Астанада ASTEX ақылды технологиялардың көрме-конференциясы ашылды (ФОТО) - Өркениет|19 Мамыр 2014, 14:43
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астанада ASTEX ақылды технологиялардың көрме-конференциясы ашылды (ФОТО)

Астана. 19 мамыр. Baq.kz – Астанада ASTEX-2014 Халықаралық көрме-конференциясы өз жұмысын бастады. Жыл сайынғы дәстүр бойынша биылғы жылы да көрмеге шетелдік спикерлер – ірі компаниялардың басшылары, инвесторлар, бизнес-тренерлер, әлемдік интернет-бизнестің ойыншылары, сарапшылар қатысады деп хабарлайды ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің баспасөз қызметі.

Көрме-конференцияның ресми ашылу салтанатында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың атынан ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев қатысушыларға алғысөз арнады.

Төраға электрондық коммерцияның дамуы үшін инфрақұрылымдық құрал саналатын ақпараттық коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтып өтті. Атап айтқанда, «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған кешенді іс-шараларды жүзеге асырудың, байланыстың жаңа технологияларын енгізудің, байланыс пен интернеттің жылдамдығын арттырып, қызмет бағасын арзандатудың арқасында 2020 жылға қарай электрондық коммерцияның жалпы тауарлар мен қызметтер нарығындағы үлесін 10%-ға жеткізу көзделуде.

Шақырылған қонақтардың арасынан Cars.com-ның негізін қалаушы және Оңтүстік Корея мемлекеті президентінің кеңесшісі Янг Им Чо, рейтингтік көрсеткішке сәйкес АҚШ-тағы екінші электрондық коммерция нарығының қатысушысы – NewEgg компаниясының бас директоры Роберт Беллак, Cybersecurity Malaysia компаниясының бас директоры А. Охаб сөз сөйледі.

 

Айтып өткен жөн, мамырдың 19-20 күндері «Қазмедиа орталығында» өтетін Халықаралық көрме-конференция аясында Силикон алқабының жаңашылдары өздерінің баяндамаларын көпшілік назарына ұсынады. Сондай-ақ, ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылады. ASTEX – 2014 шарасы шеңберінде электрондық коммерция және логистика, электрондық бизнес саласындағы инновациялық өнімдер, B2C және B2B-де АКТ саласын дамыту мәселелері талқыланып, голографиялық визуалдаудың соңғы технологиялары, 3D-принтерлер мен АКТ саласындағы өзге де жаңашылдықтар ұсынылады.

 

Конференцияның алғашқы күні арнайы шақырылған спикерлер е-коммерциядағы соңғы үрдістер туралы әңгімелеп береді. MuckerLab, eBay, TripAdvisor негізін қалаушы Эрик Раннала Кремний алқабындағы ритейл технологиясына инвестиция тарту құпияларымен бөліседі. Ал, тағы бір танымал ментор – EyeFinder компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі Оле Айкхорн өнімді түсірілген суреттің көмегімен визуальді іздестірудің пайдалы технологиялары туралы әңгімелеп береді. «АКТ дамыту қорының» бас директоры Санжар Кеттебеков «оң көзқарастағы аудиторияның құны қанша?» деген сұраққа жауап береді.

  

«Мобильді инфокоммуникациялар»: 4G мобильді құрылғысын қолданушылардан бастап M2M бірге қоғамның, индустрияның және өмір сүру салтының радикалды трансформациялануына (түроенуіне) дейінгі коммерциялық сервистерді дамыту келешегі көпшілік талқысына түсетін арнайы тақырып болмақ.

 

«Болашақтың мобильді экожүйесі қандай?» деген тақырыпқа арналған бөлімде «Қазақтелеком» АҚ-ның Төрағасы К. Есекеев, «Altel» АҚ-ның Басқарма Төрағасы М. Сауранбеков, TeliaSonera компаниясының Департамент директоры Д.Оберг және де басқа да спикерлер өз ойларымен бөліседі.

«Ақылды логистика» тақырыбындағы пленарлық сессиядан соң сарапшылар дөңгелек үстел басына жиналып, «ҚР е-коммерцияның шұғыл дамуының алғышарттарын» талқылайды.

  

ASTEX-2014 көрме-конференциясын ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі»АҚ, «АКТ дамыту қоры» КҚ ұйымдастырып отыр. 

 

ФОТО: Ғабит Мадалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер