BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Жігіттер» тобының құрылғанына - 10 жыл

Астана. 6 желтоқсан. BAQ.kz 16 желтоқсан күні Тәуелсіздік мерекесіне орай, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан» концерт залында «Жігіттер» квартетінің концерті өтеді.  

Топ продюсері Ерғали Әбдірайымовтың айтуынша, аталмыш төрттік Елордада 2006 жылдан бері есеп бермеген көрінеді. Тек түрлі шараларда өнер көрсетумен шектеліп келген. Оның үстіне, алдағы қаңтар айында «Жігіттердің» үлкен сахнаға қадам басқанына 10 жыл толғалы отыр екен. Өнер иелері көзді ашып-жұмғанша жақындап қалған осы мерейтойларына әзірлік жасап жүргенде, жоспардан тыс ұсыныс түсіпті. Сөйтіп, біраз уақыттан бері тыққыштап, тыңдармандары үшін сары майдай сақтаған тосын сыйларын ертерек шығаруға тура келген.
- Бағдарламаның тең жартысын жаңа туындылар құрайды. «Достар» ансамблінің сүйемелдеуімен фонограммасыз ән салып, үлкен тойды осы кешпен бастасақ деген ой бар. Астанада концерт бермегенімізге алты жылдың жүзі болыпты. Көрермендеріміз бізден бір өзгеріс, ерекше жаңалық күтетіні сөзсіз. Келген адам өкінбейтіндей, көпшіліктің көңілінен шығуға тырысамыз, - дейді топ жетекшісі, продюсер Ерғали Әбдірайымов.

Естеріңізге сала кетсек, «Жігіттер» тобы 2003 жылы қаңтар айында Шымкент қаласында Ерғали Әбдіраймовтың бастамасымен құрылған болатын.
Көп ұзамай, республикалық «Арай - 2003» байқауының 2-орнын жеңіп алып, сол
жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты халықаралық фестивальдің бас жүлде иегері атанды. Ал 2004 жылы өнер ордасы - Алматы қаласына қоныс аударды. «Ерке қыз» әніне түсірілген алғашқы бейнебаян еліміздің ұлттық арналарынан тоқтаусыз көрсетілді және бұл туынды бірнеше жыл бойына барлық ән-шерулердің алдыңғы қатарын бермеді. 2005 жылы топтың «Ерке қыз» атты дебютті үнтаспасы жарық көрді. Нақ осы атпен 2006 жылы Республика сарайында «Жігіттер» тобы тұңғыш рет халық алдында жеке есеп беру концертін өткізді. Ердос Қанаев, Айдар Байжанов, Бағлан Әбдірайымов, Еркін Нұржановтар аз уақыт ішінде жоғары танымалдылыққа қол жеткізіп, әнсүйер қауымның сүйіктісіне айналды. 2007 жылы «Бақытты бол» атты екінші әнжинақ тұсауын кесті. Осыдан кейін топ құрамында аздаған өзгерістер орын алып, жеке шығармашылықпен айналысуға бел буған Еркін Нұржановты Мырзахан Маханов алмастырды.
- 2005 жылдан бері республикалық және қалалық тұрғыдағы барлық мәдени іс-шараларға қатысып, Елбасымыздың алдында да өнер көрсету мүмкіндігі туды. Сонымен қатар 2010 жылы Қытай Халық республикасының бірнеше қаласында, 2011 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында, Моңғолия елінің Баян-Өлгей аймағында өнер көрсетіп, сол жақтағы қандастарымызбен жүздесіп қайттық. Биыл Президентпен бірге Түркия еліне барып, Қазақстанның мәдени күндерін өткіздік. Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерейтойына орай, облыс әкімінің «Еңбек сіңірген» медалімен марапатталдық. Он жыл ішінде жеткен азды-көпті жетістіктеріміз осындай. Топ мүшелері әрдайым ауызбіршілікте жұмыс жасайды, ұжыммен тез тіл табыса біледі. Әнші-серілердің басты мақсаты - қазақ өнерін дамытуға өзіндік үлес қосу, - дейді топ продюсері.
Бүгінгі таңда квартет репертуарында 10 бейнебаян, 70-ке жуық ән бар.
Бұдан бөлек, 2008 жылдан бастап, «Жігіттер» продюсерлік орталығы жұмыс істейді. Мұнда «Жігіттер», «Жалын» топтары және Асқар Жүнісбеков пен Болатбек Досыбаев сынды өнерлі жастар бар.
Онжылдық мерейтой қарсаңында, «Жігіттер» продюсерлік орталығының жандануына жетекшісі Ерғали Әбдірайымовтың сіңірген еңбегі зор екенін айта кетуіміз керек.
Білікті басшы топтың шығармашылық жұмыстарынан бөлек, жеке өмірлері мен әлеуметтік жағдайларына да әрдайым көңіл бөліп, дұрыс қалыптасуына септігін тигізді. Бойдақтарды бірінен соң, бірін үйлендіріп, өз алдына отау етіп, бөлек шығарды. Балалары туылғанда да басы-қасында болып, ағалық ақ жүрекпен қуаныштарын бөлісті. Орталықтың ішкі-сыртқы жұмыстарын мұқият қадағалап, айналасындағылармен тепе-теңдік ұстай білді. Мәртебесі артқан сайын бекзат болмысынан, майда мінезінен айныған емес. Ол кісінің айрықша тоқтала кетер тағы бір қасиеті, қолына қалам ұстаған ағайындардың көңілін қалдырмайтындығы. Топ азды-көпті жақсылыққа қол жеткізіп, бір биікті бағындырса, бұл қуанышқа журналистердің де үлкен үлесі бар деп есептейтіндігі. Әлдекімдерге ұқсап, өз қолдары өз аузына жеткен соң, ұмытып кетпей, еңбегімізді бағалайтындығы.
Біз де өз кезегімізде «Жігіттер» тобын онжылдық мерейтойларымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық асулар тілейміз!  


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер