BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақ күнтізбесіне қашан көңіл бөлеміз?

Астана. 6 желтоқсан. Baq.kz – Қазақ баласы 1918 жылдан бастап григориан күнтізбесін қолданып келеді. Дініміз – ислам, діліміз – қазақ. Ал күнтізбе – өзге жұрттыкі. Бұл қалай болады? Осыны ойлап көрдік пе? Әлде қазақта күнтізбе болмаған ба? Оны қаперге алып жүрген ешкім жоқ секілді. Біз осы тұрғыда өткенге көз салуды мүлдем ұмытып барамыз. Егемен елміз. Тереңнен тартқан тарихымыз бар. Отарлаушы елдер қазақты қанша жерден төмендеткісі келгенмен, біздің ұлтымыз ешкімнен кем бола қоймағанына бүгінгі күні көзіміз айқын жетіп отыр. Біздің бабалар жер түгіл, жеті қат көктің де қыр-сырына қанық болған көрінеді. Қазір біз ұмыта бастаған күнтізбе сол сөзімізге айқын дәлел.  

Қазақты «төрт түлікті өсіргеннен басқа­ға бас ауыртқан жоқ» дейді көре алмаған мысықтілеу кейбір көршілеріміз. Негі­зінде, мүлдем олай болмағанын аңғара­мыз. Малдың жайын күйттей білген баба­лар соған лайықты күнтізбені өздері жасап алған. 70 жыл бойы үстем пиғылын көр­сеткен империя соның бәрін біздің жады­мыздан жоғалтқысы келді. Соған толықтай болмаса да, жарым-жартылай қол жет­кізді. Себебі қазір қазақ күнтізбесі жайын­да жастар түгіл, үлкендердің өзі біле бермейтін жағдайға жеттік. Осы­лайша бұл ұғым бүгінгі ұрпақтың жадынан мүлдем жоғалып кетуі ғажап емес. Осыған бай­ланысты бұл мәселе бойынша бейқамдық бізді кешіре қоймайды.

Ежелгі заманнан бері азды-көпті өр­кениет өресіне шыққан елдердің бар­лы­ғында күнтізбе өмірге келді. Оның пайда болуындағы басты себеп – күнтізбесіз шаруашылықты ұйымдастыру қиынға соқты. Ертеде жұртшылық қардың кетуі, өзендердің тасуы секілді құбы­лыс­тарға негізделген күнтізбені қаперде ұстап, сол бойынша жұмыстарын жүр­гізген. Алайда ол құбылмалы ауа райына тәуелді күнтізбелер халық қажетін қана­ғаттандыра алған жоқ. Осының нәти­жесінде адамзат баласы уақыт есебін уақтылы есептеп отыратын күнтізбені өмір­ге алып келді. Бір қызығы, бұл дүние батыс­тан емес, шығыста алғаш пайда болды. Оны Мысыр халқы өмірге енгізді. Олар жылдың ұзақтығын 365 тәулікке бөлді. Оның әрқайсысына 30 күннен бөліп, 12 айға есептеді. Қалған бес күн Құдайға құлшылық ететін күндер болып саналып, ол ешбір айға қосылған жоқ. Біздің заманы­мыз­дан бұрынғы 45-жылдарда Рим им­ператоры Юлий Цезарь да осындай күн­тізбені өмірге ен­гізді. Рим папасы Григорий ХІІІ 1582 жылы өзінің күнтізбесін қол­данысқа енгізуге тырысты. Қазіргі таңда көптеген елдерде осы дүние қолданылады. Мұсыл­ман елдерінің басым көпшілігі араб күнтіз­бесін қолданса, еврейлер Вавилон күнтіз­бесін пайда­ланған. Көне түркілер де одан кенде бол­маған. Олар күн күнтіз­бе­сіне көңіл бөлді. Ол кейіннен түбі бір туыс­қан – қазақ, өзбек, түрікмен, татар, әзір­байжан және өзге де халықтардың күн­­­­­тіз­­­­­­бе­леріне негіз болып есептелді. Дегенмен бүгінгі таңда тегі – түркі, діні мұсылман елдерінің кей­бірінде григориан күнтізбесі пайдала­нылып жүр. Сондықтан бұл тұрғыда ойлан­ғанымыз артықтық етпейді.

Оразбай ҚОСАНОВ, эколог:

– Даналықты даланың үнінен үйренген қазақ халқы табиғат құбылыстарын үнемі бақылап, оны өз тіршілігінде кәдеге жара­тып отырған. Сондықтан біздің күн­тіз­бемізді көпжылдық тәжірибе негізінде жинақталған дүние деп нық сеніммен айта аламыз. Көшпелі қазақ та аспан әлемі ту­ралы түсініп, астрономиялық ұғымдар мен білімдерге назар аударды. Табиғат құбылыстарының қайта айналып келуін таразылап отырды. Күн мен түннің теңелуін де назардан тыс қалдырған жоқ. Тіпті айдың тұтылуы мен батуы, жұлдыздардың орналасу тәртібін мұқият бақылап, оны есептеп ұғынудың біздің халқымыз үшін маңызы ерекше болды. Ата-бабаларымыз өздерінің байырғы күнтізбесі арқылы жайлауға қай уақытта көшу, күзеу және қыстауға қай уақытта қайту секілді жай­ларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, біздің күнтізбеміз де өз өмірімізде маңызды рөл атқарды. Алайда соны бүгінгі ұрпақ мүлдем ұмытып кетті деп айта аламыз. Халқымыздың қаншама ғасырлар бойы қолданыста болған дүние­сінен бас-аяғы 70-80 жылдың ішінде мүл­дем ажы­рап қалдық. Біз оны неге бүгінгі ұрпаққа дәріптемей жүрміз? Ол біздің мерейімізді өсіреді.

Ежелгі кезеңде қазақша зодиак бел­гісінің атаулары болды. Атап айтқанда, қозы, торпақ, егіздер, шаян, арыстан, би­кеш, таразы, сарышаян, мерген, тауешкі секіл­ді қазақша мағынасы бар еді. Қазіргі жастардан ол жайында сұрай қалсаңыз, мүлдем ештеңе айта алмауы әбден мүмкін. Өйткені олардың санасына құйып жатқан ешкім жоқ.

Сондай-ақ халқымыздың аспан дене­леріне қойған аттары да өздерінің мал бағушылық өмірінен алынған. Мәселен, түнде жол жүргенде Темірқазыққа қарап сапарын жалғастырды. Темірқазықтың жанындағы қос жұлдызға Ақбозат пен Көкбозат деп ат берді. Күзгі мезгілде малды күзеткен адамдар Жетіқарақшыны бақылап, күзетін ауыстырып отырды.

Шындығын айтқанда, біз әлі күнге дейін өзімізді-өзіміз тани алмай келеміз. Әйтпесе қазекем ешкімнен кем болған жоқ. Аспанның да, жердің де қыр-сырын кем білген жоқ. Оған біздің көшпелі тір­шіліктегі өмір сүру дағдымыз айқын дәлел бола алады. Десек те, біз соны елеп-ес­керуге құлық танытпай жүрміз. Қазақ үшін қай күнтізбе қолайлы? Осы жағын ойла­нып, таразылап, талдап көргеніміз артық болмас еді.

Автор: Әділжан ҮМБЕТ 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер