55 жыл бұрын Байқоңырдан алғашқы жер серігі ұшырылды - Өркениет|29 Тамыз 2012, 15:15
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

55 жыл бұрын Байқоңырдан алғашқы жер серігі ұшырылды

Астана. 29 тамыз. BAQ.KZ – Биыл Байқоңырдан алғашқы жасанды жер серігінің ұшырылғанына тура 55 жыл толады. 1957 жылдың 4 қазанында аталмыш ғарыш айлағынан Р-7 зымыран тасымалдаушысы әуе кеңістігіне КСРО ғарыш аппаратын алып шыққан болатын. Бұл оқиға тек Кеңес Одағы үшін ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін ең үлкен жаңалықтың бірі еді. Осы сәттен бастап адамзат тарихында жаңа кезең басталып, ғарыш саласы жоғары қарқынмен дами бастаған. 

Зымыран жер бетінен көтерілгенде біраз ақаулықтар шыққан болатын. Дегенмен, аппарат өз межесіне аман жетіп, жоспарлаған мақсатты орындап шықты. Зымыран тасымалдаушы Жерді 884 рет айналып, сол жылдың 2 желтоқсанында сапарын аяқтаған. Ал, жасанды жер серігінің өзі болса 1958 жылдың 4 қаңтарына дейін жұмыс істеп, планетамызды 1440 рет айналып шықты.
Бұл оқиғаны шетелдік басылымдар мен саясаткерлер жан-жақты талқылады. Мәселен, «Америкэн эвиэйшн» журналы былай жазды: «Кеңес Одағының жер серігін ұшыруы тек ғылыми жетістік қана емес, сондай-ақ, адамзат тарихындағы ұлы жаңалықтардың бірі». Оқиғаға «Ньюсвик» журналының берген бағасы да осындай болатын: «Бұл адамзат баласының бірінші атом бомбасы жарылысынан кейінгі техника саласында қол жеткізген ең үлкен жеңісі».
«Тайм» журналында жарияланған мақала кеңестік ғалымдар үшін өте маңызды еді. Өйткені бұл кезде КСРО ұшырған алғашқы жасанды жер серігін немістер жасап шығарған деген әңгіме әлемде кең тарап кеткен еді. Аталмыш басылым бұған байланысты былай деді: «Жер серігін ұшыру – кеңестік ғылымның жетістігі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін немістердің КСРО-ға қоныстанғандығы рас (АҚШ-қа да қоныстанған). Алайда, олардың көпшілігі бүгінде отанына орылған, тағы біразы мұғалім болып қызмет істеп жүр. КСРО-дағы зымыран техникасы соғыс жылдарындағы Германияны басып озды, енді орыстардың өз жолы бар» деген болатын.
Ағылшындық «Манчестер гардиен» газетінің Испаниядағы тілшісі аталмыш басылымға испандықтардың бұл оқиғаға байланысты пікірін білдірген. Мақаланың алғашқы жолы былай басталады: «Генерал Франко режимі Ресеймен қырғи-қабақ соғысын тоқтатады». Ал, Индия премьер-министрі Неру болса «Мұндай керемет жетістікті әскери одақтар ғасырлар бойы күтіп еді. Енді адамзатты сақтау үшін халықаралық саясатты қатаң бақылауға алу керек» деген.
Байқоңыр ғарыш айлағының іргесі 1955 жылы қаланған болатын. Алғашында әскери полигон ретінде салынған нысанның мүмкіндіктерін байқаған КСРО басшылары оны 1957 жылы ғарыш айлағы етті. 4 қазанда ұшырылған жасанды жер серігінен бұрын осы жылдың 15 мамырында Р-7 зымыраны әуеге жіберілген. Алайда, ұшыру жұмыстары сәтсіз өтіп, ғарыш аппараты межелеген жерге жете алмады.
1957 жылдың 2 қарашасында ғарыш айлағынан екінші зымыран да сәтті ұшты. Лайка есімді ит мінген ғарыш кемесі Жер орбитасына шығып, зерттеу жұмыстарын жүргізген.
1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін Байқоңыр қазақ жерінде қалды. Алайда, ғарыш саласы дамыған Ресей елі нысанды 2050 жылға дейін жалға алған болатын. Ғарыш айлағы үшін орыстар жыл сайын Қазақстанға 5 миллиард теңгеге жуық қаржы төлеп отыр. Ал, жалпы Байқоңыр кешеніне (ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласы) Ресей Федерациясы тарапынан шығатын шығынның көлемі 6,16 миллиард рубльді құрайды.
Байқоңыр – әлемдегі ең ірі үш ғарыш айлағының бірі. АҚШ-тағы Канаверал, Қытайдағы Цзюцюань секілді Байқоңырдан да зымырандар ғарышкерлермен бірге ұшырылады. Ең көп ғарыш кемелері осы қазақстандық нысаннан ұшырылғандықтан Халықаралық ғарыш станциясының орбитасы Байқоңырға ыңғайланып жасалынған.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер