14 жасар Дінмұхамед Серік бетонның жаңа түрін ойлап тапты - Өркениет|06 Тамыз 2012, 16:46
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

14 жасар Дінмұхамед Серік бетонның жаңа түрін ойлап тапты

 Астана. 6 тамыз.BAQ.kz- Құрылыс технологиясында нанобетон түсінігінің тарағанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Жалпы, қазір технология әдістерінің сағат санап ауысып отырған заманында ғылымның бір ғана арнасы күн сайын бірнеше жаңалықпен толығып жатқанына куәміз. Жоғарыдағы нанобетон технологиясына еніп отырған тағы бір тың жаңалық – 14 жастағы қазақ баласының еңбегі. 

Дінмұхамед Серік Астана қаласындағы №3 орта мектептің биыл 9-сыныбына аяқ басады. Қатарластарының көбі сияқты спорт пен ғаламтордан гөрі, физика, химия ғылымдарына бейім. Бұны ол іс жүзінде де дәлелдеген. 7-8 сынып оқып жүргенде жазған «Пленарлық центртепкіш диірмен» атты ғылыми жобасы Астана қалалық конкурсында екінші орынды иеленген. Осы жұмысынан кейін бірден қолға алған ізденісі – біз айтып отырған нанобетон саласындағы тың әрі тиянақты, ұзақ мерзімге жарайтын жоба болып отыр.

Қарапайым тілмен айтсақ, Дінмұхамед құрылыста қолданылатын бұрынғы бетондардың қалыңдығынан әлдеқайда жұқа, ыңғайлы, сапасы жоғары, құны арзан, ең бастысы - суыққа өте шыдамды, мүлде су өткізбейтін және кез келген пішінге келе кететін бетонды ойлап тапты. Қазақстан нарығында бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан Финляндияның «Construction design plant»(CDP) Консорциумы бұл жобаға ерекше қызығушылық танытқан соң, Дінмұхамедтің де ынтасы арта түскен. Жобасын әбден пысықтаған ол «Қазақмыс» корпорациясының ұйымдастыруымен елордада өткен «Қазақстандық өнімді жасаймыз» атты көрмеге қатысып, тағы ірі компаниялардың көзіне ілікті.

«Алматыдағы «Қазақмыс» сауда орталығының директоры Андрей Коломыцев ұлымның жобасына қатты қызығушылық танытты. Біз қазір жобаға қатысты барлық мәліметтерді зертханаға жібердік. Егер біз қол жеткіземіз деп болжап берген нәтижелердің барлығын мамандар растайтын болса, онда Қазақмыс бізге қолдау беруге уәде етті», - дейді Дінмұхамедтің әкесі Ержан Тілеубаев.

Жалпы, Дінмұхамедтің жобасы болашақта өте сұранысқа ие өнім бола алады. Біріншіден, бұл бетонды дайындау жолы оңай әрі экономикалық шығындары аз. Мысалы, қарапайым бетондар булау арқылы әзірленсе, бұл нанобетон түрін булаудың қажеті жоқ. Екіншіден, осы әдіспен дайындалған жобаға кәдімгі көкке ұшып жатқан күл мен жердегі құмды қосу арқылы бағасы тым қымбат керамикалық тақтайлардың түр-түрін алуға болады. Осыдан барып, жобаның экологияға да әкелер пайдасын көреміз. Яғни, бетонды булаудан шығатын зиянды қалдықтар мен кәсіпорындардың ауаға шығаратын күлін жерге төкпей, керісінше, пайдаға асыруға болатынын байқауға болады.

«Жобамды Білім және ғылым министрлігінің жас ғалымдар арасында жариялайтын байқауына бердім. Осы тамыз айында қабылданды. Енді байқау қорытындысын күтеміз. Грант ұтып жатсам, осындай бетон шығарумен қатар құрғақ қоспаларды да барынша оңай, барынша пайдалы жолмен шығаратын зауыттың жобасына талпынамыз. Зауыттың мақсат-міндеттері мен керекті сызбалары дайын. Тек қаржыландыру көзі керек. Ал, жалпы осы жобама финляндиялық компания аса қызығушылық танытып, қазір бірге жұмыс істеп жатырмыз», - дейі ғылымға жаңадан аяқ басып жүрген Дінмұхамед Серік.

Айта кетерлігі, әкесі мен баласының жоба басымдығына сеніммен қарап, көз тігіп отырған ірі белестерінің бірі – Каспий теңізі мен мұнай ұңғымалары.

«Каспий теңізінің суы бір жылдары тартылса, қазір теңіз суы жыл сайын шамамен 7 см көтеріліп жатыр. Соған байланысты, жағаны мықтап бекіту керек қой. Әдетте, теңіз жағалары бетонмен бекітіледі, қазір де теңіз суы солай тоқтатылып тұр. Бірақ, ол бетондар суға төзімсіз, су тартатын болып келеді. Жыл сайын ауыстыра бермеу үшін ол бетондарды берік ететін қоспалар керек. Ал ол қоспалар өте қымбат тұрады. Және бүкіл жағаға жеткізу үшін шығын да мол болмақ. Сондықтан суыққа шымады, мүлде су өткізбейтін әрі пішіні де ыңғайлы нанобетон болашақта сол жағаны бекітуге таптырмас құрал болады деп ойлаймын. Және де мұнай ұңғымаларында қолданылатын қазіргі технологиялар бойынша да, нанобетон өте жарамды өнім», - дейді Дінмұхамедке үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан әкесі Е.Тілеубаев.

Дінмұхамедтің өзі болса бұл жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта техникалық оқу орындарының біріне түсіп, өмірін ғылымға арнамақ.

«Осы уақытқа дейін маған мектебіміздің директоры Елена Шеверняева, осы жоба жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Дарья Баекина мен ғылыми жетекшім Асқар Ыдырысов көп көмектесті. Ұстаздарыма алғысым шексіз. Ғылымнан демалған уақытымда спортпен шұғылданып, кітап көп оқимын», - дейді Д.Серік.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер