АКТ дамыту қоры «Сколково» технопаркімен және MuckerLab бизнес-инкубаторымен меморандум жасасты - Өркениет|19 Мамыр 2014, 14:35
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

АКТ дамыту қоры «Сколково» технопаркімен және MuckerLab бизнес-инкубаторымен меморандум жасасты

Астана. 19 мамыр. Baq.kz – Астанада бүгін АКТ дамыту қорының бас директоры Санжар Кеттебеков «Сколково» технопаркімен зияткерлік қызмет нәтижелерін коммерциаландыру және инновациялық даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, MuckerLab америкалық компаниясымен де ақпараттық технологиялар саласында стартап-компанияларын дамыту мәселесі бойынша келісім жасалды. 

Инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ, инновациялық компаниялардың ішкі және шетелдік нарықтарға шығуына және олардың нәтижелі зияткерлік қызмет етуіне қолайлы жағдай жасау үшін халықаралық байланыстарды дамытуға көмектесу мақсатында «Сколково» технопаркімен ұзақ мерзімді серіктестік қатынастар орнатылады.

АКТ дамыту қоры Лос-Анджелестің (АҚШ) MuckerLab компаниясымен жаңа озық жобалар мен технологиялар, ақпараттық және ресурстық әлеуеттер саласында жұмыс істейді және өзара тиімді әрекет етеді. Осы ынтымақтастық аясында ұсыныстар жасалып, білім, тәжірибе және инновациялық шешімдермен алмасу үрдісі қолға алынады.

Айта кетейік, конференция жұмысына танымал әлемдік эксперт, тәжірибелі ментор - MuckerLab және Mucker Capital негізін қалаушы, TripAdvisor, eBay, MVP.com, Accenture компанияларының басшылығында еңбек еткен Эрик Раннала қатысуда.

ASTEX ақылды технологиялардың көрме-конференциясы екінші жыл қатарынан ынтымақтастықты кеңейтуге, мемлекеттер, ұйымдар мен бейінді компаниялар арасында ұзақ мерзімді меморандумдар мен келісімдер жасасуға лайықты алаңға айналып отыр. Еске салайық, 19-20 мамырда «Қазмедиа Орталығы» телерадиокешенінде ASTEX-2014 ақылды технологиялардың халықаралық көрме-конференциясында шетелдік спикерлер – ірі компаниялардың басшылары, инвесторлар, бизнес-жаттықтырушылар, әлемдік интернет-бизнес ойыншылары, сарапшылар бас қосады.

Сарапшылар семинарлар мен воркшоптар өткізеді, электронды бизнестегі инновациялық жобалар, ақпараттық коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласын B2C және B2B бағыттарда дамыту тақырыбына тоқталып, «ақылды» индустрия құру тәжірибелерімен бөліседі.

ASTEX-2014 көрмесін ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат агенттігі, «Зерде» Ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі және «АКТ дамыту қоры» КҚ.

 

ФОТО: Ғабит Мадалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер