BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ЖУРНАЛИСТИКА ЖАМПОЗДАРЫ Бұл кітап несімен қымбат?

Журналистің жазбайтыны жоқ. Талай-талай есімдерді жарыққа шығарып, жария етеді. Ал сол журналистің өзі туралы ешкім жазбайды. Жазса да, аса сирек жазады. Бұл жағынан журналист - жұрттың бәрін баратын жеріне жеткізіп, өзі үйіне жаяу қайтатын шопыр сияқты. Міне, осы олқылықты толтырған тамаша кітап - эсселер жинағы дүниеге келді.
 Кімдер туралы дейсіз ғой? «Диктатор декан» Темірбек Қожакеев, «қазақ спорт журналистикасының атасы» Сейдахмет Бердіқұлов, «ресми элитаның ішіндегі галстук тақпайтын жалғыз қазақ» Ержұман Смайыл, қазақ журналистикасының сардары Жарылқап Бейсенбайұлы, «жұртты естен тандыратын жаңалықшыл» Жанболат Аупбаев, «теңізбен тамырласып кеткен» Қуаныш Жиенбай, аты аңызға айналған фототілші Дендербай Егізов, «сиқырлы саяхатшы» Сапарбай Парманқұлов, «қойшыдан қоғам қайраткеріне көтерілген» Қайнар Олжай, «ақындықтың арланы, тележурналистиканың тарланы» немесе «жын қуған сары шайыр» Шаһизада Әбдікәрімов, журналистиканың жампозы Әмір Оралбай, «гипоталамус» Мақсат Тәж-Мұрат, «Айқын» газетінің бас «дәрігері» Нұртөре Жүсіп, «қиырдағы қазақтардың қамқоршысы» Талғат Батырхан, «бес олимпиаданың куәгері» Қыдырбек Рысбекұлы, «атылған» қыз Миуа Байназар, «Алматы ақшамының» ақ найзасы Нұржамал Байсақал, «ақпараттың ақ мылтығы» Мұратбек Тоқтағазин, телерадио майталманы Қайрат Мұсақұлов, «әлемді шарлаған» Әлімжан Сабыржанұлы... Кілең бұқаралық ақпарат құралдарындағы қызметімен елге кең танылған кәсіпқой журналистер. Газет-журнал саласының дүр мықтылары. Кәсіби мектеп қалыптастырғандар. Дара қолтаңбасымен танылғандар. Журналистикаға жаңалық әкелгендер. Қарымды қаламгерлер. Бұл кітап несімен қымбат? Осы кітапқа алғы сөз жазған қазақ журналистикасының қарт сарбазы, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың сөзімен айтсақ, «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы аға буын мен орта буынның даралық сипаты мен ортақ белгілері жан-жақты қырынан ашып көрсетілген. Оқырман кітаптан журналист тәжірибесі мен ақпарат ахуалының, қаламгер психологиясы мен әдеби ортаның соңғы отыз-қырық жыл бедеріндегі даму үрдістері жөнінде мол мәлімет ала алады». Бұған біздің қосарымыз, бұл кітап эссе жазудың үлгісін көрсеткен. Нағыз эссе - кейіпкеріңді көтеріп, өзің көрінбеу болса, бұл еңбек сол үдеден шығуымен қымбат. Кітап авторы - белгілі журналист, әдебиеттанушы ғалым, БАҚ саласындағы Президент грантының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы. Автордың өзі де кейіпкерлерінің сойынан болғандықтан, осы отырғанда біздің де кітап авторын кейіптемекке қолымыз қыш-ы-ы-п отыр. Өзі майын тамызып жазған майталман сарашылар сияқты, Баукеңнің басқару мектебін осы «Айқында» біз де көргенбіз. Басқасын айтпағанда, нөмір сайын жаңа айдар мен тыңнан «ақырып тұрған» тақырып тудырғанына куә болғанбыз. Осыны жазып отырған пақырыңызға да талай-талай жаңа айдардың тұсауын кестірген-ді. Журналистикада «Алдымен аты-жөнің үшін жұмыс істе, кейін аты-жөнің саған жұмыс істейтін болады» деген қағида бар. Солайы солай ғой, бірақ бір кезде аты дүрілдеп шыққандардың көбісі кейіннен жазуды мүлдем қояды. Оның әртүрлі себеп-салдары болуы мүмкін. Бауыржан Омарұлының олардан айырмашылығы, Әзілхан Нұршайықов жазғандай, «Биік лауазымды қызмет істесе де, қаламын қолынан тастаған емес». Соның арқасы емес пе, қаламы қайраулы, қашан да зар күйінде жұтынып тұрады. Көлдей ғып жазса да, тамшыдай теріс сөз таппайсың. Көркем прозаға бергісіз мынадай өзгеше жазу стилінен салақұлаш сөйлемінің сөлі жоқ кейбір жазушылар үлгі алса ғой шіркін, дейсің. Біз бұл жерде ақпараттық тақ-тұқ еткен жұтаң тілді айтып отырған жоқпыз, қысқа да нұсқа, анық та қанық, ондыққа тура тиетін дәл жазуды айтып отырмыз. «Ол көркем прозамен айналысқанда, сүбелі дүниелер тудыратындай мүмкіндігі бар екен» деп Әз-ағаң, Әзілхан Нұршайықовтың сүйсінуі бекер емес. Баукеңнің анау-мынау сықақшыңды он орап кететін әзілкештігі мен қиыннан қиыстыра қоятын айтқыштығын оны жақыннан танитындар жақсы біледі. Сол суырып салар айтқыштығының айшықтары: әдемі әзілдері, тосын тіркестері, тың теңеулері осы кітапта да өріп жүр. Еріксіз мырс еткізеді, жымитады, бас шайқатады. Тілінің тотыяйынын жеңіл сеуіп жібергенде, немесе кейіпкерін мақтап отырып, мақтамен бауыздай салатын жеріне келгенде, жеңілтек мінезді оқырман күлкісіне шашалып та қалуы мүмкін. «5-ші жатақхана», «КазГУ-дің қалашығы», «Аудитория» сынды эсселері де талай талантты түлетіп ұшырған қасиетті құтмекеннің сексенінші жылдардағы өмірінен қызғылықты сыр шертеді. Кітаптың аты неге «11-ші қаламұш» деп аталған? Себебі бұл кітап, автордың өзі айтқандай, «жазу үлгілерін ақ параққа қара сиямен өрнектеп үйренген буын» турасында. Бастауыш сыныпта жүргенде өзіміз де үш жыл дәуіт пен сияны пайдаландық. Сол ескі ұрпақтың өкілі болсақ та, қара сияға матырып жазатын қаламның «11- қаламұш» деп аталатынын өз басымыз білмейді екенбіз, бәлкім, естен шығып кеткен де болар. Ал мына кітаптың кейіпкерлері арасында әлі күнге дейін сол баяғы көненің көзі саналатын 11-ші қаламұшпен жазатындар жеткілікті сияқты. Қысқасы, кітапхана жағалап, кітап кеміріп өскен ұрпақтың өкілдері болып саналатын ақпарат майталмандарының жұрт біле бермейтін қалтарыс тұстары, тұрмыс тіршілігі, таным-тағылымы арқылы соңғы отыз жылдағы тұтастай қазақ журналистика мектебін көз алдыңа әкеледі. Ал ол мектептен кейінгі буынның үйренетін, тәлім алатын тұстары жетіп артылады. Кітаптың тілі, жазылу мәнері болсын, үйренетін үлгі көп дедік. Қалам ұстағандарға керек деректер мен мәліметтер тұнып тұр. Кейбірі тіпті қызықты. Кәсібімізге сай кішкене ғана мысал. Жамбылдық ақын Нарша Қашағанов ҚазМУ-де табаны күректей он тоғыз жыл оқыпты! Ал әйгілі Шаһизада Әбдікәрімов журфакты жиырма екі жылда оқып бітіріпті! Осындай мысалдарды қаузағысы келетіндерге, міне, «Журфакта ұза-а-а-ақ оқығандар» деген тақырып өзінен-өзі сұранып тұр. Әз-ағаң айтқандай, «журналистердің еңбегін елеп, ерлігін паш еткен» бұл жинақ талай қазақтың қарадомалақ баласын журналист болуға ұмтылдыратыны анық. Осы кітапқа енген эсселердің дені «Ана тілі» газетінде «Ақпараттың ақмылтығы» айдарымен шығып жүргенде, олардың жастың да, жасамыстың да көңілінен шыққанына сырттай да, тікелей де куә болғанбыз. Сөз соңында қалың оқырман атынан автордың бұл жобаны әрі қарай да жалғастырғанын қалайтынымызды айтқымыз келеді. Төреғали ТӘШЕНОВ http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=5977&Itemid=2

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер