Астана тарихы қай кезден басталады? - Өркениет|06 Шілде 2012, 11:31
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астана тарихы қай кезден басталады?

Қазақстан жыл сайын Астана күнін сән-салтанатымен атап өтеді. Қуанышымызға құтты болсын айта келген шетелдік өнерпаздар мен отандық жұлдыздарымыз бас қаламыздың басты тойының сәнін келтіріп-ақ жатады. Аңыз ғып айтар іс-шараларда есеп жоқ. Елордамызды бір көруге құштар болып жүрген шалғайдағы туыстарымыз Астанаға сапарларын 6 шілдеге жоспарлайды. Мұның бәрі - олардың Астанаға деген құрметі мен сағынышының белгісі. Дұрыс, бәрі де жөн.

Ал сол ағайын және біз Астанамыздың тарихын қаншалықты білеміз? Сіздіңше, оқырман, Астана тарихы қай жылдан, қай күннен басталуы керек? Әрине, біз бұл жерде жаңа астанамыз орын тепкен Арқа төсіндегі Ақмола қаласын тарихтан сызып тастай алмаймыз. Ал бұл қаланың тарихы 1830 жылдан, яғни Қарауыткөл алқабында Ақмола бекінісінің салы­нуымен басталады екен. «Ақмола - Есіл өзені жағасындағы Ақмола округінің Сібір қазақтарының негізгі қаласы болған. XIX ғасырда Ақмола сол кез­дегі сауда-экономикалық орталық бол­ған. 1863 жылдың 16 шілдесінде Ақмола ашық түрде округтік қала болып са­налған» дейді шежіре. Сол 1863 жыл­дан арада тура бір ғасыр өткенде қала атауы Целиноград болып өзгереді. Бұл қалада Қазақстанның астанасы орын тебеді деп ешкім ойлаған жоқ ол кезде. Алайда тәуелсіздігін алған Қазақ елінде ел астанасын ауыстыру туралы мәселе көтерілгенде, таңдау Ақмолаға түсті. Бұл туралы тарих былай дейді: «Қазақстан бойынша ел астанасын ауыстыруға әлеуметтік-экономикалық көрсет­кіштері, ауа райы, жер бітімі, сейсми­калық жағдай, қоршаған ортасы, инженерлік және көлік инфрақұ­ры­лымы, құрылыс кешені, еңбек ресурс­тары сияқты түрлі көрсеткіштер бо­йынша Ақмола қаласы ең лайықтысы болып шықты. 1994 жылдың 6 шілдесін­де Қазақстан Республикасының Жо­ғарғы Кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы шы­­ғарды».
Алайда бұл қаулы үш жылдан кейін ғана жүзеге асты. Өйткені ел астана­сын Алматыдан алып кетуге қарсылық қат­ты болды. Алайда табанды қарсылық­тар­­ға қарамастан, 1997 жылы тәуелсіз Қазақ­станның Президенті Н.Назарбаев ел­орданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдаған Жарлық­қа қол қойды. Сөйтіп, қазақ тарихында тағы бір ұлы көш басталды.
Ел астанасының көшірілуі қыстың қақаған аязына дөп келді. Сондықтан Қазақстанның жаңа елордасы - Ас­тананың халықаралық тұсауы 1998 жылдың 10 шілдесі күні кесілді. Біз күні кешеге дейін Астана күнін дәл осы 10 шілде күні атап өтіп келдік. Кейін Астана күні ел астанасын ауыстыру туралы қаулы қабылданған 6 шілдеге ауысты­рылды. Ресми түрде. Біздің сұрақ осы жерден туындайды. Бүгін кез келген адамнан Астана қанша жасқа толды десеңіз, 14 жыл деп жауап береді. Өйт­кені олар өз жауаптарын Президент­тің 1997 жылғы Жарлығына сүйеніп айта­ды. Олай болса, біз Астана күнін сол Жар­лық қол қойылған желтоқсаннан атап өтуі­міз керек емес пе?! Жоқ, біз 6 шілде күні атап өтіп жүрміз. Себебі дәл осы 6 шілде күні, 1994 жылы ел астанасын көшіру туралы қаулы қабылданған. Демек, Астанамыздың жасын осы қаулы қа­былданған жылдан бастап санаған жөн. Өйткені 1994 жылдың 6 шілдесінде астананы Алматыдан Ақмолаға көші­ру мәселесі дауысқа салынып, аз ғана басымдықпен мақұлданған қаулы - болашақ Астананың тууы туралы куәлігі қабылданған.
Сонда биыл біздің Астанамыз 18 жасқа толды. Екі жылдан соң Астана­мыздың 20 жылдығын атап өтеміз. Алайда қазіргі таңда жекелеген басы­лымдарда Астананың 14 жылдығы деген тіркес тұрақты жазылып жүр. Ал өткен жылы Астана мүшелге толды деп жар салғанбыз. Біздің мәселемізге тарих­шылар мен басқалар не айтар екен?!

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Астана

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
29 Желтоқсан 2018, 12:42
Астана. Қысқы этюдтер
Пікірлер