24 жылда Қазақстан ғарышы қаншалықты дамыды? - Өркениет|31 Желтоқсан 2015, 13:52
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

24 жылда Қазақстан ғарышы қаншалықты дамыды?

Астана. 31 желтоқсан. Baq.kz – Тәуелсіздік – Қазақстандағы ғарыш саласының қарышты дамуына тың серпін беріп, тыңнан түрен сала отырып, көңіл марқайтарлық көрсеткіштерге қолжеткізуімізге сеп болды. Осындай игі істің басы-қасында жүрген асыл азаматтарымыздың бірі – Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары, техника ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мейірбек Молдабековпен жолығып, Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан ғарышының дамуындағы көптеген жетістіктерінің кейбіріне тоқталып өткен болатынбыз.

Жалпы, еліміздегі ғарыш саласына маман даярлау ісі осыдан 20 жыл бұрын басталған. Тіпті, олардың алғашқы тобын біз Кеңес Одағы кезінде Ресей мен Украинада оқу бітіріп келген мамандардан құрадық. Соның ішінде өзім де бармын. Одан кейінгі толқында Президентіміздің «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде алыс шетелге жастарды жіберіп, 80-нен астам жас мамандардан құралған екінші топ жасақтадық. Одан кейін біз Франциямен және Ұлыбританиямен стратегиялық серіктестік құрып, бірлесіп жасап жатқан жобалардың шеңберінде кадрлар біліктілігіне басымдық берудеміз. Олармен жерді ғарыштан зерттеу жүйесі және ғарыш аппараттарын жасайтын зауыт салудамыз. Міне, осы жобалар аясында біз конструкторлық жоғары білімі бар 24 маманымызды үш жылдық мерзіммен Франция мен Англияның зауытына жібердік. Олар сол жердегі мамандармен бірлесе жұмыс істеп, практикалық білімін көтере отырып, мол тәжірибе жинап қайтуы керек. Маман даярлау ісіндегі содан кейінгі төртінші бағытымыз – 4 жылдан бері Қазақстандағы 4 университетте ғарыштық техника мен технология жөніндегі мамандарды дайындай бастадық. Демек, біз бұрын дайындалған мамандардың соңын ала бере, екінші буындағы мамандарды дайындауды қатар ілестіре алдық деп ойлаймын.

- Күрделі кәсіби техникалық мамандықтың бастауы кішкентай ғана балалардың басындағы алмағайып шексіз, орасан зор қиял-ғажайыптарынан туындайды емес пе?!. Осы ретте, мектеп қабырғасындағы балалардың ынта-ықыласын арттырып, қиялын қанаттандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы, Ұлттық ғарыш агенттігі бүлдіршіндер арасынан болашақ ғарышкерлер шығаруға қаншалықты бейілді?

- Сөз етіп отырған мәселеңіз қызық әрі өте күрделі және нәзік иірімдері мол. Жалпы, бұл салаға маманды кәсіби тұрғыдан бағыттау мектеп қабырғасынан басталады. Бұл тұрғыда елімізде осы ғарыш саласына жақын немесе осыған бағытталған бірнеше мектеп, лицейлеріміз бар. Олар – Алматы мен Астанада және Байқоңыр қаласындағы білім ордасы. Осы үш лицейде мектеп жасындағы балалар ғарыштық техникалардың макетін жасаумен айналысып, бастайды. Соңғы кездері қоғам арасында өзге де мектеп бүлдіршіндерінің белсенді қызығушылығы сезілуде. Мұндай жағдайға биыл қаркөз қазақ бауырымыз – Айдын Аймбетовтің үшінші қазақ болып ғарышқа ұшып қайтуы қанаттандырса керек.

 

Айдын – абыройымызды асқақтатты

Енді оның бір ерекшелігі бұл қысқа мерзімді сапар болды. Яғни, Халықаралық ғарыш станциясында 8 күн ғана болды. Дегенмен, осы уақыт ішінде біз жоспарлаған ғылыми жобаларды толық орындап қайтты. Оған сол станцияда ұшып жүрген біздің стратегиялық серіктесіміз, Ресейдің ғарышкерлері көмектесіп, қол ұшын созды. Өйткені, уақыт тығыз болғандықтан, олардың көмегі қажет екендігі сөзсіз. Соның ішінде ғарышта жасалуы тиіс 10 эксперименттің 2-нің орындалу мерзімі 8 күннің ішіне сыймай қалғандықтан, оны ресейлік әріптестеріміз соңына дейін жеткізіп, біздің қолымызға тапсыратын болды. Яғни, Айдынымыздың алдына қойған мақсаты толық орындалды деп нық сеніммен айтуға болады.

Жалпы, Ұлттық ғарыш агенттігінің құрылғанына бар-жоғы 8 жыл ғана болғанымен, біз осы аралықта әлемдегі кейбір мемлекеттер 10-20 жыл жүріп, қол жеткізген жетістіктеріне жетіп, биік белестерді бағындырдық. Яғни, нөлден бастап қазіргі кездегі толық, заманауи ғарыштық инфрақұрылым жасақтадық. Ал енді осы ғарыштық инфрақұрылымға не кіреді?.

Ең алдымен, ғарыштық байланыс жүйесі. Оған «KazSat-2», «KazSat-3» ғарыштық аппараттары мен оларды қосымша жерден басқаратын екі кешен енеді. Екіншісі, жерді ғарыштан зерттеу саласына жататын, суретке түсіретін жүйе. Бұл жүйеде де қазір «KazЕОSat-1» «KazЕОSat-2» екі ғарыш аппараты бар. Осы екеуін де жерден басқаратын кешендер бар. Іске қосылған үшінші үлкен жүйеміз ол – ғарыштық навигация жүйесі. Мұны жасау үшін біз шетелден ешқандай технология сатып алған жоқпыз. Барлығын да өзіміздің ғалымдарымыз ойлап тауып, іске асырды. Осы ретте «KazSat»-қа келсек. Біздің екі ғарыш аппаратымыз, ғарыштық байланыстағы қажеттілігімізді толық өтейді. Енді осының тиімділігіне тоқталып өтсем деймін. Біріншіден, ғарыштық технологияға қатысты қажеттіліктерімізді шетелдік компаниялардан сатып алып, қаражатымызды оңды-солды шашудан сақтап қалдық. «KazSat-2», «KazSat-3»-тің іске кірісуінен біз қандай да бір тәуелділіктен арылдық. Яғни, жұмыс орындары мен салықтық төлемдер секілді қаржылық айналым жүйелері өз ішімізде. Одан бөлек айтпасқа болмайтын екінші бір жетістігіміз – ақпараттық-байланыс саласындағы тәуелділіктен арылдық. Құдай бетін аулақ етсін, егер қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда ақпараттық-байланыс жүйесін сөндіріп тастаса біз ештеңе мүлдем байланыссыз қалып, жұмыс істей алмай қаламыз. Қазақ мұны «кісідегінің кілті аспанда» дейді. Міне, тәуелділіктен арылдық деп мен осыны меңзеп отырмын.

Ал енді ғарыш саласына қатысты әлемдік деңгейдегі нарықтың кейбір салыстырмалы деректеріне тоқталып өткім келеді. «Байқоңыр» жайлы жаңсақ пікір, көзқараста жүрген кейбір азаматтарымыз қаперіне алса деген ниетпен айтқым келеді. Негізінде, ғарыштық қызмет пен өнімдерді пайдаланудың 88 пайызы аспанда емес, жерде. Содан кейін оның 9 пайызы ғарышқа жіберіп жатқан ғарыш аппараттарының құнын құрайды. Ал оны ғарышқа жеткізу үшін зымырандар керек. Оның құны 3 пайызға тең. Қайталап айтайын, бұлар әлемдік нарықтағы статистикалық көрсеткіштер. Сондықтан да бізде «Байқоңыр» болғандықтан, зымыранмен де, ғарыш аппараттарын жасаумен де айналысуымыз керек. Мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Егер біз ғарыш саласындағы әлемдік нарыққа дендеп еніп, өзіміздің өнімді көбейткіміз келсе, жердегі тұтынушылар игілігіне жарайтын құралдар жасап шығаруымызды еселеп арттыруымыз қажет. Мұндай қадам өз ақшамызбен шетелдік компанияларды қаржыландыруымызға тоқтау болады. Яғни, өз ақшамыз, өз қалтамызда қалады деген сөз. Бұл ары-беріден соң, өзіміздегі жұмыс орындарының көбеюуіне, салықтың да бюджетімізге төленуіне сеп болады. Осы орталықтар мен Ұлттық агенттіктің ғалымдары соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарды. Ол жұмыстар Елбасы біздің алдымызға қойған үлкен мәселе – Қазақстанда бұрын болмаған ғарыш саласын құрып, сол жолдағы зерттеулерді жүргізу тапсырылды. Біздің ғалымдарымыз осы жылдар аралығында үш бірдей үлкен бір-бірімен тығыз байланысты зерттеуді нәтижелі қорытындылады. Оның біріншісі – түбегейлі ғылыми зерттеулер жүргізу. Екіншісі – қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу және үшіншісі – жоғарыдағы екі бағыттың негізінде қолданбалы тәжирбелі, конструкторлық жұмыстар жасай отырып, отандық өнімдерді әзірлеу. Осы үш бағыттағы жұмыымыз еліміздің ғарыштық ғылымын бір биікке көтерді. Қазақстанның ғарыш саласын бір белеске шығарды. Мұның дәлелі қандай? Біріншіден, ғарыш кеңістігін зерттеуде және ғарыш кеңістігінің жердегі процестермен өзара байланысын зерттеуде жаңа теориялық тәсілдер жасалды. Екіншісін қарапайым сөзбен айтқанда, жер бетіндегі жағдайларға ғарыштан мониторниг жасау үшін арнайы қолданбалы зерттеулердің жаңа тәсілдерін жасау қажет болды. Міне, осындай жобал жүзеге асырылды. Бұл не үшін дейіз ғой. Ол тәсілдер ауыл шаруашылығы мен төтенше жағдайларға, экологияның жағдайына мониторинг жасау, геодезия-картография мен тағы басқа да экономиканың мәселелерін шешу үшін қажет. Ал үшіншісі қандай нәтиже? Ол Қазақстанда бұрын-соңды тәжірибелік-консрукторлық жұмыстар жасалып, сол түбегейлі қолданбалы зерттеулердің негізінде жаңа отандық ғарыштық техниканың өнімдері өзімізде жасалды. Бұлардың барлығы да біздің экономикамыздың мәселелерін шешуге өте қажет. Осыған қатысты бір ғана мысал айтайын: Қазақстанның ғарыштық навигация жүйесі жасалды. Ол үшін аса күрделі диференциялды станциялар қажет. Сол станцияларды біздің ғалымдар осы жұмыстардың шеңберінде өз қолымызбен жасадық. Ол үшін ғылыми зерттеулер негізінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жасауға тура келді. Соның нәтижесінде, дифференциялдық станцияларды жинап, құрастырылды. Олар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде орнатылып, іске қосылды. Қазіргі кезде қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр.

Ал енді екінші бағытымыз бойынша айтар болсақ, бұл жұмыспен жоғарыда атап өткен Ғарыштық техника және технология институтының мамандары айналысады. Мен ол институтта ғылыми жетекші болғаныммен, оны менің шәкіртім – техника ғылымдарының докторы Дәулет Ахметов басқарады. Қазіргі кезде бұл институт 19 ғылыми-техникалық әзірлеме дайындады. Соның ішінде 5 әзірлеме ғарыш аппараттарының бөлшектерін өз қолмызбен жасауға негізделген. Ал қалған 14-і экономиканың түрлі салаларында пайдаланылады. Соның бірқатар бағыттарын атап өтер болсақ, әскери бағыт пен жол апаттары орын алғанда автоматты түрде оқиға орнының координаттарын беру жүйесінде, жаңа айтып өткен дифференциялды станциялардың іске қосылуы, қолғалысқа ие барлық іршілік иелері мен сотталғандарды пробация құрылғысы арқылы бақылау жүйесінде, сондай-ақ, геодезия мен картография мәселелерін шешуге арналған құралдар жасалды. Мұның бәрі де Қазақстан ғарыш саласының жасаған әлеуетін тұтынушыларға жеткізу. Міне, институтымыз осындай әзірлемелерімен ғарыш саласын әрбір азаматымыздың игілікке жарауына сеп болуда. Осы орталықтың жасаған үш бағыттағы жұмысын сынақтан өткізу барысында елдегі және шетелдегі ғалымдар мен мамандар тарапынан өте жоғары бағасын алды. Бұл біздің ғарыш саламыздың жоғары деңгейге көтерілгендігінің айқын көрінісі.

Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша таяу және алыс ғарышты зерттеу және ғарыштық техника мен технологияны әзірлеу мен қолдану саласында бірқатар ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді. Қолданбалы зерттеулердің нәтижелері Ұлттық ғарыш орталығының құрамында Ұлттық ғарыштық технологиялар лабораториясын құру туралы мәселені жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Осылайша, отандық ғарыштық қызметті тиімді дамыту және оған әлемдік деңгейдегі технологияларды тарту мақсатында Қазғарыш шет елдер мен халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Біз Қазақстанға заманауи технологиялар мен тиімді ынтымақтастық жағдайларын ұсынатын, ғарыш саласында барынша дамыған шетелдік серіктестерді және белгілі халықаралық компаниялар мен корпорацияларды тартудамыз. Бұл елімізге ғарыш саласын құру және ғарыш ғылымындағы жетістіктерді, экономиканы дамыту мүддесіндегі техника мен технологияларды, ел азаматтарының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын пайдалану бойынша міндеттерді барынша тез және тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер