BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жұлдыз Ибраева: Тағдыр маған әке махаббатын сахнада сезінуді бұйыртыпты

Мамыр айының 18-19 жұлдызында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры өз репертуарын тағы бір жаңа қойылыммен толықтырмақ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков Мұхтар Әуезов әлеміне бірінші рет қадам жасап жатқан жоқ, бұл оның ұлы жазушы туындысына төртінші рет сахналық ғұмыр сыйлауы. Осы орайда «Қорғансыздың күні» драмасында басты рөлді кескіндеуші актриса Жұлдыз Ибраевамен сұхбат құрған едік.

- Сәлеметсіз бе, Жұлдыз? Қателеспесем бұл сіздің «Қаллеки» театрындағы алғашқы қомақты рөліңіз! «Қорғансыздың күні» спектакліндегі басты рөл – Ғазиза бейнесін сізге сеніп тапсырды. Дайындығыңыз қалай?

- Сәлеметсіз бе! Дайындық жақсы. Ғазизаны кейіптейсің дегенде, екіұдай күй кештім. Менің қиялымдағы Ғазиза басқаша еді. Ол «Қорғансыздың күні» әңгімесін оқу арқылы көз алдыма елестетіп, қиялымда бейнелеген Ғазиза еді. Ал сахнадағы Ғазиза бөлек бейне. Бірақ қазір жасап жатқан Ғазизам да ұнайды. Неге? Өйткені Ғазиза 13-14 жастағы қыз ғой. Қиялшыл, арманшыл, жаны пәк, ойында ештеңе жоқ. Ондай адамдар қазір аз. Бұл рөл менің жаныма жақын. Себебі, екі жыл бұрын әкемнен айырылдым. Мен өмірде әке махаббатын, тәрбиесін толық сезіндім деп айта алмаймын. Тағдырдың жазуымен, ата-анамның қалауымен 10-11 жасымда екеуі екі бөлек өмір сүреміз деп шешті. Мені көбінесе анам тәрбиеледі. Қазір мен неге көзі тірісінде ол кісіге өзім барып, сөйлесіп, неге менің жанымда тұрмайсың деп сұрамадым деген ойлар мазалайды. Амал нешік?! Ол кісі өмірден өткеннен кейін бұл сұрақтардың пайдасы жоқ. Ғазизаның әкесімен ойнап жүретін сахналары қиынға соғуда. Иә, менің әкем кішкентай кезімде қатты жақсы көрген де шығар. Бірақ, өмірдің өзі қызық қой. Тағдырым маған сол махаббатты сахнадан сезінуге мүмкіндік беріп тұр. Мен бұл спектакльдегі бейнемді әкемнің рухына арнаймын... Әкеме деген сағынышымды осы спектакль арқылы басқым келеді. Ол кісі тірі болса, келіп көрсе деп қиялдаймын. Өзім жасап жатқан алғашқы үлкен рөлім болғандықтан маған ерекше ыстық.

- Қай өңірдің тумасы боласыз?

- Мен Астанада дүниеге келгенмін. Бірінші мамандығым – қаржыгер. Кішкентайымнан өнерге әуес болдым. 2011 жылы Баян Есентаеваның «Қазақ аруы» деген конкурсына қатыстым. Бұған дейін колледжде оқып жүргенде Президенттің Мәдениет орталығында С. Асылханның бастамасымен ашылған Ұлттық дәстүрлер театрында биші болып қызмет атқардым. Жанқалдыбек Төленбаев, Нұрсұлтан Есен сынды актерлеріміз сол жақта жұмыс істеді. Мен сол кісілерге қызыға қарайтынмын. Актерлік өнерге махаббатым сол жылдардан бастау алды. Кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде төрт жыл Халық артисі, профессор Гүлжаһан Әспетованың шеберханасынан білім алу бақыты бұйырды..

- Халық артисі Гүлжан Әспетованың шеберханасында шыңдалу оңай болмаған шығар.

- Негізі, мойындау керек, өте қиын болды. Группаластарымның ішінде өнер колледжін бітіріп келгендер бар еді. «Этюд» деген не екенін білмедім. Ұстазымыздың сабақ беру методикасы өте бөлек. Апайымыз студентке барын береді. Егер нағыз артист болсаң берілген рөлді шегелеп тұрып, сенен кейін ешкім оны қайталай алмайтындай қылып ойнау керек дейтін. Аз уақыт болса да, көп дүниені жанын салып үйретеді. Және де актерлік сабақтан басқа, өмір хақында тәлім беріп, рухани байытты. Адам ретінде тәрбиеледі. Кейде анама айта алмайтын жағдайлар болады, бірақ неліктен екенін білмеймін, өз апайыммен сырласа аламын. Екінші анам, құрбым сияқты. Бізге отбасың мен жұмысыңды қатар ұста дейтін. Жалпы, Гүлжан Жарылқасынқызынан тәлім алғаныма бақыттымын. Ол кез келген адамның басына бұйырмас бақ деп білемін.

- Бүгінде Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасысыз. Театрға қалай қабылдандыңыз?

- Қазақ Ұлттық өнер университетін тәмәмдап, дипломдық қойылымымызды ұсынғаннан кейін, кастингге қатысып, көркемдік кеңестің көңілінен шығып театрға қабылдандық.

- Театрға қабылданғаныңызға екі жылға жақындап қалды. Театр сізге не берді? Студент Жұлдыз бен театр актрисасы Жұлдыздың айырмашылығы қандай?

- Театр маған көп нәрсе берді. Алғаш келгенде, қорқыныш болды. Үлкен аға-апаларымыз жұмыс жасайды. Көңілдерінен шығамын ба, шықпаймын ба деген уайым болды. Бірақ театрға келе салысымен бірнеше спектакльдің екінші құрамына бекітілдім. Олар: Е. Жуасбектің «Үйлену» спектаклінде – Зерек, Э.Хушвақтовтың «Қызыл алма» спектаклінде – Рушана. Кейін бағыма орай, якут режиссері С. Потапов «Шие» спектакліндегі Алма рөліне бекітілдім. Ал айырмашылығы, студент Жұлдыз оқуды абыроймен аяқтап, театрда қызмет ету арманына қол жеткізу үшін ізденетін. Ал театр актрисасы Жұлдыз «Қорғансыздың күні» қойылымындағы Ғазизаның сахналық өміріне алаңдап, ізденіп жүр.

- Ұстазыңызбен бірге жұмыс жасайсыз. Ақылын, сыни ескертпелерін айтып тұратын шығар?

- Ол кісінің әрбір айтқан сөзін, ісін, сахнадағы актерлік ізденістерін ұрлап алуға тырысамын. Бірақ ол кісідей болу үшін көп еңбектену қажет.

- Актриса бақыты дегенді қалай түсінесіз? Қандай рөлдерді армандайсыз?

- Актриса бақыты... Маған көп рөлдер ұнайды. Сапасыз көп рөлім болғанша, санаулы ғана сапалы рөлім болса деймін. Толыққанды ашылмаған көп рөлің болса, өз өзіңді жоғалтып алатын сияқтысың. Бір рөлге мұқият, беріліп ойнасам деймін. Мен Джульеттаны армандадым. Негізі, Ғазизаның кейбір белгілері Джульеттаға келеді. Сосын Қарагөзді қатты жақсы көремін.

- Жұлдыз Ибраевның Ғазизасын көрермен қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

- Бұл ойларды болашақтың еншісіне қалдырсақ. Бірақ, бойымда қорқыныш пен үрей барын жасырмаймын.

- Сынның ілмегіне ілінемін-ау деп қорықпайсыз ба?

- Қорқамын. Сынға ілінуім мүмкін екенін де білемін. Өйткені, менің тәжірибем көп емес. Бірақ Әшірбек Сығайдың бір сөзі бар: «Сын тезінен өтпеген, сынның елегінен өтпеген адам ешқашан шығармашылық иесі бола алмайды» -деген. Қандай сын айтылса да бәрін қабылдауға қашанда даярмын.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет. Сізге актриса бақытын тілеймін.

Сұхбаттасқан,

Қымбат ЕЛУБАЕВА

ҚазҰӨУ, «театртану» бөлімінің ІІІ курс студенті


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер