BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«ЖЫЛАМАҒАН БАЛАҒА СҮТ ЖОҚ» немесе мақалдарды неге өзгертеміз

Теледидардағы әріптестердің таңғалдыратыны бар кейде. Телеарналардың ішіндегі тәуірі ғой деп іштарта көретін «7»-арнадағы «Нысана» бағдарламасын өткен сенбіде әдепкі әдетпен қарап отырмыз. Дауысына екпін бере сөйлеп жатқан журналистің өз әріптестерінің жыларман жағдайын тақырып етіп, олардың мәртебесін анықтап, үймен қамтамасыз ету мәселесін қозғағаны қолайымызға жағып келе жатып, кенет автор: «Жыламаған балаға сүт жоқ демекші», – дегенде құлағымызды біреу қамшымен осып жібергендей, басымызды кегжең еткіздік.


«Жыламаған балаға емшек жоқ», –  дегенді ерсі көріп ұялған түрі мынау, әйтпесе қас пен көздің арасында ертеден елге таныс мәтелді сыпайылап «сүтке» алмастырмас еді бұлай. Ендігі жерде «жыламаған балаға каша жоқ», «кәмпит жоқ» десе де таңғалмаймыз мынадан кейін. Тап осы мәтелді тағы біреулер осы «сүт» күйінше көлкітіп енді бір-екі жыл қолданатын болса, өрескел қатені өлсең де ұстай да, түзете де алмайсың. Өйткені осыдан екі жыл бұрын ғана әлдебір журналист «түгеншеұлының сөзінше» деп сайрап жатыр еді, бүгінде бүкіл телеарналардың журналистері «айтуыншаны» айдалаға қалдырып, «сөзіншемен» сықпыртып жатады. «КТК»-ңыз да солай, «31-арна» да сол. «Айтуыншаны» қазақша сөз саптауға жатқыза алмай, ішіміз жылымаса да, «айналып өте алмайтын болған соң, амалсыз қолданған ғой» дейтін едік, енді айналайын «айтуыншамен» де жылап көрісетін жағдайға жеттік. «Сияқты» деген сөздің де бір кездері «секілді», «тәрізді» деген сүйкімді синонимдері бар болатын,  бүгінде «сықылды» деген ең сұмырай төркіні келгелі «сияқты» байғұс  та сорлап қалды. Қарадүрсін «сықылдыны» қазір газет тілшілерінің де қолдана бастағаны байқалады. «Мал дейін десең – тұяғы жоқ, адам дейін десең – сияғы жоқ», – дегендей, «сияғы» жоқ сөздер де осылай жауапсыз қолданудан шыға береді. 
Қазақтың балталасаң да бұлжымайтын тіркестерден тұратын мақал-мәтелдерін де бет моншағы төгілгендердің әрқайсысы қалауынша өзгертіп ала берсе, несі қалды? Ажалы басқадан емес, журналистерден келді дегеннің өзі жерге кіргізбей ме? Қолақпандай етіп қойып қалғандай естілсе, айтуға ұят болса қолданбай-ақ қойған дұрыс. Айтпақшы, сюжет соңынан білдік, ұялшақ қыздың аты-жөні – Индира Жылқайдарова екен. Бірақ дәл осы жерде әріптесіміз «емшек» десе де ештеңесі жоқ еді, өйткені мұндағы мағына «өз жағдайыңды өзің айтып соңына түсіп тықақтап сұрамасаң, саған тас та жоқ» дегенді әйелдің эрогенді «зонасын» меңзеп емес, ұлттық танымға сай баланың тамағымен байланыстыра айтып тұрған жоқ па? Баласын емізген әйелге ешкім «ұятсыз» деп қарамайды, тіршіліктің нәрін тамсана жұтқан сәбиге исініп қарамаушы ма еді, қайта?
А.ЖАРЫЛҒАП

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер