық KazSat-1 жер сері­гі келесі жылдың маусымында ғарыш­қа ұшырылды. Алайда 2008 жылы тосын жағдай болып, онымен байланыс үзілді. Осыдан кейін тапсырыс беруші Қазақстан тарапынан сапа жағынан талап күшейіп, кепілдік мерзімі ұзартылды. Тапсырысты орындаушылар одан кейінгі KazSat-2 спу­тнигін мүлтіксіз, мұқият жасауға кіріс­ті. Бірақ оның жолы да ауыр болды. KazSat-2 алғашқы жоба бойынша 2010 жыл­дың желтоқсанында орбитаға шығарылуы тиіс болатын. Ресей жағы құрал-жабдық­тарды өзгертуге бір жыл уақыт сұрады. Алайда ұшу мерзімі тапсырыс беруші Қа­зақстанның талабы бойынша 2011 жылдың 11 наурызына белгіленді. KazSat-2-ні әуеге көтеру мерзімі одан кейін де бірнеше рет кейінге шегерілді. Былтырғы жылдың 25 мау­сы­мында жер серігінің ғарышқа ұшатын соң­ғы мерзімі болатын. Ол жолы да ақау­лар шығып, кейінге қалдырылды. Қазір, Құдайға шүкір, ғарышта ұшып жүр.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Айқын


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер