Австралиялық модель. Оның артықшылығы неде? - Өркениет|19 Қаңтар 2016, 13:18
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Австралиялық модель. Оның артықшылығы неде?

Астана. 19 қаңтар. Baq.kz - Елбасы жуықтағы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты мақаласында жер қойнауларын пайдалану мәселесіне тоқтала келе «Қазірдің өзінде аукцион тетігін енгізу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну ресімі жеңілдетілді. 

Ал болашақта біз іздеуді, бағамдау мен кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық жұмыстардың барлық түрін жүргізу тәсілін оңайлатуды қарастыратын жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделіне көшеміз», деп жазды. Жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделі дегеніміз не? Оны қалай жүзеге асыруға болады? Осы сұрақтармен ҰҒА академигі, жер пайдалану саласындағы білікті ғалым Зайролла ДҮЙСЕНБЕКОВКЕ хабарласқан едік.
– Қазақстан ұлан-байтақ жерге ие. Біз өзіміздің аумағымыз жөнінен алғанда әлемде тоғызыншы орын алатын елміз. Алайда, осы үлкен аумақтың басым бөлігі минералды-шикізаттық әлеуеті тұрғысынан алғанда толық зерттелмеген. Біз өз жеріміздің астында қандай байлық көздері жатқандығын білу үшін міне, осы жерлерді зерттеуіміз керек. Ал ол зерттеулерді жүргізу үшін және тиісті байлық көздерін игеру үшін қаржы қажет. Тек қана мемлекет қаржысына сүйеніп бұл істі алға жылжыта алмаймыз. Оны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Әлемде жер қойнауларын зерттеу, ондағы минералды шикізат көздерін анықтау және игеру ісіне жеке инвестициялардың жұм­салатындығы белгілі. Соның ішінде дамыған елдерде жер қойнауларын пайдалану саласына қазіргі заманғы озық технологиялармен қаруланған жекеменшік компаниялар белсенді түрде тартылуда.
– Ендеше, біз неге осы іске жеке ин­вес­тицияларды тартпаймыз?
– Міне, гәп осында. Бізде жер қойнауларын зерттеу жұмысына инвестиция салуға шетелдіктердің де, өз ішімізден шығып жатқан кәсіпкерлердің де оншама ықы­ласы жоқ. Тіпті, ықыласы болды деген жағдайдың өзінде осы істі ұйымдастыруға, түрлі жоба­ларды әзірлеп, іске асыруға мүм­кіндіктер болмай отыр. Себебі, біздегі жер қойнауларын пайдалану саласындағы заңдылықтар нарық жағдайына, соның ішінде әлемде соңғы уақыттары болып жатқан өзгерістерге мүлдем бейім­делмеген. Осы жағдай бұл салада жедел қимылдауға мүмкіндік бермей келеді. Оның үстіне біздегі геологиялық барлау саласындағы кәсіпорындар көбінесе осыдан 30-40 жыл бұрын шыққан ескі әдістемелер мен технологияларды пайдаланып жүр. Міне, осындай олқылықтар салдарынан жеріміздің зерттелуі кенже қалып отыр.
– Осы олқылықтарды қалай түзетуге болады?
– Әрине, ол үшін еліміздің ин­вестициялық мүмкіндіктерін арттыруымыз керек. Сырттан қаржы тартуымыз керек. Осы үшін қазіргі күні жер қойнауларын пайдалану саласындағы заң­дылықтарға өзгерістер енгізілуде. Әсет Исеке­шев бастаған Инвес­тициялар және даму министрлігі осы бағытта көп­теген жұмыстар жүр­гізуде. Бұған Жер ресурстарын басқару комитеті де тартылуда.
Қазақстанға жер қойнауларын пайдалану саласында қандай мо­дельді қолданған тиімді? Осы ба­ғытта әлемдік тәжірибелер біраз зерттелді. Біз үшін негізінен ал­ғанда кейбір жағдайлар үшін австралиялық модель тиімді деп табылуда. Оның басты қағидаты «бірінші келген бірінші болып алады» деген ұғымға тіреледі. Бұл Австралияда бұрыннан бас­шы­лыққа алынып келе жатқан қағида.
– Сонымен, бұл модель несімен тиімді болып отыр?
– Біріншіден, Австралияның жер бедері мен байлығы, кли­мат­тық жағдайы бізге біршама ұқсас. Екіншіден, бұл елде қолданылатын батыс австралиялық модель Қазақ­станның тау-кен саласын дамыту бағытындағы жоспарларын жүзеге асыру үшін қолайлы болып отыр. Аталған елдің батыс бөлігінде жылына 10 және одан да көп жобалар құрылып, жүзеге асырылады. Батыс Австралияның аумағының 27 пайызы геологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін то­лық лицензияланған. Ал бізде Қазақстандағы жер аумағының 90 пайызға жуығы әлі күнге дейін минералды шикізат әлеуетін ашу бағытында зерттелмеген.
Дегенмен, соңғы жылдары бірқатар халықаралық ірі компаниялар Қазақстандағы бизнесті дамытуға өз үлестерін қосу үшін ынта танытып келе жатқаны белгілі. Бірақ, осы ынтаны іс жүзіне асыру үшін, яғни ынтадан іске көшіп, нақты келісімдер жасасу үшін біздегі заңнамаларға әлемнің дамыған елдерінің, соның ішінде жер қойнауларын пайдалану саласында дамыған елдердің стандарттарына сай келетін өзгерістер еңгізілуі қажет.
Міне, осы өзгерістерді енгізу алдында біз жоғарыда әңгіме етіп кеткен австралиялық модельге назар аударылуда. Бұл модельдің қаншалықты құндылығы туралы жоғарыда айтып кеттік. Енді осы әңгімені біздегі жағдаймен салыстыра жалғастыратын бол­сақ, бізде жер қойнауларын пайдалану саласындағы келісім­шарттарды жасасу үшін ке­мінде 1,5-2 жылдай уақыт ке­теді екен. Өйткені, бұрынғы заңнамаларда инвесторларға қажетті құжаттарды беруден бастап, келісімдер жасасуға дейінгі мерзім тым ұзартылып жіберілген. Себебі, іске пайдасы жоқ көптеген құжаттар талап етіледі. Мұндай жағдайда қазіргідей жедел даму, капитал айналымын тездету қажет етілетін заманда қандай инвестор төзімділік танытып, біздің жайбасарлығымызға көніп жүре бермек. Жайбасарлық деп отырғандығым, мәселен, Австралияда жер қойнауларын пайдалану саласындағы қажетті құжат инвесторға 2 сағаттың ішінде беріледі екен. Мұнан кейін егер инвестор ықылас білдіретін болса, келісім жасасу мерзімі өте жедел жағдайда жүргізіледі. Осын­дай жеделділік пен жасалынатын қолайлы жағдай арқасында Австралия жер қойнауларын пайдалану бойынша әлемде бірінші орынға шыққан. Осының нәтижесінде бұл елде бір шаршы шақырым жерді зерттеуге жұмсалған шығын 480 долларға дейін жеткен. Себебі, Австралиядағы жер қойнауларын пайдалану саласына инвестициялар молынан келген. Ал бізде бір шаршы шақырым жерді зерттеуге жұмсалған шығын көлемі бар болғаны 30 долларды ғана құрайды екен.
Заңға тиісті өзгерістер енгізіл­геннен кейін енді бізде де инвес­тормен келісімдер жасасу мерзімі бұрынғы 1,5-2 жылдан 1 айға дейін қысқартылатын болады.
– Істі жеделдетеміз деп өзі­міздің минералды ши­кізат бай­лықтарымызды шетел­діктерге тым арзанға беріп қо­йып жүр­мей­міз бе?
– Менің білуімше, бұл мә­селе де жақсы ескеріліп отыр. Жер қойнауларын пайдалану саласындағы австралиялық модель әлі зерттелмеген аумақтар үшін ғана қолданылатын болады. Оның үстіне бұл мәселе әлі де пысықталу үстінде. «Әтте­генайлап» сан соғып қалмау жағы ескерілуде.
Ал біраз зерттеліп, бойында қандай шикізат көздері бар екендігі анықталған жерлерді берудің де, бағалаудың да жолдары басқаша шешімін тапты. Мұндай жерлер аукцион арқылы беріледі. Бұл жұмыс қазірдің өзінде қолға алынып, жүргізілу үстінде.
Демек, әлі зерттелмеген, барлау жұмыстары жүргізілмеген, бойында ненің бар, ненің жоқ екендігі белгісіз жерлер үшін Елбасы мақаласында жазып кеткендей, іздеуді, бағамдау мен кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық жұмыстардың бар­лық түрін жүргізу тәсілін оңайлатуды қарастыратын жер қойнауын пайдаланудың авс­тралиялық моделіне көшуден қауіптеніп қажеті жоқ дер едім.
Жалпы, Елбасымыз еліміздің жер қойнауларының зерттелу жағдайын жақсарту, соның ішін­де геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығып, осы іске неғұрлым озық технологияларды тарту ісіне үлкен көңіл бөлуде. Мұның өзі түсінікті де. Өйткені, біз қазір ашылған кен орындарына қарап «алтын сандықтың ішінде отырмыз» деп айтып жүргенімізбен, шын мәніне келгенде сол алтын сандықтың ішінде не бар екендігін нақты білмейміз. Ал бізге қазіргі уақыт­­та оны біліп, анықтап қана қоймай, бар дүниені игерудің мүмкіндіктерін де қарастыру керек. Біз өз жеріміздің әлеуетін осылай ғана ашып, іске жарата аламыз. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер